«ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ ЖӘНЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА» атты дөңгелек үстел өтті
2017 жылдың 8 маусымы күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі басқармасы Сорбонна-Қазақстан институтының «Халықаралық құқық» және «Халықаралық қатынастар» кафедраларымен бірлесе ұйымдастыруымен «Қазақстанның жаңғыруы және Конституциялық реформа» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараны Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тәрбие ісі жөніндегі проректоры, с.ғ.к., профессор Ж.Е. Ішпекбаев ашып, талқыланып жатқан конституциялық реформаның негізгі мәні Қазақстан Президентінің өкілеттіктерінің бір бөлігін Үкіметке және Парламентке беру болып табыландығын және Министрлер кабинетіне экономика саласында қосымша өкілеттіктер беріліп, қорғаныс қабілетінің, сыртқы саясаттың, мемлекеттік басқарудың, Конституцияны қорғаудың және мемлекеттік билік тармақтары арасында тиімді жұмысты қамтамасыз етудің негізгі мәселелері Президенттің құзырында қала беретінін тілге тиек етті. Сонымен қатар, Жанатбек Ешенқожаұлы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесіндегі үдеріс ел дамуының жүйелі және заңды кезеңі болып табылатынын атап өтті.
Тәрбие ісі жөніндегі проректордан кейін сөз алған Халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор А.Ә. Сабитова Конституциялық рефорларға енген өзгеріс елдің саяси жүйесін реттеп, Қазақстан қоғамының демократияланып жатқанын айқындай түсетін құбылыс екендігін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, халықаралық құқық кафедрасының профессор-оқытушылары академик С. Сабикенов пен профессор С. Сабитованың заңнамалық жобаны әзірлеуде сарапшылар құрамына енгенін білім ордамыздың Конституцияның тұрақтануы мен ел дамуына қосқан үлесі деп атап көрсетті.
Дөңгелек үстел барысында с.ғ.д., профессор Ж.Қ. Симтиков Конституциялық реформаның жаңғыруы еліміздің өсіп-өркендеуіне оң ықпал ететініне сенім білдіре отырып, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жыл басында Қазақстан Халқына Үндеуінде ұсынған үш негізгі жаңғыруды тілге тиек етті. Жомарт Құдайбергенұлы өз сөзінде «Еліміздің даму жолында демографиялық және экономикалық жаңғырудан өтіп, рухани жаңғыруға бет бұруы конституциялық реформаның тұғырлануының негізі» - дей келе, білім ордамыз ұлттық педагогикалық университет болғандықтан болашақ ұстаздарды тәрбиелеу жолында рухани жаңғыруды негізге алатынын баса айтты.
Университет жастары атынан сөз сөйлеген Жастар ісі жөніндегі комитет төрағасы Сеитов Рашид өз кезегінде білім алушы жастар өз құқығы мен заңнамалық тұғырын біле отырып, өзін тұлға ретінде қалыптастыру жолында ұлтжанды болуы керектігіне тоқталып өтті. Сонымен қатар, Рашид Қызырбекұлы университетіміздің әрбір жастарын саяси сауатты болуға шақырды.
Дөңгелек үстел жұмысының қорытындысында барлық қатысушылар Конституциялық реформа Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде одан әрі нығаюына зор ықпал ететіндігіне кәміл сенімдерін білдірді.
Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және
жастар саясаты басқармасы