қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
01.03.2019

Мәлік Ғабдуллинді еске алу кеші

 

  

 

27 ақпанда Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Қазақтың қасиет қонған ардақтысы» тақырыбында Кеңес Одағының Батыры, белгілі әдебиетші-ғалым Мәлік Ғабдуллинге арналған еске алу кеші болып өтті.

 

Мәлік Ғабдуллин 1941 жылы КСРО астанасы Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорғау кезінде ерен ерлік көрсеткен генерал И.В.Панфиловтың 316 - атқыштар двизиясының батыр жауынгері, ротаның саяси қызметкері болған. Кейін ол баталоннан бастап дивизияға дейін әртүрлі саяси қызметтер атқарған қазақ халқының мақтан тұтар перзенті.

 

Кеш тізгінін қолына алған ҚР ҰҒА академигі, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижан М.Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылық қызметі туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің және халықаралық қазақ ПЕН клубының қолдауымен батыр-ғалымның 11 томдық шығармалар жинағы жарық көргенін атап өтті. Бұл жинаққа М.Ғабдуллиннің зерттеу еңбектері, майдан әңімелері мен очеріктері және басқа да жазбалары топтастырылған. Аталған жиында алдымен осы 11 томдық жинақ пен «Мәлік Ғабдуллин - қазақтың Оқжетпесі» фото-альбомының тұсаукесер рәсімі болды. Кітаптардың лентасын ҚР ҰҒА академигі Серік Қирабаев, жазушы Сарбас Ақтаев және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология және көптілді білім беру институтының директоры, профессор Балтабай Әбдіғазиұлы қиды.

 

Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейінің директоры Құдайберлі Мырзабеков алматылықтарға Көкше жұртының сәлемін жеткізіп, 11 томдық шығармалар жинағын дайындау және шығару жолындағы жанкешті еңбек туралы және бұл іске белгілі ғалымдар мен музей қызметкерлері қалай үлес қосқанын айтып берді.

 

Көрнекті әдебиет сыншысы академик С.Қирабаев: «Мен Мәлікті 1947 жылы ҚазПИ-де «Қобыланды батыр» эпосы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған кезінен бері білемін. Содан 1973 жылға дейін ол кісімен бірге қызмет істедім. Мәлік 1953-1963 жылдар аралығында институт ректоры болды»,-деді. С.Қирабаев одан әрі М.Ғабдуллиннің батырлық, азаматтық, ұстаздық қырлары туралы қызғылықты әңгімелер айтты. Жазушы Сарбас Ақтаев М.Ғабдуллиннің азаматтық және педагогтық қырлары туралы ойларын ортаға салды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, ҚР ҰҒА академигі Бақтияр Сманов ұстазы Мәлік ағайдың дәрісханада да, жатақханада да студенттермен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуі, оның педагогтық асыл қасиеттерінің бірі екенін атап көрсетті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері Бақытжан Әзібаева, баспа директоры Вячеслав Захарович, Көкшетаудағы М.Ғабдуллин музейінің тұңғыш директоры Мария Кенжеахметқызы, М.Ғабдуллинің күйеубаласы Алмасбек Үсенов батыр-ғалым туралы естеліктері мен ойларын ортаға салды.

 

Кешке М.Ғабдуллин 10 жыл үздіксіз ректор болған және осында табанының ізі қалған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдары мен студенттері және Алматы облысы Жамбыл ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектептің ұстаздары мен оқушылары қатысты.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім