қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.01.2014

 

Ел есінде қалған азамат

 

         Бұл күнде көрнекті ғалым-ұстаз, профессор Серік Мақпырұлы көрер жарығы таусылмаса, 70 жасқа енді ғана толар еді. Саналы өмірінің жемісті кездерінің аттай қырық жылын қазақ елінің жоғары білім жүйесінің қара шаңырағы - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қабырғасында жас толқындарға заманға лайық білім, тәлім-тәрбие беруге арнаған ұлағатты ұстаздың, білім беру ісіндегі шебер әдіскер-ғалымның, орақ тілді, от ауызды ақын-қаламгердің, жаны жайсаң азаматтың есімі ел есінде жаңғырып тұрары кәміл. Оған аталмыш оқу ордасында өткен, өмірден кетсе де, өзектен кетпеген біртуар қазақ ұлының 70 жылдығына арналған «Қазақ әдебиетін орта мектепте, жоғары оқу орнында оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция айғақ бола алады.

         Университет басшылығы, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.С.Тебегенов бастаған азаматтар ұйымдастырған осы бір алқалы жиынға Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Аппарат жетекшісі, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Бақтияр Өрісбайұлы Сманов жетекшілік етті. Бұл игі шараға қатысу үшін сонау Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттен филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібозұлы, Батыс Қазақстандағы Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік университеттен профессор С.Шарабасов, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің доценті С.Тайманова, тағы да басқа ағайындар ат арытып келіпті.

         Конференцияға қатысқан педагогика ғылымдарының кандидаты, оқу-ағарту ісінің озаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің еңбек ардагері, жасы 90-ға таяп қалған К.Бозжанова апайдың арнайы қатысуы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Р.Зайкенованың, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Г.Ж.Орданың т.б. профессор Серік Мақпырұлының ұстаздық, ғалымдық, әдіскерлік, ақындық, азаматтық ерекшеліктері туралы ғылыми баяндамалары, жан тебірентер естеліктері мәжілістің мәнін тереңдетіп, ажарын аша түсті. Соның ішінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы АҚ филиалынан арнайы келіп, ат басын тіреген профессор К.Ы.Сариеваның баяндамасы жұрт көңілінде айрықша әсер қалдырды.

         Абай атындағы ҚазҰПУ ғалымдары конференция қонақтарымен пікірлесе отырып, Серік Мақпырұлының ел алдындағы еңбегінің қыр-сырын жан-жақты ашатындай терең мазмұнды баяндамалар жасады.

         Жиын жұмысы арасында халқымыздың аяулы ұлы Серік Мақпырұлы туралы әсерлі естеліктер айтылып, сондай айтулы азаматтың жары Зәйда Әбдірайымқызына лайықты құрмет көрсетілді. Әйгілі ғалым да, танымал ақын да Өтеген Күмісбаев, қазақтың дарынды ақыны Шөмішбай Сариев Серік Мақпырұлына арналған жырларын оқыды.

         Пленарлық мәжілістен зор әсер алған ғалымдар секциялық жұмыстарын атқаруға тарасты.

 

 

Айтқазы Байдәулет,

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Ақпарат орталығы