қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
24.01.2019

Жастар жылының ашылу күніне арналған «дөңгелек үстел»

 

23-қаңтар күні Жастар жылының салтанатты ашылуынан кейін  «Химия-биология» мамандығын бітіруші университетіміздің тұңғыш ағылшын тобындағы «I teach in English» курсына қатысушы студенттермен ректор Такир Балықбаев дөңгелек үстел басында кездесті.

 

Еркін форматта өткен кездесуде ректор Такир Балықбаев Жастар жылы туралы ақпаратпен бөлісіп, жастарға артылатын сенімнің мол екендігін жеткізді. Сондай-ақ ел дамуына үлес қосу үшін аянбай бірге тер төгу керек екендігін айтты. Әрі қарай студенттер тарапынан Жастар жылының ашылуына байланысты көптеген сұрақтар қойылып, оның болашағы туралы пікірлерімен бөлісті. Такир Оспанұлы өзінің бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, ар-намыс, жігер-қайрат және қарапайымдылық қасиеттерінің адам баласына ауадай қажет екенін әңгімелеп берді.

 

Ректор студенттерге 2019 жылы университетте өтетін бірқатар маңызды іс-шаралар туралы хабарлады. Әңгімелесу барысында Такир Оспанұлы жастарға деген сенімін білдіріп, «... жастарды толығымен білікті мамандарға айналдыру үшін білімдерін жетілдіру, өз-өзіне еңбек етулері қажет, бұл ел дамуына тікелей ықпал етеді» деп атап өтті.

 

Кездесу соңында ректор студенттерге «Жастар жылы - сіздер үшін жемісті жыл болсын!» - деп, білім және ғылым жолында табысты болуларына тілектес екендігін жеткізді.

 

   

 

   

 

  

 

«Мансап» орталығы