Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына арналған құқықтық диалог өтеді
2025 жылғы 10 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университетінің филиалы базасында Қазақстан Республикасының Конституциясының 30 жылдығына орай Құқықтық диалог өтеді. Іс-шараның тақырыбы: «Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының әлемдік конституциялық құрылыс пен адам құқықтарын қамтамасыз етудің халықаралық стандарттарын қалыптастырудағы рөлі».
Шараның басты қонағы және негізгі спикері - Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясының төрайымы, ханым Клэр Бази-Малори.
Модератор - Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы Игорь Рогов мырза. Негізгі қатысушылар қатарында - Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге мырза.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия, Абай атындағы ҚазҰПУ жанындағы Сорбонна-Қазақстан институты және Лотарингия университетінің филиалы, сондай-ақ Францияның Қазақстандағы Елшілігі ұйымдастырады. Координатор - Сорбонна-Қазақстан институтының директоры, Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Сабитова.
Диалог жұмысына Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты, Жоғарғы Соты, Бас прокуратурасы, Әділет министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Парламенттің заңнама және құқықтық реформа комитеттері, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігі, сондай-ақ БҰҰ өкілдері, Францияның жетекші заңгерлері және еліміздің ғылыми қауымдастығы қатысады.
Құқықтық диалог гибридті форматта - офлайн және онлайн өтеді, Сорбонна-Қазақстан институты мен Лотарингия университетінің филиалының жас зерттеушілері мен студенттеріне еркін сұрақ қоюға мүмкіндік беріледі.
Бұл шара тәжірибе алмасу, құқықтық мәдениетті нығайту және заң үстемдігі құндылықтарын ілгерілетуге арналған маңызды халықаралық алаң болмақ.




