
Негізгі бет
Жаңалықтар
21.11.2025
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ
Бүгін Абай университетінің қабырғасында «Мемлекеттік тілдің мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға жоғары оқу орындарының ғалымдары, «Қазтест» орталығының мамандары, тіл жанашырлары мен жас зерттеушілер қатысты. Конференция аясында мемлекеттік тіл туралы байқаулардың жеңімпаздары марапатталып, «Алматы қаласындағы тілдік ахуал» монографиясының тұсауы кесілді. Жиынды Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Бақыт Қалымбет жүргізіп, алып шаһардағы мемлекеттік тіл саясаты мен ахуалына тоқталды. Филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Аман Абасилов Тіл саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының 2025 жылы Алматы қаласындағы жүзеге асырылуы турасында баяндама жасады. – Қазақстанның ірі мегополисі Алматы қаласының тілдік ахуалын әлемдік мегаполистер тәжірибесмен салыстыра зерттеу ерекше ғылыми және әлеуметтік маңызға ие. Мемлекеттің тілге деген сұраныс тек саяси ұраннан емес, ішкі қажеттіліктен туындайды. Статистикалық деректер Алматы қаласында қазақ тілі 60% белсенді қолданылатынын көрсетті. Сондай-ақ, қаладағы жарнамалық көрнекі құралдарда мемлекеттік тілдің ережелерін сақталуына зерттеу жұмыстары жүргізілді, – деді Аман Мәделханұлы. Мемлекеттік тілді дамыту институтының директоры Бижомарт Қапалбек «Қолданыстағы еуроөзек жазуды ұлтөзек арнаға түсірудің маңызы» турасында баяндама жасап, жастардың таным-түсінігіне сіңген бірқатар сөздердің қазақ тіліндегі нұсқасын қолдануға шақырды. Ал тілдік норманы сақтамаудың заң алдындағы жауапкершілігі турасында Мемлекеттік тілді дамыту институтының ғылыми қызметкері Динара Мейрамбекқызы баяндады. Конференция аясында «Алматы қаласындағы тілдік ахуал» атты монографияның тұсаукесері өтті. Зерттеу еңбегі мемлекеттік тіл саясатының шаһардағы жағдайына байланысты жарық көрген екінші кітап. Бұл кітапта Алматы қаласының әкімшілік-аумақтық бөлінісі, тарихи қалыптасу, қазіргі тілдік ахуалдағы орны қарастырылған. Білім беру саласындағы мемлекеттік тілдің қызметі мен қолданысы, ЖОО-дағы тілдердің меңгерілуі мен оқытылуы турасындағы зерттеулер монографияға енген. Сонымен қатар, іс-шарада 2025 жылы ана тіліміздің мәртебесін көтеру мақсатында әлеуметтік желі мен интернет платформаларындағы балаларға арналған қазақша контенттің сапасын арттыруға бағытталған «Сәбилер сөйлесін» және «Үздік қазақ тілінің оқытушысы» атты өткен байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Тіл – ұлттың жаны, рухы, мемлекеттің негізі. А.Байтұрсынұлы «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп тілдің ұлтымыз үшін қандай маңызды екенін бір ауыз сөзге сыйдырған. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, оның қолданысын кеңейту, тілдік норманы сақтау – баршамызға ортақ міндет.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|