![]()
13.02.2025 «Абайдан Абайға» атты танымдық кездесу кеші
2025 жылдың 12 ақпанында Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатында педагогикалық сынып оқушыларына арналған «Абайдан Абайға» атты танымдық кездесу кеші өтті.
Кеш қонақтары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Кәсіподақ ұйымының төрағасы, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, «Ы.Алтынсарин» белгісінің иегері, 2004-2017 жылдар аралығында Абай атындағы РММИ-дың директоры қызметін атқарған Мұхтар Ибраимов пен университеттің зерттеу қызметі және инновация жөніндегі проректоры, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Жас ғалымдар президиумының мүшесі Ертай Сұлтан болды.
Шара барысында Абай университетінің өкілдері еліміздегі тұңғыш оқу орнының жетістіктерімен бөлісіп, 95 жылдан аса терең тарихы бар университет халықаралық және отандық рейтингтерде педагогика саласында көшбасшы болып табылатынын, жоғары оқу орны қабырғасында Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Баймен Алманов, Темірбек Жүргенов сияқты ұлы тұлғалар сабақ бергенін атап өтті.
Айта кетейік, педагог тұжырымдамасы, педагог мамандығы туралы түсініктер мен заманауи мұғалімнің жаңа тенденциялардағы келбеті талқыланған, Абай мұрасы, Әдебиеттік оқудың маңызы мен мақсаты, тұлғалық даму аясында сыр шертілген кештің ұйымдастырушысы п.ғ.к.,педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры, педсынып жетекшісі Бауыржан Сайдахметов болды.
|