қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
10.12.2025

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ ДАМУ БАҒЫТТАРЫ СӨЗ БОЛДЫ

 

10 желтоқсанда Абай университетінде Омбы мемлекеттік педагогикалық университетімен бірлесе ұйымдастырылған «Педагогикадағы зерттеулерді дамыту векторлары: Педагогикалық университеттің миссиясы» атты IV халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар өтті. Іс-шараны Педагогика және психология факультетінің «Педагогика» кафедрасы мен ОМПУ-дың Педагогика кафедрасы ұйымдастырды. Семинар педагогика ғылымындағы әдіснамалық мәселелерді, зерттеу тәсілдерінің даму бағыттарын және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты талқылауға арналды.


Іс-шараның ашылуында университеттің Стратегия және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Айгүл Искакова педагогикалық зерттеулердің сапасын арттыруда халықаралық әріптестіктің маңызын атап өтті. Ол педагогикалық университеттердің миссиясы – ғылымды дамыту, инновациялық идеяларды қолдау және педагогикалық білімді жаһандық деңгейде нығайту екенін жеткізді. Кафедра меңгерушісі Шолпан Колумбаева семинардың мақсаттарын, ғылыми диалогтың маңызын және халықаралық тәжірибенің рөлін түсіндірді.


Негізгі ғылыми бөлімде Боғазичи университетінің профессоры Зейнеп Қызылтепе педагогикалық зерттеулерде контекстті қалпына келтіру, ситуациялық және салыстырмалы зерттеулердің әдіснамалық маңызы туралы ой қозғап, қазіргі педагогика ғылымының көпдеңгейлі талдау мен мәдени-әлеуметтік факторларды кешенді қарастыруды талап ететінін, бұл бағыт болашақ зерттеулер үшін маңызды екенін айтты.


Басқа ғалымдар да өз баяндамаларында толғақты дүниелерді ортаға тастады. Омбы университетіне қарасты Педагогика кафедрасының профессоры Юлия Дроботенко жоғары педагогикалық білім берудегі жаңа сын-тегеуріндерге тоқталса, педагогика ғылымдарының кандидаты Ғалия Абаева ҚазҰПУ-дағы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын таныстырды. Постдокторант Дамира Советканова магистранттардың кәсіби даму траекториясын микробіліктілік арқылы құру ерекшеліктерін көрсетті. ОМПУ Педагогика кафедрасының доценті Элина Диких мектептегі білім беру ортасының даму мүмкіндіктері мен қиындықтарына назар аударды, ал Абай университетінің Педагогика кафедарасының аға оқытушысы Мұхамедрахим Құрсабаев оқушылардың еңбек іс-әрекеті арқылы экологиялық сананы қалыптастыру мәселесін көтерді. Бұл баяндамалар семинардың мазмұнын тереңдетіп, педагогикалық ғылымдағы түрлі бағыттарды көрсетіп берді.


Іс-шара педагогикалық зерттеу әдістемесінің өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, педагогикалық білімнің жаңа кезеңдегі даму көкжиегін де айқындады. Ғылыми диалог ұйымдастыру, педагогикалық зерттеу әдістерінің мүмкіндіктерін талдау, тәжірибе алмасу және педагогикалық білім беруді жаңғыртуға үлес қосу мақсатын жүктеген семинар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтті, қатысу офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылды. Қатысушылар пікірталасқа қатысып, педагогикалық зерттеулерді дамытудағы жаңа идеяларымен бөлісті.


IV халықаралық ғылыми-әдістемелік семинар педагогика ғылымының дамуына маңызды үлес қосып, университеттер арасындағы ғылыми байланыстарды нығайта түсуге себеп болды.

Абай атындағы ҚазҰПУ

Баспасөз қызметі


  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=  

  alt=