"АВТОКӨЛІКСІЗ БІР КҮН" АКЦИЯСЫ ӨТЕДІ
Келесі дүйсенбі, яғни 22 қыркүйек күні Абай университетінде «Автокөліксіз күн» акциясы өтеді. Мақсаты - қоршаған ортаны ластанудан сақтау және адам денсаулығына қамқорлық жасау.
22 қыркүйек - әлем жұртшылығы үшін «Дүниежүзілік көліксіз жүру күні» (World Car Free Day). Бүкіл әлем қолдау танытып отырған бұл арнаулы дата алғаш рет Францияның 20 шақты қаласында аталып өткен.
Бұл күні әлемнің ірі қалаларында жеке автокөліктерін пайдаланатын адамдар қоғамдық көлікпен, велосипедпен немесе жаяу жүру арқылы экологияға, қала ауасының тазалығына және өз денсаулығының дамуына көңіл бөлуді игі дәстүрге айналдырған. Бұған биыл Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де үлес қоспақ.
Бұл акция - Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) принциптеріне адалдықты таныту мен World Carfree Day халықаралық бастамасын қолдау және автокөліктен шығатын зиянды газды азайтып, ауаны ластанудан қорғауды мақсат етеді. Сонымен қатар, экологиялық таза көлік түрлерін насихаттап, қоғамдық көліктің пайдасын, велосипед пен жаяу жүрудің, қозғалыстың денсаулыққа тигізетін оң әсерін түсіндіруге бағытталған.
Ал Алматыдағы акцияның мақсаты - оңтүстік астанамызды көлік қозғалтқышынан шығатын газдан қорғау. Қаладағы көлік кептелісін азайтып, ауаның ластануын төмендету және қаланың қоршаған ортасын қорғауға үлес қосу. Акцияны ұйымдастырушылар өз автокөлігімен қатынайтын университеттің барлық қызметкерлері мен оқытушы-профессорлар құрамын және студенттерді 22 қыркүйек күні қоғамдық көлікпен, велосипед немесе жаяу жүру арқылы білім ордасына қатынауға шақырады. Жастар үшін білім ордасына тыйым салынып жатқан самокатпен емес, скейтбордпен келуге де мүмкіндік бар.
Акцияға кез келген қала тұрғыны үлес қоса алады. Тек бір күнге жеке автокөліктен бас тартып, экологиялық жағынан тиімді көлік түрін таңдаса жеткілікті.
Сондықтан тұрғындар мен өзге де жоғары оқу орындарын да осы бастаманы қолдауға шақырамыз. Сүйікті Алматы шаһарының экологиясы мен тазалығына бірге үлес қосайық!
Абай атындағы ҚазҰПУ
Баспасөз қызметі