қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.07.2024

Абай университетінің Астанадағы «Білім беру» факультеті талапкерлер қабылдауды бастады

 

                

 

Ағымдағы жылы еңбек нарығындағы педагог кадрлардың тапшылығын жою және мұғалімдерді бірлесіп даярлау мақсатында Абай атындағы ҚазҰПУ мен Л.Н.Гумилев атындағы Евразия ұлттық университеті арасында консорциум жасалған болатын. Аталған серіктестік негізінде Еуразия ұлттық университетінің базасында Абай университетінің «Білім беру» факультеті ашылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі жаңадан құрылып жатқан факультеттің 9 білім беру бағдарламалар тобына нысаналы 240 грант бөліп отыр. Олар:


1. Педагогика және психология - 10 грант;
2. Бастауышта оқыту педагогикасы мен методикасы - 30 грант;
3. Алғашқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау - 10 грант;
4. Көркем еңбек және сызу мұғалімдерін даярлау - 10 грант;
5. Математика мұғалімдерін даярлау - 40 грант;
6. Информатика мұғалімдерін даярлау - 40 грант;
7. География мұғалімдерін даярлау - 30 грант;
8. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау - 30 грант;
9. Арнайы педагогика - 40 грант.


Жоғары білімінің қарашаңырағы саналатын Абай университеті ғасырға жуық тағылымды тарихымен ерекшеленетін, ұстаздарды даярлаудың ұстаханасына айналған оқу ордасы. Университеттің миссиясы - «озық әдістемелер, ұлттық мұра және әлемдік тәсілдер негізінде заманауи білім беру қажеттіліктерін алдын ала болжайтын педагогтерді дайындау» болып табылады. Ал, Гумилев университетінің ғылыми ұйым ретіндегі еліміздің ЖОО арасындағы беделі зор, материалдық-техникалық базасы замануи талаптарға сай жақсы жабдықталған, қажетті құралдармен қамтылғаны баршаға белгілі. Кадрлық әлеуетін алып қарасақ, қос білім ордасының әлемдік аренада өзіндік орындары қалыптасқан. Ғаламдық QS World University Rankings 2024 рейтингінде Гумилев университеті 355 орынға ие болса, Абай атындағы ҚазҰПУ 681-690 орынға жайғасқан еді. Сондай-ақ, Абай университетінің Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия бойынша көшбасшы педагогикалық университет екендігін айта кеткен жөн. Міне, қоғамдағы өз орындарын осылайша қалыптастырған отандық қос ұлттық университет енді педагог кадрларды бірлесіп дайындайтын болады.


Мұндай білім беру бағдарламаларын іске асыруға Абай университетінен 21, Гумилев университетінен 11 педагогикалық бейіндік кафедрасының профессор-оқытушылары тартылады деп жоспарлануда. Бағдарлама аясында студенттердің сапалы білім алуы үшін барлық жағдайлар жасалмақ. Бакалавриатты сәтті тәмамдаған студенттерге Абай университетінің үлгісіндегі диплом беріледі. Кейін мемлекеттік тапсырыс негізінде білім алған болашақ ұстаздар мен педагог мамандар грант негізінде алған білімдерін Астана қаласында жұмыспен өтеуі қажет. Өйткені, бас қаланың еңбек нарығында осы мамандарға деген сұраныс жоғары. Дәл осы білім беру бағдарламаларын тәмамдаған түлектер өз мамандықтарының ерекшеліктеріне сәйкес, әртүрлі білім беру ұйымдарында: жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде, білім беру орталықтарында, педагогикалық бағыттағы ғылыми және әдістемелік, түзету-дамытушылық ұйымдарда, әлеуметтік-педагогикалық және ұйымдастырушылық-басқарушылық мекемелерде жұмыс істей алады.


Абай университеті ұстаз болуды армандайтын талапкерлерді Астана қаласына оқуға шақырады! Қазіргі уақытта құжаттар Абай университеті мен Гумулев университетінің қабылдау комиссиялары арқылы қабылданып жатыр.

 

Лайсханов Шахислам Ұзақбайұлы
Абай атындағы ҚазҰПУ-дың
қауымдастырылған профессоры, PhD

 

 

09.07.2024

Ақпарат көзі: qazaqadebieti.kz