«Сенің таңдауың-сенің болашағың» ашық есік күні
2023 жылғы 22 ақпан күні жаратылыстану және география институтының қабырғасында 10-11 сынып түлектері үшін «Сенің таңдауың-сенің болашағың» атты дәстүрлі ашық есік күні өтті. Іс-шараға Алматы қаласының №2, №12, №19, №49, №98, №172 мектеп-лицейлері мен гимназияларының 100-ден астам жоғары сынып оқушылары мен түлектері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты - мұғалім мамандығының беделін, жаратылыстану пәндері: химия, биология, экология, география пәндері мұғалімдерінің жоғары кәсіби кадрларына айтарлықтай сұранысты көрсету және Қазақстан Республикасының бас педагогикалық ЖОО-да оқуға талантты жастарды тартуға ықпал ету.
Ұйымдастырушылар: институт директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Серік Бәкіров, кәсіптік бағдар беру жұмысына жауаптылар Ерлан Бірталаев, Жанар Жақсыбаева және «Qoldau» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының белсенді мүшелері.
Институт директоры Күләш Қаймулдинова оқу-білім жетістіктері, институттың профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-педагогикалық қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып берді. Ерлан Бірталаев, Жанар Жақсыбаева институттың барлық мамандықтары бойынша толық мағлұмат берді. Серік Бәкіров студенттік директораттың жұмысы туралы ақпарат берсе, «Qoldau» студенттік өзін-өзі басқару ұйымының төрайымы Альбина Сұлтанбекова жоғары сынып оқушыларын студенттік жастардың белсенді өмірімен таныстырды.
Институттың оқу процесімен, білім алушылардың тыныс-тіршілігімен жақын таныстыру үшін түлектерді кафедраларға экскурсия жасатып, оқу лабораторияларын аралатты. Химия кафедрасының «Sparkle Science of Chemistry» үйірмесінің 2-3 курс студенттері оқушыларға түрлі-түсті фейерверк-от шашу, «Көбікті фонтан», «Химиялық вулкан», «Күміс айна» реакциясы, жалынның түсі сан түрлі болып құбылатын «Жалын сынағы» деп аталатын сапалық реакциялардан тұратын қызықты химиялық тәжірибелерді көрсетті. Биология кафедрасының 2 курс студенттері тәтті шырындар құрамындағы «С» дәруменін анықтау, банан жасушасынан ДНҚ бөліп алу деген эксперименттік тәжірибелерін көрсетті. Қызықты эксперименттік тәжірибелер оқушылардың қызығушылығын арттырды.
Іс-шара жарқын концерттік бағдарламамен аяқталды: киелі домбырамен, қыл қобызбен күйлер жырланса, мың бұрала би билеп, әсем әнмен шашу шашылды. Мектеп директорларына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Іс-шараның соңында Абай мұражайына экскурсия жасалып, естелік үшін фото түсірілімдер болды. Абай мұражайының экспонаттарымен танысу түлектердің ашық есік күнінен алған әсерлерін толықтырды. Түлектер ұйымдастырушыларға қызықты өткізілген іс-шара үшін шын жүректен алғыстарын білдірді.