қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
26.02.2014

 

Мүгедектерге үміт сыйлаған жәрмеңке

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қоғамда өздерін белсенді ұстауға тиіс. Шетқақпай көрмеуі керек.  Мемлекет басшысы да бұл туралы әрдайым айтып жүр. Үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы - 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «... мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. 

Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. 

 

Бізде аз емс ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс - бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз» деп тағы  да шегелеп айтты. Елбасының бұл айтқанын нақты тапсырма ретінде қабылдаған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті нақты іс-шара атқаруға белсене кірісіп отыр.  Университет ректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Алматы қалалық Мәслихатының депутаты Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің жеке бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асыру мақсатында «Жұмыспен қамту - шекарасыз» атты мүгедек жандарды жұмыспен қамту жөнінде мамандандырылған жәрмеңке ұйымдастырылды.  Жәрмеңкеге барлығы 25 жұмыс беруші келді.  Олардың ішінде  Алматы қаласындағы аудандық жұмыспен қамту орталықтары, мемлекеттік емес ұйымдар мен жеке компаниялар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және басқа да жұмыс беруші мекемелер бар.  Жәрмеңкеге қатысушылар мүгедектердің қоғамдық ұйымдары шығарған жеке өнімдер мен көркемөнер туындыларының көрмесімен таныстырды.

         Жәрмеңке    бағдарламасының аясында өткізілген брифингті сөз сөйлеп ашқан оқу ісі жөніндегі проректор А.Құлсариева бұл шараға қолдау білдірген Медеу аудандық әкімдігіне, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы басшылығына, сондай-ақ жұмыс берушілерге алғыс білдірді. 

         Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнайы ұйымдастырылған сұхбатында Республикалық мүгедектер одағының төрағасы Әли Аманбаев:

- Біз осындай ұсыныспен жоғары оқу орындарының біразына арнайы хат жіберген едік. Өкінішке орай, олардың ешқайсысы да ұсынысымызға қарсы болмағанымен, нақты жауап бере қойған жоқ. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ғана бұл шараны алғашқылардың бірі болып  ұйымдастырды. Сол үшін Серік Жайлауұлы бастаған университет басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.  Қазақстан бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтардың 3%-ы ғана еңбекпен қамтылғанын ескерсек, бұл үлкен әлеуметтік мәселеге айналып отыр. Ал бүгінгі мамандандырылған жәрмеңке жақсы істің бастамасына айналатынына сенеміз. Қаншама мүгедек жандарымыз жұмыс тауып, үміттері жанса мақсаттарыңыздың орындалғаны деп түсінемін. Жәрмеңке жұмысына табыс тілеймін, - деп ағынан жарылды.

Осы күні сонымен бірге «Нұр Отан» партиясының Медеу аудандық филиалы қоғамдық қабылдау ұйымдастырды.

Мамандандырылған жәрмеңкені ұйымдастырушылар (Тәжірибе және жұмыспен қамтамасыз ету бөлімі) барлығы 500 адамға шақыру жіберген екен.  Алайда 328 мүгедек бұл шақыруға үн қосып, арнайы келіпті. Жұмыс берушілер олармен арнайы әңгіме өткізіп, ақыл-кеңестер берді. Қабылданған өтініштер бойынша қысқа мерзімде жауап беруге уәде етісті. Сондықтан да бұл жәрмеңкені мүмкіндігі шектеулі жандарға  үміт сыйлаған шара болды деп айтуымызға толық негіз бар.

 

Гауһар Жабағиева,

Университеттің баспасөз

орталығының қызметкері