қазақша · русский · english
 
 
 
17.02.2020

«Психология» мамандығының Ашық есік күні

 

2020 жылдың 13 ақпанында Алматы қаласы мектептерінің 10,11 сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында «Психология» мамандығы бойынша Педагогика және психология институты жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Мерекелік іс-шараны құттықтау сөзімен психология ғылымдарының докторы, жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессоры Ольга Тапалова ашты. Өз сөзінде ол институт мамандықтары мен оқыту бағыттары туралы ақпарат беріп, және соның ішінде «Психология» мамандығына ерекше тоқталды, оның білім беру, заң, әскери, денсаулық сақтау, ұжымды басқару, еңбек және жұмыспен қамту салаларындағы өзектілігін, сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіндегі «Психология» мамандығы бойынша оқытудың ерекшеліктерін атап өтті.

 

Жоғары сынып оқушыларына мамандықтың мультимедиялық презентациясы көрсетілді, сонымен қатар болашақ студенттерге оқу бөлмелерімен және зертхана таныстырылып, оқу жағдайларын визуалды түрде бағалауға, мүмкіндік берілді.

 

Сонымен қатар, түлектерді мамандыққа тарту мақсатында кафедрамыздың аға оқытушысы Зауре Каракулова және 1 курс магистранттары мен 1 курс студенттері келген қонақтармен түрлі тренингтер жүргізді. Сондай-ақ, «Психология» мамандығының 3 курс студенті Аружан Давлетова академиялық ұтқырлық бойынша Германияның Хайдельберг қаласында өткен тәжірибесімен бөлісіп, университетіміздің алыс-жақын шетел университеттерімен байланысы туралы презентация көрсетті. Сонымен қатар, Абай атындағы ҚазҰПУ, «Психология» мамандығының түлегі, 20/27 Әскери бөлімшесінің оқу-жаттығу орталығының әскери психологы Мади Баланбаев оқушылармен өз мамандығының қызықты сәттері туралы әңгіме жүргізіп, қызықтыратын сұрақтарына жауап берді.

 

Кафедраның кәсіптік бағдар беру жұмысына жауапты, аға оқытушы Диана Ордагулова талапкерлерге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне қабылдау ережелері мен түсуге қажетті құжаттар пакеті және оларды тапсыру мерзімі туралы, «Психология» мамандығы бойынша конкурстық іріктеуге қатысу үшін талап етілетін түсу емтихандары, шектік балл, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат беріп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

 

Бағдарламаның бейресми бөлімі Педагогика және психология институтының «Психология» мамандығының студенттерінен құралған команданың өнерімен толықтырылды.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   




Кері оралу