қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.03.2014

Қара шаңырақта «Қазақстанның қазіргі полиэтникалық кеңістігінде жастарды тәрбиелеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті
2014 жылдың 28 ақпаны күні көпұлтты қоғамымызда жастарға тәрбие берудің тиімді жолдарын қарастыру, студенттерді толеранттылық пен ұлтаралық келісімге тәрбиелеу мақсатында білім қара шаңырағында «Қазақстанның қазіргі полиэтникалық кеңістігінде жастарды тәрбиелеу мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға еліміздің түкпір-түкпірінен, көршілес Ресей мен Қырғызстаннан жиналған ғалымдар тақырып төңірегінде нақтылы ғылыми тұжырымдар жасап, ой пікірлерімен алмасты.
Конференцияның пленарлық мәжілісін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалы университетінің тәрбие ісі жөніндегі проректоры, саяси ғылымдарының кандидаты, профессор Жанатбек Ешенқожаұлы Ішпекбаев ашып,жоғары оқу орнындағы тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тәрбие үдерісі, оның құндылық мәні, мақсаты, қағидасы, мазмұны мен ұйымдастыру тәсілі, оның тиімділігінің өлшемдері мен көрсеткіштері жөніндегі көзқарастарының жүйесін қамтитын тәрбиенің заманауи тұжырымдары туралы өз баяндамасын жасады. Психология ғылымдарының докторы, профессор Оспан Саңғылбаев мәдениаралық коммуникациялық теориялық және әдіснамалық негіздеріне тоқталады. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор В.В. Трифонов жоғары оқу орындары студенттерінің этникааралық қарым-қатынастарын қалыптастырудың мәселелері туралы айтты. Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің мұғалімдер біліктілігін арттыру институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рахат Сүлейманова Қырғыстанда Қазақстан сияқты көп этносты мемлекет екенін айта келіп, республика бас жоғары оқу орнында жастарға көпэтникалық тәрбие беру жөнінде атқарылып жатқан шаралар жөнінде өз тәжірибелерін ортаға салды. Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры Т.М. Баймолдаев жастар тәрбиесінің жаңа формалары мен әдістері туралы өз пікірін білдіріп, университет ғалымдары Л.М. Нәрікбаева, К.М. Омаров көпэтникалық мемлекетте жастар тәрбиелеудің өзекті мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Конференция барысында үш секция жұмыс жасады:
1 секция. Көпұлтты жоғары оқу орны жағдайында студент тұлғасын тәрбиелеу мәселелері мен ерекшеліктері.
2 секция. Полиэтникалық білім беру ортасында жас педагогтардың этномәдени құзыреттіліктерін қалыптастыру.
3 секция. Қазақстан азаматын қалыптастыруда ұлттық дәстүрдің әлеуетін пайдалану.

Көп ұлтты республика жағдайында жастарға тәрбие берудің өзекті мәселелері талқылауға арналған алқалы жиында еліміздің 21 жетекші жоғары оқу орындарынан 96 баяндама тыңдалды. Конференция баяндамалары арнайы жинаққа енгізілді.