қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
28.10.2010



Алматы қаласының Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнде «Болашақ жас журналистер - ауаның тазалығы үшiн және темекi шегуге қарсы» тақырыбында дөңгелек үстел өткiздi. Болашақ журналистер мен ғалым-мамандардың қоршаған орта ауасының тазалығын сақтау және студент жастар арасында темекi шегуге қарсы күрестi пәрмендi жүргiзудiң өзектi мәселелерi бойынша өз пікірлерін айтып өтті.

Таза ауа адам организмiнiң тiршiлiгi үшiн өте маңызды. Адам ауасыз бiрнеше минут қана өмiр сүре алатыны бәрiмiзге белгiлi. Алайда, қазiргi кезде қоршаған ауаның химиялық заттармен ластануы қауiптi деңгейге жеттi. Осымен қатар ауаның темекi түтiнiмен ластануы адамдардың денсаулығына, әсiресе балалар мен жасөспiрiмдердiң денсаулығына үлкен қауiп төндiрiп, орасан зор экономикалық шығындарға соқтырып отыр.

Осындай жағдайда қол қусырып, еш әрекет жасамай отыруға болмайды. Бұл бағытта мемлекетiмiздiң басқару органдары, Алматы қалалық әкiмшiлiгi және осы мәселеге қатысы бар қалалық мекемелер бiршама шараларды жүзеге асырып жатыр. Алайда, күнделiктi өмiр олардың жеткiлiксiз екендiгiн көрсетiп отыр. Осыған байланысты, қоғамымыздың барлық салауатты күштерi бiрiгетiн, әсiресе жастардың бiрiгетiн уақыты жеттi. Мiне, сондықтан, бүгiнгi дөңгелек үстелге негiзiнен болашақ жас журналистер шақырылып отыр.

Осы бағытта студент жастарға бiлiм-тәрбие беруде Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетiнде ректорымыз, ҰҒА-ның академигi Серiк Жайлауұлы Пiрәлиевтiң басшылығымен iрi iс-шаралардың атқарылып жатқанын өздерiңiз бiлесiздер. Бiздiң анатомия, физиология, гигиена және тiршiлiк қауiпсiздiгi кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы да бар мүмкiндiгiнше Алматы салауатты өмiр салтын қалыптастыру Орталығы жүзеге асырып жатқан «Алматы - темекi түтiнiнен азат қала» және «Алматыға таза ауа» атты бағдарламаларға ат салысуда. Кафедра ғалымдары қаланың қоршаған ортасының, атмосфералық ауасының ластануының мектеп жасындағы балалар организмiне зиянды әсерлерiн ғылыми зерттеу жұмыстарын да жүргiзiп жатыр.

Дөңгелек үстел жұмысына Алматы қаласы Мәслихатының депутаты, «Мұнайаспап» АҚ бас директоры Қалақов Сейiлбек Машайұлы, Алматы қаласының Гидрометеорологиялық мониторингi орталығының директоры Байедiлов Қонысбек Ескендiрұлы, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң Ұлттық Салауатты өмiр салтын қалыптастыру проблемалары орталығының бөлiм бастығы Шайкенова Айнаш Төребайқызы, «ОХҮ products» ЖШС директоры Тян Максим Геннадьевич және Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетiнiң декандары, кафедра меңгерушiлерi мен осы мамандық бойынша бiтiрушi курста оқитын белсендi студенттерi қатысты.