қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / Хабарландыру
20.05.2024

«Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы»

Халықаралық  ғылыми-практикалық конференциясы

 

2024 жылдың 22 мамырында сағат 10.00 -де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Бас-ғимараттың конференц-залында Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған «Жошы ұлысы: тарихы, мұрасы және тағлымы» Халықаралық  ғылыми-практикалық конференция өтеді.

 

Әлемге Алтын Орда атымен танымал Жошы ұлысы XIII ғасырдағы Шыңғысхан империясының төрт бөлінісінің ішінде ең ұзақ өмір сүрген мемлекет. Ол Алтай тауларынан Дунай өзеніне дейінгі жерлерді алып жатқан, тілі, діні, тұрмысы, мәдениеті бөлек ондаған халықтарды біріктірген алып империя, ерекше өркениет. 

 

Жошы ұлысы өмір сүрген дәуір қазақ жеріндегі мемлекеттілік дәстүрдің дамуының маңызды кезеңдерінің бірі. «Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында.

 

Қазақ этногенезі мен қазақ жеріндегі политогенез үдерістері Жошы ұлысымен (Алтын Ордамен) тығыз байланысты. Жошы ұлысы құрамында қазақ этносының негізгі бөлігінің қалыптасуы аяқталды, болашақ Қазақ хандығының саяси институттары, мемлекеттік идеологиясы айқындалды. Түптеп келгенде, қазақ халқын 300-жылдан астам уақыт билеген қазақ хандары Жошының тікелей ұрпағы болып табылады. 

 

Алтын Орданың ыдырауы тарих төріне ортағасырлық ұлттық мемлекетіміз - Қазақ хандығының шығуына әкелді. Сондықтан қазақ халқы осы мемлекеттің тікелей мұрагерлерінің бірі екенін мақтанышпен айта аламыз.

 

Жошы ұлысының тарихының ғылыми мәселелерін талқылауға арналған конференцияның негізгі бағыттары:

 

Конференция жұмысы келесі бағыттарды қамтиды:

 

Жошы ұлысының (Алтын Орданың) тарихнамасы мен дереккөздері;
Жошы ұлысының (Алтын Орданың) этносаяси, экономикалық және мәдени тарихына қатысты жаңа көзқарастар;
Жошы ұлысының (Алтын Орданың) тарихи географиясы;
Жошы ұлысының (Алтын Орданың) іргелес көрші мемлекеттермен дипломатиялық байланыстары, Еуразиядағы халықаралық қатынастардағы Алтын Орда хандарының рөлі;
Қазақ мемлекеттілігі тарихындағы  Жошы ұлысының (Алтын Орданың) рөлі;
Жошы ұлысының (Алтын Орданың) Қазақ хандығымен сабақтастығы;
Жошы ұлысының жаңа замандағы Қазақстан тарихында өзектілігі;
Жошы ұлысын тарихының оқу процессінде көрініс табуы.

 

Конференцияның жұмыс тілдері - қазақ, ағылшын, түрік, орыс.

Конференцияға қатысу формасы: тікелей, онлайн (Zoom).

 

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысына шетелдердің (Канада, Жапония, Түркия, Ресей, Германия) және Қазақстанның белгілі ғалымдары, Алматы мен басқа да республикалық ЖОО оқытушылары қатысып, аталған мәселе бойынша өз көзқарастары мен ойларын ортаға салады.

 

Шетелдік баяндамашылар қатарында Джю-Юп Ли (Канада), Хироюки Нагаминэ (Жапония), Нұрлан Кенжеахмет (Германия), Абдуллах Гюндогду (Түркия) сынды танымал ғалымдар болады.

 

Сонымен қатар Zoom платформасы арқылы отандық және шетелдік зерттеушілердің де баяндамалары ұсынылады.

 

Ұйымдастыру комитетінің жауапты тұлғасы: Муталиев Мейірбол Қадырұлы - тел. +77018900342, е-mail: selenga02.02.2020@mail.ru