қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
22.01.2024

Абай университетінде ғылыми-зерттеу жұмыстарының тиімділігін арттыратын Digital Projector зертханасы ашылды

 


 

Таяуда Абай атындағы ҚазҰПУ-да «Digital Projector» ғылыми-білім беру зертханасының салтанатты ашылуы өтті. Зертхана ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «BR21882318 Жоғары оқу орнының «online community» кеңістігінде оқытушылар мен студенттердің желілік коммуникативтік мәдениеті мен цифрлық этикетін қалыптастыру жүйесін кастомизациалау» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында құрылды, жетекшісі - профессор Ұлжарқын Әбдіғапбарова.

 

Іс-шараға ҚР Парламентінің экс-депутаты Зағипа Балиева, Абай университетінің проректорлары, департаменттер мен институттардың директорлары, БАҚ өкілдері, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысты.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы - ректоры Болат Тілеп жаңа зертхананың стратегиялық маңыздылығын атап өтті.

 

- Бұл - білім мен оқу-ағарту ісінің болашағын қалыптастыратын заманауи технологиялық шешім, Абай университеті ғалымдарының ғылыми ізденістерінің айшықты нәтижесі. Заманауи зертхана еліміздің жетекші университеті ғалымдарының зерттеулерінің тиімділігін арттырып, білім мен ғылымды дамытуда үлкен рөл атқарады, - деп ойын ортаға салды.

 

«Digital Projector» ғылыми-білім беру зертханасы үш маңызды бағытты біріктіреді. Біріншісі, Coursera және EDx сияқты халықаралық платформаларға арналған контент жасау; ZOOM, GoogleMeet, WebEx және басқа құралдар арқылы заманауи Led-тақтаға онлайн оқытуды тарату, интерактивті презентацияларды жасау және бөлісу; аралас оқыту түріне арналған оқу мазмұнын әзірлеу; оқу материалдарын талқылауға және сол сәтте аудиториядан кері байланыс алу.

 

Сондай-ақ, зертхананың маңызды ерекшелігі - қолданушылар күрделі деректер мен модельдерді онлайн режимінде көрсете алады және бұл өз кезегінде шетелдік ғалымдармен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге арналған нетворкинг орта құруға септігін тигізеді.


Екіншіден, заманауи технологиялар қарапайым білім беру процесін интерактивті атмосферамен толықтырады. LightBoard және TouchBoard технологиялары презентация слайдтарын монтажсыз видеоматериалға бірден енгізуге, графикамен жұмыс істеуге, 2D және 3D графикалық элементтерін көрсетуге мүмкіндік береді, ал хромакей технологиясы фото және видео фондарды қолдана отырып, оқу және зерттеу процесіне толық енуге мүмкіндік береді.

 

Үшіншіден, телесуфлер видеоматериалды дайындау уақытын қысқартып, белсенді монитор монтаждауға жұмсалатын уақытты үнемдейді.

 

Digital Projector - бұл жай ғана зертхана емес, ол заманауи білім беру үрдістерінің көрінісі және қазақстандық білім берудің болашағын қалыптастыратын технологиялық шешімдердің бірі.

 

Зертхана білім беру процесін жетілдіруге үлкен мүмкіндіктер ашып қана қоймай, сонымен қатар Абай университетінің әлемдік деңгейдегі педагогикалық зерттеу университеті ретіндегі имиджін нығайтуға ықпал етеді.

 

22.01.2024 ж.

Ақпарат көзі: dalanews.kz