қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.02.2014

Бір кафедрада - екі пән кабинеті
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология және көптілді білім беру институтының Қазақ әдебиеті кафедрасы жанынан екі арнаулы пән кабинеті ашылды. Оның бірі «Қазақ әдеби сынының тарихы», екіншісі «Қазақ әдебиеті» кабинеті деп аталады. Көрнекі құралдармен, стенділермен өте әсем және талғампаздықпен жабдықталған пән кабинеттеріне кірген студенттер айналадағы көрнекіліктерге бір қарап-ақ қазақ әдебиеті мен қазақ әдебиеті сынының тарихына қатысты материалдарды бірден таба алады. Дәріс барсыныда өтіліп жатқан тақырыпты оқытушы да осы көрнекіліктер арқылы оңай-ақ шәкіртінің санасына сіңіреді. Мысалы, «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» кабинетінде қазақ әдеби сыны қай кезден басталады, оның өкілдері кімдер, XX ғасырдың әр кезеңінде әдеби сын қалай өрістеді, оның өкілдері кімдер, әдеби сынға алғаш орын берген қай басылымдар, сынның бүгінгі өкілдері кімдер - міне, осы сұрақтың бәріне қабырғалардағы заманауи талаптармен көркем безендірілген стенділерден жауап табуға болады. Ал «Қазақ әдебиеті» кабинеті де бүкіл әдібиетімізге қатысты материалдарға бай. Екі кабинет те жап-жаңа жиһаздармен, компьютерлік техникалармен, көрнекі құралдармен, оқу құралдарымен жабдықталған. Кабинеттердің ашылуына университет әкімшілігінің өкілдері, белгілі ғалымдар, студенттер қатысты. Кабинет ленталарын белгілі сыншы, филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақов, университет проректоры, профессор Ғабит Кенжебаев, Филология және көптілді білім беру институтының директоры Таңат Аяпова қиды.


С.Демирел атындағы Қазақ-түрік университетінің проректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиет сыншысы Дандай Ысқақов былай деді: «Жоғары оқу орындарының филология факультеттерінде қазақ әдеби сынының тарихы бұрыннан оқтылып келеді. Сын болмаған жерде әдебиет өспейді. Сондықтан әдеби сынға кең өріс керек. Қазақ әдеби сынының тарихын оқыту, әр замандағы сынның деңгейін, тәжірибесін, теориясын әдебиетші мамандарға үйретудің маңызы зор. Студенттерге терең білім беру үшін мынадай арнаулы пән кабинеті сөзсіз керек. Бұл бүкіл Қазақстан жоғары оқу орындары арасында тұңғыш рет сіздерде ашылып отырған кабинет. Сондықтан істеріңізге сәттілік тілеймін».


Абай атындағы ҚазҰПУ Филология және көптілді білім беру институтының директоры, профессор Таңат Аяпова осындай көрнекі пән кабинеттерін жабдықтауға қолдау көрсеткен университет ректоры Серік Жайлауұлы Пірәлиевке алғыс айтты.Шын мәнінде аталған екі кабинетті талап деңгейінде жабдықтауға профессор Темірхан Тебегенов және ол басқаратын кафедра ұжымының сіңірген еңбегі зор. «Алдағы уақытта тағы екі пән кабинетін ашуды жоспарлап отырмыз», - дейді профессор Т. Тебегенов. Пән кабинеттерінің ашылу салтанатына студент-ақындар Жасұлан Исқақов пен Бауыржан Айткаримов жыр-шашуларын арнады.

Мырзахан Ахмет,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Ақпарат орталығының жетекшісі.