Шығыс филологиясы және аударма кафедрасының профессор-оқытушы құрамының «Институт күндері» көрмесіндегі ғылыми жұмыстары
2022 жылдың 14 - 18 ақпаны аралығында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ғылыми кітапханасы «Институт күндерін» ұйымдастырды. Осы іс-шара аясында Филология және көптілді білім беру институтының шығыс филологиясы және аудармасы кафедрасының ғылыми-педагогикалық бағыттағы оқулықтары көрме сөрелерінен орын алып, келушілер, студенттер, магистранттар мен докторанттар арасында қызығушылық тудырды.
Атап айтсақ, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, профессор Қ.И.Мирзоев, кафедра меңгерушісі Қ.Х.Абдрахманованың, кафедраның негізін қалаушы А.Қ.Жұмабекованың, Л.Т.Килеваямен ортақтаса жариялаған «Структура современного языкознания» ғылыми жарияланымдары, орта ғасыр жазба ескерткіштерінің маманы, профессор Р.У.АКрзиевтің «Қудадғу билик» вә униң лексика-стилистикалық алаһидиклери» еңбегі мен «Ұйғур тили» оқулығы, Е.З.Есбосыновтың «Ескі қыпшақ тілінің лексика-грамматикалық ерекшеліктері» монографиялық басылымы, Анкарада түрік тілінде жарық көрген «Қобыланды батыр дастаны» аударма еңбегі мен Алматыда жарияланған «Мехмет Сарай. Ататүрік және түркі әлемі - Ататүріктің түркі әлеміндегі тіл-мәдениет ортақтығы саясаты» көлемді аударма еңбегі кітап көрмесіне келушілердің қызығушылығына ие болды.
Көрме барысында осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан аға оқытушылар Ж.У.Султанбаева және Е.З.Есбосынов кафедраның профессор-оқытушылар құрамының ғылыми-педагогикалық әлеуеті мен әріптестерінің еңбектеріне кеңінен тоқталды. Кафедраның кітапхана қорының білім беру бағдарламаларына сәйкестігі, ғылыми басылымдардың лингвистикалық және мазмұндық сипаты және олардың өзектілігі атап өтілді. Сондай-ақ әрбір мамандық бойынша қазақ, орыс, ағылшын, араб, түрік, ұйғыр, корей тілдеріндегі әдебиеттердің әрбір мамандық, кәсіби бағыт және курсқа қатысты ерекшеліктері мен түзілу әдістері туралы хабарлама жасалып, қазіргі уақытта өзектілігін сақтап отырған цифрлық оқулық пен қашықтан оқыту барысында қолданысқа ие электрондық кітаптардың саны мен сапасы туралы баяндама жасалды.
Көрме Филология және көптілді білім беру институтының университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, еліміздегі білім мен ғылымды дамытуға лайықты үлес қосып келе жатқанын тағы бір паш етті.