қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
09.10.2017

Зергер үшін ең басты қасиет - суретшілік, дәлдік, икемділік

 

Ғасырлар бойына ата-баба кәсібі болып келген зергерлік өнермен қазір айналысатындар саны азайып бара жатыр. Нәсіп болмайтын кәсіп дей ме? Әлде әуресі көп киын іс дей ме екен? Ол жағы бізге беймәлім. Басынан қанша киыншылық өтсе де жасымай, осы салада табысты еңбек етіп жүрген зергерлік бұйым жасаушы Абзал Молдабековпен сұхбат құрған едік.

 

    

 

 

   

 

ДАРИҒАҒА ТАРТУ ЕТІЛГЕН ӘШЕКЕЙ


- Абзал аға, зергерлік өнерге қалай келдіңіз, алғашқы ұстазыңыз кім? Сөзді алдымен осыдан бастасақ.
- Зергерлік өнерге келуіме себепші болған - ағам. Кішкентай кезімде ол кісі үйге келіп, шеберханада сақина, білезіктер жасап жүретін. Соған қарап, қызығушылығым оянып, көмектесіп жүріп үйрендім де, осы салаға келуге шешім қабылдадым. Ағам онымен қоса ағаш шебері еді. Ол маған кішкентай кеселерді ойдыртып қоятын. Сөйтіп мен дизайнер боламын деген тоқтамға келдім. Ағаммен ақылдасып, зергерлік оқуға түстім. Нағашыларым да ағаш шеберлері болған екен. «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» демекші, нағашыма да аздап қаным тартқан сияқты.
- Сіздің ойыңызша, зергерлік өнер деген не? Зергерлік бұйымдар жасау үшін қандай қабілет керек және қалай жасалады?
- Зергерлік - аса көп еңбекті, ұқыптылықты қажет ететін, күрделі жұмыс. Әшекей бұйымды әдетте таза, асыл металдардан жасамайды. Оларға қажетті механикалық қасиеттер дарытып, тиісті түс алу үшін түсті металдар қосады. Мәселен, алтынның күміс және мыспен, палладиймен, кадмиймен, никельмен, мырышпен қорытпасын; күміс пен платинаның мыспен қорытпасын, палладийдің күміспен және никельмен қорытпасын үстемелейді. Қорытпадағы асыл металдың құрамы оның сынамасын айқындайды. Зергер үшін ең басты қасиет - суретшілік, дәлдік, икемділік, ептілік. Сол үшін зергерде осы қасиеттер міндетті түрде болуы керек деп есептеймін. Сурет салуға қабілеті бар адамның жасаған туындысы әдемі көрінуімен қатар, дизайнын жасауда еш қиналмайды.
- Қай университетте білім алдыңыз? Студент кезіңізде қан жетістіктерге жеттіңіз?
- Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолөнер факультетіндегі ағаш өнері мен металлургия бағытында білім алдым. Ол жерде ағаш, металдарға байланысты барлық негіздерді үйретті. Тобымызда алғашында 2-3 адам болған еді, кейін оқуды өзім ғана аяқтап шықтым. Ал орыс тобынан бір қыз ғана оқуын аяқтады. Дипломдық жұмысымды қорғау кезінде жасаған кешенді әшекейім университетіміздің музейіне қойылды. Бір күні Дариға Назарбаева біздің университетке қонаққа келгенде ұстаздарым менің туындымды сыйға тартыпты.
- Жұмыс жасау үшін құрал-сайман, шикізат қажет екені белгілі. Мұны қайдан аласыздар?
- Зергерлікпен айналысудың бір кемшін тұсы - құрал-саймандары өте қымбат. Шетелден арзан бағаға сапасыз саймандарды алып келетін делдалдар оның бағасын көтеріп жібереді және отандық өндірушілеріміздің тауарлары қымбат болғанымен, қытай тауарының қасында өте сапалы. Сондықтан бұған әркімнің шамасы келе бермейді. Ұстаздарымыз бізге осындай құралды сатып алыңдар деп талап қояды. Әсіресе студенттерге, жаңадан жұмыс бастаушыларға бұл ауыр тиеді. Ал жұмыс істеу үшін міндетті түрде құралың болуы керек. Сол себепті шәкіртақымды жинап жүріп, аз-аздан құрал-сайман сатып ала бастадым. Қазір өзіме қажетті заттың барлығы бар.
Алтын, күмістерді арнайы орындардан аламын.
- Қазір қандай бұйымдар сұранысқа ие? Бір бұйымды қанша күнде жасайсыз, қандай ою өрнек қолданасыз?
- Негізінде, ең көп жасайтын бұйымымыз - әйелдердің әшекейі, білезік, жүзіктері. Әйелдер әшекейлері ғасырдан ғасырда құнын жоғалтпай, сұранысы артып келе жатқаны қуантады. Мен көбінесе жүзік пен білезікті тапсырыспен жасаймын. Арасында алқа және тағы басқа заттар жасап тұрамын. Жасау уақыты бұйымның көлеміне байланысты. Зергерлердің көбі жеке-дара жұмыс жасайтын болған соң, уақытымыз көп кетеді. Мен жасатқан бұйымдарына қарай ою-өрнек саламын. Кей бұйымды бір күнде, кейде бір айда жасайтын кездеріміз болады.
- Әшекейлеріңіздің бағасы қарапайым халық үшін қымбат сияқты. Оларды қолжетімді ету ойыңызда жоқ па?
- Иә, арзанырақ етіп жасауға болады. Бірақ, ескерте кетерлік жайт, бағасы арзандаса, сапасы өте төмен болады. Ал сапасы төмен бұйым сату зергер үшін ұят іс деп есептеймін. Сондықтан өз басым бағасын сапасына қарай қоямын. Еңбектеніп жасаған бұйымым бір күндік емес, ұрпақтан ұрпаққа мирас болатын дүние болса деймін.
- Шәкірт тәрбиелеу ойыңызда жоқ па?
- Ойымда бар, бірақ әлі ерте. Себебі мен өз кәсібімді енді бастап жатырмын. Аяғыма нық тұрған соң, өзіме көмекші ретінде шәкірт тәрбиелеу ойымда бар. Барлық істі жалғыз өзім атқаратын болған соң, жұмыс ауырлау.
- Бұйымға қандай тастар қолданасыз?
- Көбінесе табиғи тастарды қолданамын. Базардан қытайдың арзан тастарын алуға болады, бірақ олардың сапасы нашар. Қазір тас өңдеушілер өте аз, табиғи тастарды өңдейтін бір-екі жер бар, сол жерден аламын. Кейде табиғи тас табу қиындық туғызады.
- Көрмелерге жиі қатысасыз ба?
- Жоқ, көп қатыса бермеймін. Себебі көрмеге қоятындай дайын заттарым жоқ. Менің жасаған бұйымдарым сол күні-ақ өз иесін тауып кетеді.
- Сіз зергерлікке бизнес ретінде қарайсыз ба, әлде қызығушылығыңыз ба?
- Бұл біреулерге бизнес, біреулерге хобби болуы мүмкін. Басқа жұмысы бар, тек қосымша табыс ретінде айналысатындар да баршылық. Кішкентайымнан бұл іске қызығып өскендіктен, әшекей жасау - менің жан қалауым. Қолға алған ісіңді шабыттанып істемесең, қиындығына төзе алмайсың.


АДАМ ӨЗІНЕ СЕНІМДІ БОЛМАСА, БӘРІ БЕКЕР


- «Ана мен бала» атты туындыңыздың шығу тарихын айтып беріңізші.
- Оның тереңде жатқан құпиясы жоқ. Бүкіл жаратылыстың барлығы ана мен балаға байланысты болған соң, мен де ана мен баланы байланыстырып тұратын зат ойлап тапқым келді. Олар бір-бірімен сезім түйсіктерімен байланысып тұратынын барлығымыз білеміз. Сонымен қатар «Жан анама» деген білезіктерімді адамдар аналарына көптеп алып жатыр. Аз да болсын аналарымыздың қуануына себепші болып жатсам, мен үшін зор мақтаныш.
- Сіз суретке түсірумен де айналысатын сияқтысыз...
- Мектеп табалдырығында жүрген кезден бастап, көрген, ұнатқан затымды суретке түсіру әдетім. Ол кезде фотоаппарат деген болмады, тек ұялы телефонның камерасына түсіресің, оның сапасы нашар болып шығады. Көбінесе фантазиямен сол объектіні ұштастырып түсіргенді жақсы көретінмін. Университет оқып жүргенде бір жылдық шәкіртақымды жинап, өзіме фотоаппарат сатып алдым. Сосын суретке түсіру өнері туралы интернеттен мәліметтер оқуымен қатар, кәсіби фотографтардан да кенес сұрап тұрамын. Соның арқасында қазір өз бұйымдарымды түсіріп жүрмін.
- Бұл істі бастамас бұрын жүрексінген жоқсыз ба? Ары қарай алып кете аламын деген сенімділік болды ма?
- Менде ешқандай қорқыныш болған жоқ. Адам өз ісін толық меңгерсе және өз-өзіне сенімді болса, қандай қиын-шылық кезіксе де соңына дейін жеткізе алады деп ойлаймын.
- Өз жолыңызды тапқан жансыз. Өз ұстанымыңыз, өз отбасыңыз, өз таңдаған жолыңыз бар. Ал әлі өмірлік жолын таба алмай жүрген жас буынға айтарыңыз бар шығар?
- Жастарға айтарым - адам өзінің қалаған ісіне, мақсатына зейін қоюы керек. Бұл іс менің қолымнан келеді, соңына дейін жеткізіп, нәтижесін көруім керек деген сенім болуы тиіс. Көп жастарымыз жасқана ма, әлде жалқаулық па, қолынан келіп тұрса да ештеңе жасамайды. Адамда жігер болуы керек. Алғашында ағамның қол астында екі жылдай істедім. Туған ағам екен деп еркелеп жатып алмай, оған келген әрбір тапсырысының жартысын өзім алып жасап отырдым. Осылай аз-аздап болсын өз стилімді қалыптастырып, жолымды таптым десем, артық етпес.
- Тақырыптан тыс бір сұрақ қойсам, қоғамда дау тудырып келе жатқан тіл мәселесіне қатысты не айтасыз?
- Өзім барлық жерде қазақ тілін талап етемін және жүрген жерімде қазақша сөйлеймін. Қазақстанда тұратын әр азамат өз елінің патриоты бола білсе, тіл дауы оңай шешіледі деген ойдамын. «Көш жүре түзеледі». Қазір бұрынғыға қарағанда қазақ тілін қолданушылар саны артып келеді, осыған шүкіршілік етемін.
- Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет! Ісіңіз оңала берсін!

 

Авторы: Айман Рамзия

09.10.2017ж.

Ақпарат көзі: «Казақстан Zaman» газеті