қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.07.2024

Абай университетінің Астанадағы факультетіне 240 грант бөлінді

 

                

 

Биыл Абай университетінде көптеген ауқымды оқиғалар болып, оқу ордасы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында бірнеше оңды өзгеріс жасады.

 

Салаға серпін беретін нақты істер қолға алынып, игі жұмыстар жалғасын табуда. Мәселен, еліміздегі білікті педагог кадрлардың тапшылығын жою мақсатында биыл Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті арасында консорциум жасалған болатын, - деп жазады Aikyn.kz.

 

Аталған серіктестік негізінде Еуразия ұлттық университетінің базасында Абай университетінің бастамасымен «Білім беру» факультеті ашылды. Осылайша, отандық жоғары оқу орындары арасында айтарлықтай орны қалыптасқан қос университет биылдан бастап педагог кадрларды бірлесіп дайындауға күш жұмсамақ. Факультет мұғалімдерді кәсіби даярлау жүйесіне кең көлемде көңіл аударып, білім беру бағдарламаларының аясын кеңейтіп, жұмысты жаңа деңгейде жалғастыруды көздеп отыр. Осы орайда, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Астанадағы ашылған су жаңа факультеттің 9 білім беру бағдарламалар тобына нысаналы 240 грант бөліп отыр. Олар:

 

1. Педагогика және психология - 10 грант;

2. Бастауышта оқыту педагогикасы мен методикасы - 30 грант;

3. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау - 10 грант;

4. Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау - 10 грант;

5. Математика мұғалімдерін даярлау - 40 грант;

6. Информатика мұғалімдерін даярлау - 40 грант;

7. География мұғалімдерін даярлау - 30 грант;

8. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау - 30 грант;

9. Арнайы педагогика - 40 грант.

 

Бағдарлама студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз етпек. Оқуға түскен жастардың жеткілікті деңгейде оқып, білімін жетілдіру жолында Абай университетінен - 21, Гумилев университетінен 11 педагогикалық бейіндік кафедрасының профессор-оқытушылары тартылады деп жоспарлануда.

 

Бакалавриатты сәтті тәмамдаған студенттерге Абай университетінің үлгісіндегі диплом беріледі. Кейін мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған болашақ педагог мамандар грант негізінде алған білімдерін Астана қаласында жұмыспен өтеуі қажет. Өйткені, бас қаланың еңбек нарығында осы мамандарға деген сұраныс жоғары. Дәл осы білім беру бағдарламаларын тәмамдаған түлектер өз мамандықтарының ерекшеліктеріне сәйкес, әртүрлі білім беру ұйымдарында: жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, білім беру орталықтарында, педагогикалық бағыттағы ғылыми және әдістемелік, түзету-дамытушылық ұйымдарда, әлеуметтік-педагогикалық және ұйымдастырушылық-басқарушылық мекемелерде жұмыс істей алады.

 

Жоғары білімнің қара шаңырағы саналатын Абай университеті - ғасырға жуық тағылымды тарихымен ерекшеленетін, ұстаздарды даярлаудың ұстаханасына айналған оқу ордасы. Мұнда талай тарлан тәлім алып, «Елімнің ертеңі үшін қызмет етемін!» деген көптеген жас жол тапқан. Биыл Абай университеті 4 276 түлекті ұясынан ұшырып, қазақстандық білім іргесінің бекем болуы үшін жаңа мамандарға жол ашты. "Болашақтың кілті - білікті ұрпақтың қолында" десек, жас ұрпақтың тағдырын ұлағатты ұстаз айқындайды. "Мыңның бірі, қатарымның алды боламын" дейтін мұғалім міндетін алдына мақсат тұтып, ұстаз болуды армандайтын талапшыл талапкерлерді Абай университеті Астана қаласына оқуға шақырады. Құжаттар Абай университеті мен Гумилев университетінің қабылдау комиссиялары арқылы қабылдануда.

 

13.07.2024

Ақпарат көзі: aikyn.kz