
Ғылым |
08.12.2025
2025 жылғы 5 желтоқсанда көрнекті түрколог ғалым Немат Келімбетовтің ғылыми мұрасын зерттеуге арналған «Көне түркі жазба мұралары және тіл тарихы мәселелері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияны университетіміздің Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы мен Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ – Қазақ тіл білімі кафедрасы бірлесіп өткізді. Ғылыми жиынға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Татарстан және басқа түркі елдерінен 70-ке жуық түркітанушылар қатысты. Ғылыми басқосуды ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы жүргізді. Конференцияның пленарлық отырысында түркі әлемінен белгілі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, атап айтқанда, Әділ Ахметов, Сауытбек Абдрахманов, Шәкір Ибраев, Дихан Қамзабекұлы, Юлай Шамильоғлу, Сүер Екер, Бекжан Әбдуәлиұлы, Хавасхон Шокирова, Ибраһим Шахин, Жиһангир Қызылөзен, т.б. баяндама оқып, «Немат Келімбетов мұраларының ғылыми құндылығы», «Ежелгі әдебиет тарихын дәуірлеу», «Ортағасырдағы түркі әдеби тілінің дамуы», «Түркі әлеміндегі ортақ тіл мен әліпби және термин мәселесі», «Қорқыт ата кітабындағы қазақ тілінің іздері», «Қазақ есімдерінің түркілік негізі» секілді тақырыптар қамтылды. Сондай-ақ, ЕҰУ Ректоры Сыдықов Ерлан Бәтташұлының құттықтауын, оқу орнының Филология факультеті деканы Дүйсенғазы Серікзат Мақсұтұлы жеткізді. Түркі Академиясының Президенті Шаһин Меджидұлы Мұстафаев атынан ғалым Ақеділ Тойшан сөз сөйледі. Конференция аясында Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығында жазылып, баспаға ұсынылған «Түркі қаржы-сауда лексикасы (тарихи-салыстырмалы зерттеу)» атты жаңа ғылыми еңбектің таныстырылымы өтті. Кітап авторлары: Ш. Құрманбайұлы, Қ.Н. Келімбетов және М.Е. Әділов. Ғылыми еңбекте қазіргі түркі тілдері мен көне ескерткіштеріндегі қаржы-экономика лексикасының тарихы, түпкі мағынасы мен шығу төркіні талданған. Кітапта түркі тілдеріне тән ортақ төл лексика тарихи-салыстырмалы әдіспен талданып, этимологиялық зерттеу түрінде ұсынылған. Конференцияның түстен кейінгі ғылыми отырыстары «Қазіргі түркологияның өзекті мәселелері және Немат Келімбетовтің ғылыми мұрасы», «Көне және орта ғасыр түркі жазба мұраларының рухани құндылықтары», «Қазіргі тіл білімінің даму үрдісі: теория және практика», «Тіл және әдебиетті оқыту әдістемесі», «Түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениеті» секциялары бойынша жалғасты. Сайып келгенде, конференция түркі тілдерінің тарихи дамуын, көне жазба дәстүрдің тілдік қабаттарын және қазіргі лингвистиканың жаңа бағыттарын бір арнаға тоғыстырған маңызды ғылыми алаң болды. Түркологияның әр саласын қамтыған баяндамалар ортақ ғылыми мәселелерді кешенді қарастырудың маңызын көрсетіп, зерттеулердің жаңа әдіснамалық мүмкіндіктерін айқындады. Еске сала кетсек, конференцияның дәл осы күндерге орай ұйымдастырылуы да ерекше мәнге ие. Биыл желтоқсан айында Немат Келімбетовтің дүниеден озғанына 15 жыл өтті. Ғылыми жиынның дәл осы уақытта өтуі оның рухына көрсетілген құрмет әрі ғылыми мұрасының бағалануының белгісі ретінде қабылданады. Түркітанушы ғалым Немат Келімбетов саналы ғұмырын Абай атындағы оқу орнына арнап, Қазақ әдебиеті кафедрасында ұзақ жылдар дәріс берді, ежелгі дәуір әдебиеті бойынша алғашқы оқулықтардың бірін дайындап, бірнеше буын шәкірт тәрбиеледі. Ол сақ, ғұн, түрік қағанаты кезеңдерін қазақ тарихымен сабақтастыра қарастыруға жол ашқан жаңашыл ізденістерімен, көне түркі жазба ескерткіштерін түпнұсқадан зерттеуімен ерекшеленді. Кейінірек университет жанындағы Түркітану орталығына оның есімінің берілуі осы еңбектерінің лайықты бағаланғанын көрсетті. Бүгінде орталықта ғалым негізін қалаған бағыттар жалғасып, түркі әлемі үшін маңызды ғылыми зерттеулер жарық көруде.
Кері оралу |
|
050010, Қазақстан Республикасы
|
Кеңсе: 291-48-74, 291-37-23 (факс) 8 (727) 390 60 05
Қабылдау комиссиясы/Call-центр: 8 (727) 390 60 04 8 (700) 390 60 04 8 (727) 291 57 68
Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау
|
«Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы Кірушілер статистикасы
|