қазақша · русский · english
 
 
 
10.11.2015


26 қазан, сағат 11:00-де Жалпы тіл білімі кафедрасының меңге¬рушісі, филология ғылымының докторы, профессор Қалбике Есенова докторанттар мен магистранттарға арнап «Қазақ лингвистикасындағы жаңа бағыттар» пәні бойынша «Теолингвистика» атты тақырыпта ашық дәрісті жаңаша тәсілмен өткізді.

Қазіргі қазақ қоғамында қолданылып жүрген діни тілдік бірліктердің прагматикалық ерекшеліктерін диахронды және синхронды теолингвистика шеңберінде ұлттық сарасана тұрғысынан қарастыру мәселесі тақырып өзектілігін құрайды.
Дәрісте төмендегі мәселелер қамтылды:
1. Теолингвистиканың тоғыстырушылық және көп парадигмалық белгілері
2. Теолингвистиканың мақсаты мен міндеттері
3. Дін тілі, діни қолданыстар, теонимдердің дефинициялары, діни ұғымдар мен түсініктердің атаулары.
Сабақта діни дискурсты дұрыс интерпретациялау тәсілдерін меңгерту, қоғамдағы түйткілді мәселелерді анықтай білуге, оған ұлт мүддесі тұрғысынан баға беруге үйрету, діни мазмұнды мәтінге лингвопрагматикалық және лингвоконцептуалдық талдау жасауға баулу, шәкірттердің тілдік, коммуникативтік, прагма-кәсіби біліктілігін қалыптастыру арқылы лингвистикалық білім, ғылыми-зерттеу іскерлігін дамыту, тілдік талдау жасау және теориялық қорытындылар жасай білуге меңгерту мақсаты көзделді. Сондай-ақ, дәрісте төмендегі теориялық және практикалық мақсат басшылыққа алынды:
- теолингвистиканың тіл білімінің өзге салаларымен байланысын, ортақ және жеке проблемаларын меңгерту;
- теолингвистика ғылымының негізгі ұғымдары мен зерттеу әдістерін меңгерту;
- қазақ тілінің фразеологиялық және паремиологиялық қорындағы діни лексиканың ролі мен орнын анықтауды меңгерту;
- қазіргі қазақстандық қауымдастықтың тілдік және когнитивтік санасында, атап айтқанда, діни дискурста орын алып жатқан оң және теріс өзгерістерді анықтауға баулу;
- діни мәтіндерді қабылдау үдерісінің қалай жүзеге асатынын түсіну, әлемді танудың категоризациялау үлгісін меңгерту.

- қазақ тілін ұстанушылардың күнделікті сөзжұмсамында бір фразаның орнына мағынасы мүлдем басқа, тіпті қарама-қарсы мәндегі, сөйлем қолдану сияқты өрескел қателерді жібермеуге баулу;
- жаһанданудың теріс ықпалымен бүгінде жастар арасында көрініп жүрген «жаңаша үрдіс» («дәстүрлер мен ғұрыптарды» олардың шығу тегін, себебін, пайда болу уәждерін талдап-тексеріп жатпай, бірден қабылдап алатын) қалыптасуының алдын алу.
Дәріс негізінен проблемалық лекция түрінде өткізілді.
Жаңа тақырыпты ашу барысында проблемалық сұрақ-жауап, зерттеушілік әдіс, сыни тұрғыдан ойлау, түсіндіру, концептуалды талдау, когнитивті модельдеу, жүйелеу, аксиологиялық тұрғыдан баға беру, этимологиялық және сөзжасамдық реконструкция сияқты әдіс-тәсілдер қолданылды. Сабақта лингвистика, әдебиеттану, әлеуметтану, философия, журналистика, теология сияқты салааралық және прагмалингвистика, медиалингвистика, лингвоэкология, когнитивті лингвистика, әлеуметтік лингвистика сияқты пәнаралық байланыстар өз шешімін тапты.
Тәрбиелік мәні: Шәкірт санасында адамзаттық және ұлттық құндылықтар жүйесі туралы түсінік қалыптастыру, оларды болашақ өмірге кәсіби және адами тұрғыдан дайындау.

Ғалым Қ.Есенова сабақ барысында әртүрлі тәсілдерді - слайдтарды, білікті ғалымдар пікірлерін, фильмдерді, өзге де әдістемелік құралдарды тиімді пайдалана білді. Сол себепті де сабаққа қатысушы оқытушы-профессорлар, докторанттар мен магистранттар күн тәртібіндегі тақырып бойынша ойларын ашық айтып, қойылған сауалдарға да ұтымды жауап қайтарды.
Жалпы тіл білімі кафедрасы сабақтың сапасын арттыру мақсатында осындай оңтайлы тәсілдерді алдағы уақытта да жиі пайдалануды көздеп отыр.

 




Кері оралу