
Негізгі бет
Жаңалықтар
14.11.2025
«КЕСКІНДЕМЕ» ОҚУ ҚҰРАЛЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ
Абай университетінде «Кескіндеме» атты оқу құралының тұсаукесері өтті. Шараға еліміздің белгілі ғылым және өнер қайраткерлері, университет оқытушылары мен студенттері қатысты. Туындының авторы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың түлегі – Тоққожа Қожағұлов. Шара қонақтары алдымен университеттің бас ғимаратында ұйымдастырылған суретші көрмесімен танысты. Көрмеге автордың салған еңбектері, портреттер және оқу құралына енген иллюстрациялар қойылған. Кітаптың тұсаукесерін құттықтау сөзбен ашқан Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-Ректор Болат Тілеп оқу құралының өнер ғылымы саласындағы тың жаңалық екеніне тоқталып, университет түлегі, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясы мен ҚР Көркемсурет академиясының академигі, КСРО және ҚР Суретшілер одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тоққожа Қожағұловтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жауып, сый-сияпат көрсетті. – Сіздің шығармашылық өміріңіз Абай университетімен тығыз байланысты. Қасиетті қарашаңырақтан білім алып, қалыптасқаннан кейін осы білім ордасында талай жыл шәкірт тәрбиеледіңіз. Университеттің дамуына елеулі үлес қостыңыз. Тұлғалар портретін кескіндеудегі тәжірибеңіз, салған суреттеріңіз шығармашылық ортада кеңінен танымал. Өзіңіздей түлектерімізбен біз әрдайым мақтанамыз, – деді Болат Анапияұлы. Содан кейін салтанатты түрде «Кескіндеме» оқу құралының тұсауы кесілді. Автордың көпжылдық шығармашылық және ғылыми-педагогикалық тәжірибесіне негізделген бұл еңбек бейнелеу өнерін кәсіби оқыту үдерісінде маңызды құрал. Одан кейін сөз алған академик Оразалы Сабден, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ҚазҰПУ Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов, суретші Жанұзақ Мүсәпір, профессор Медеубек Тәңірбергенов оқу құралының маңыздылығын атап, автордың өнер саласындағы шығармашылығын кеңінен айтты. Абай университетінің тағы бір түлегі, автордың курстасы, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса: – Көркем-сурет және графика факультетінде бірге оқыған жігіттердің ішінен ақын болып кеткен мен ғана. Бірақ, Тоққожа Қожағұлов кескіндеме жанрына ғана емес, жан дүниесімен сөз өнеріне өте жақын азамат. Өйткені, өзі Мұқағали Мақатаев, Бердібек Соқпақбаев туған өңірде өскен. Оның салған суреттерінде ұлттық болмыс пен бояу басым. Еңбектерінде нағыз ұлтын сүйетін патриот тұлғаның табиғаты жатыр, – деді.
Кітап таныстырылымының қорытынды сөзінде оқу құралының авторы Тоққожа Мұқажанұлы университет ұжымына ризашылығын білдіріп, «Кескіндеме» басылымының жас суретшілердің кәсіби дамуына бағытталғанын, теориялық және тәжірибелік тұрғыдан мазмұны бай екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Тоққожа Қожағұлов 1962 жылы Алматы облысында туған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген (1984). Еңбек жолын Жамбыл педагогикалық институтында бастап, 1987 жылдан Абай атындағы ҚазҰПУ-ға қызметке келіп, ассистенттен кафедра меңгеруші, Өнер, мәдениет және спорт институтының директорына (2019 ж.) дейін көтерілген.
1987 жылдан бастап көрмелерге қатысып, Абай, Жамбыл, Әуезов сынды тұлғалардың портреттерін салған. «ТОБАИЗМ» бағытын қалыптастырушы ретінде жеке көрмелері жоғары бағаланып, алыс-жақын шет елдерде еңбегі еленген. Жүздеген суреті Қазақстан мен шетел музейлері мен коллекцияларында сақтаулы. 40-тан аса ғылыми мақаланың, монография мен оқу құралдарының авторы.
Абай атындағы ҚазҰПУ Баспасөз қызметі
|