қазақша · русский · english
 
 
 
19.04.2016

«Тілім менің - тірлігімнің айғағы» атты білім сайысы өтті


Сәуір айының 9-ы күні Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Филология институты Филологиялық пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Оразахынова Нұрша Алжанбайқызының «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша Астана қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы №4 мектеп-гимназиясында «Тілім менің - тірлігімнің айғағы» атты IV қалалық олимпиада өтті. Білім сайысына елорда бойынша «Мөлдір» балабақшасынан - 2, Қазақ ұлттық өнер университетінен - 1, сондай-ақ, 8 мектептен 57 команда қатысты. Қалалық ауызша командалық олимпиадада барлығы 296 бала білімдерін сынға салса, оларға қазақ тілі, әдебиет, орыс тілі, ағылшын тілі, тарих, математика, география, биология, физика пәндері бойынша 72 мұғалім жетекшілік етті.
Білікті мамандар қазылық жасаған олимпиадада 300-ге жуық оқушы «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша білімдерін сарапқа салды. Балабақшаның даярлық тобындағы бүлдіршіндерден бастап, 7-сынып оқушыларына дейінгі аралықты қамтыған білім бәсекесінде балалар қазақ, орыс, ағылшын тілі пәндерінен бөлек, жаратылыстану пәндері бойынша да берілген тапсырмаларды ауызша орындап шықты.
Додаға тыңғылықты дайындықпен келіп, технологияны әр пән бойынша сауатты қолдана білген жүлдегер командалар сыныптық дәрежелері бойынша 1 және 2-орындарды жеңіп алса, сайысқа қатысқан әр балаға Астана қаласы білім басқармасының атынан мақтау грамотасы табыс етілді. Сондай-ақ, аталған сынға шәкірттерін жан-жақты дайындап, жетекшілік еткен ұстаздар мен бәйгенің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан алқа мүшелері де марапатталды.
Марапаттау рәсімінде Нұрша Алжанбайқызы: «Жыл өткен сайын технологияға қызығушылық білдіріп, үйреніп, білімдерін жетілдіріп жүрген оқушылардың да, мұғалімдердің саны да артып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Заманауи білім берудің тетігіне айналған оқыту тәсілін алдағы уақытта әлі де жетілдіре, толықтыра түсеміз деген сенімдемін», - деп, барлық қатысушыға алғыс білдірді.
Айта кетейік, олимпиада барысында өзгелерден озық шығып, көп ұпай жинаған командалар биыл мамыр айында Алматы қаласында өтетін республикалық сайысқа қатысып, білім ордаларының намысын қорғамақ.




Кері оралу