қазақша · русский · english
 
 
 
Өткізілген іс-шаралар
26.06.2023

«ТАНЫМ - TRAVEL 2023» жобасы

 

2023 жылғы 15-21 маусым аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті бірлесіп «ТАНЫМ - TRAVEL» танымдық экскурсия жобасын іске асырды.

 

Жобаның негізгі мақсаты - жастардың рухани дамуына ықпалдасып, Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Қаныш Сәтбаевтың туған жеріндегі мәдени-әдеби ескерткіштермен және Қазақстанның сокралды гоеграфиясымен танысу.

 

Екі университеттен 70-ке жуық белсенді студенттерден құралған топ сапарын Балқаш көлінен бастады.

 

16 маусым күнгі бағыт Қарағанды қаласы болды. Қала маңында орналасқан Долинка кентіндегі «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» мұражайына барды.

 

17 маусымда жобаға қатысушылар Астана қаласына бағыт алып, сондағы «Бәйтерек» монументін, Астана қаласының бас мешітін көріп, Қазақстан Республикасының ұлттық мұражайына табан тіреп, ерекше жәдігерлермен танысты. Астана қаласын артқа тастап, Екібастұз қаласымен Баянауыл ұлттық саябағына барды. Жасыбай көлінің маңына тұрақтап, көркем де сұлу Баянауылдың табиғатымен танысты.

 

18 маусым күні таң ата «Қоңыр әулие» киелі жерге ат басын бұрып, ерекше жерде орналасқан үңгірге барды. Экскурсиядағы әрбір адам өз тілегін тілеп, тамаша табиғатпен тамсанып, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың мемориалдық мұражайына жол тартты. Академиктің өмірі мен ғылым жолындағы ізденістеріне шолу жасап, мұражай қорымен танысты. Мұражайдан кейін Мәшһүр Жүсіп Көпеевтың кесенесі мен мемориалдық мұражайына барды. Ондағы ақынның өзінің қолданған жеке заттарын тамашалап, өміріндегі қызықты деректермен танысты. Кесенеге барып, рухына зиярат етті. Одан кейін Павлодар қаласына жол тартты. Павлодар қаласы ыстық ықыласпен қарсы алды. Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы мен белсенді студенттері ерекше күтіп алып, қазақтың қонақжайлылығын көрсетті. Аталмыш қалада үш университет арасында достық-ынтымақтастық қарым-қатынас орнады.

 

19 маусым күні таңда Павлодар қаласының көрікті жері Ертіс жағалауын тамашалап, Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды. Ол жердегі Ертіс жағалауынан табылған көне жәдігерлермен танысып, аймақтың тарихына көз жүгіртті.

 

Түс ауа екі университеттен құралған топ Абай облысының орталығы Семей қаласына бағыт алды. Шәкәрім университетінің жастарымен бірлесе хәкім Абай Құнанбайұлының мемориалды мұражайына барды. Мұражай жаңа технологиялармен жабдықталып, ақынның өмірі мен шығармашылығына байланысты мол мұраларды ұсынды. Студенттердің таным көкжиектері кеңейіп, тың мағлұматтарды алды. Мұражайдан кейін Семей қаласын аралап, Шәкәрім университетінің бас оқу ғимаратына келді. Университет қызмеркерлері мен жалынды Шәкәрім жастары университет тарихымен таныстыру мақсатында университет мұражайын таныстырды.

 

20 маусым күні Семей орманына барып, студенттер мен университет қызметкерлері еріктілік қызмет атқарды. Жаңа егілген шырша ағаштарының түбін шөптен тазартып, тамаша табиғатты аялауға өз үлестерін қосты. Түсте Абай мен Шәкәрім кесенесі орналасқан Жидебай жеріне жолға шықты. Жол жөнекей Абай Құнанбайұлының кіндік қаны тамған Сырт Қасқабұлақ өлкесін, қос ғашық Еңлік пен Кебекке қойылған кесенені көріп, Жидебай жеріне келді. Ол жердегі Абай Құнанбайұлының қыстақ мұражайымен танысып, Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының кесенесімен танысты. Одан кейінгі бағыт Алакөл көлі болды.

 

21 маусым күні екі университет студенттері Алакөл көл өлкесіне келіп, табиғатты тамашалап, ерекше сезіммен Алматы қаласына жолға шықты.

 

«ТАНЫМ - TRAVEL» жобасына қатысқан студенттерге, жан-жақты көмек көрсеткен Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің, Шәкәрім университетінің ұжымы мен жалынды жастарына алғысымыз шексіз!

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

  alt=  

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департамент




Кері оралу