қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.12.2023

Парасат биігіндегі азамат

 


 

«Жақсылық қылсаң халқыңа, бір қайырымын аларсың» - деп дана халқымыз айтқандай, қасиетті қазақ топырағы өз өмірін ұлт тағдырымен ұштастырған дарынды перзентке қашанда кенде болмаған. Кешегі жаугершілік заманда ұлтарақтай жер үшін атқа қонған батыр бабаларымыздың және ұлты үшін бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен, бертіндегі Алаш ардақтыларының даңқты жолын жалғастырған ұлтжанды азаматтар бүгінгі күнде де сол бабалар аманатын аяқ асты еткен емес. Бүгінгі әңгімеміз сондай азаматтардың бірі, ақ бас Алатаудың дарынды перзенті, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Молдасанов Ерсайын Мышанұлы жайында болмақ. Өмірдің сан қырлы соқпағынан еңбекке деген құлшыныспен көптің көзіне түсе білген ол Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыбастау ауылындағы В.И.Ленин атындағы мектепті бітіргеннен кейін, кезінде әр қазақтың арманы болған Алматы қаласына оқуға атанады. Көкірегіне үлкен арман ұялаған ауыл баласының алғашында өзі таңдаған мамандықа жолы болмайды. Өйткені ол уақытта Жоғары оқу орнының студенті атану екінің біріне бұйыра бермейтін еді. Бірақ үлкен қалаға деген үкілеген арманы сөнгендей болған дарынды ұлдың жігерін жасытпайын - деді ме, сол жылы Қазақстан-Ресей достығының 250 жылдығына орай арнайы бөлінген 25 гранттың бірі Ерсайын Мышанұлына бұйырады. «Қуған жетпес, бұйырған кетпес» дегендей, Алатаудың жайсаң перзенті әп-сәтте қазақ білімінің қара шаңырағы - атақты қарт ҚазПИ-дің Филология факультетіне 25 студенттің бірі болып қабылданады. Сол күні 600 талапкерден іріктеліп, студент атанған Ерсайын Мышанұлының көкейіне ұялаған арман қала оған құшағын айқара ашады.

 

Өмір жолын өзімен бірге бастаған мектеп директоры Мятжан Сақанұлының ағамыз туралы естелігінде: - Ерсайын Мышанұлы ұстаздық қызметке асқан жауапкершілік танытып, шәкірт біліміне сыни, шынайы, ұстаздық тілектестікпен қарайтын зерделі де зерек, ғибраты мол, биік тұлғалы ұстаз еді дегені бар болатын бір сөзінде. «Ер елі үшін туады»,- деп дана халқымыз айтқандай, батырлар ордасына айналған атақты ҚазПИ-дің талантты шәкірті туған отанына деген перзенттік махаббатты бәрінен жоғары қойып, оқуын аяқтамай жатып 1983-1985 жылдары Венгря Республикасында әскери борышын өтеп қайтады. Қарт құрлықтың төрінде жүрген дарынды шәкірт университет қабырғасында білікті ұстаздарынан үйренген тәлімінің арқасында жауапкершілігі мол әскери қызметте болса да, Венгрияның қыпшақ, мадияр, мажар тілдеріндегі ұқсас сөздері анықтап, күнделігіне түртіп алып жүреді. Әскерден сержант шенімен оралған ол әуелде өзі түскен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университтетінің филология факультетіндегі оқуын қайта жалғастырады. Университет қабырғасындағы атақты ұстаздары, академик С.Қирабаев, профессор Н.Ғабдулин, Ғ.Қалиев, Ф.Мұсабекова, Ө. Тыныбаева, М.Жаманов, А.Әбілқаев, Г.Қосымова сияқты тіл, ұлт жанашырларының білімі мен тәрбиесі талантты шәкіртті үлкен ғылыми ортада ғылыми жұмыспен шұғылдануға итермелейді. Ерсайын Мышанұлының университет қабырғасында жүріп, 3 курстағы «Б.Майлин шығармаларының тілі», І.Жансүгіровтің «Әнші, күйші» тақырыбындағы курстық жұмыстары ғалымның ең алғашқы ғылыми бастамасы десекте болады. Бірақ ғылымға деген ұмтылыс пен ізденісті кезінде қазақ тарихында орын алып, халқымыздың көкейінде сызы қалған желтоқсан ызғары маңдайына тиіп, амалсыз елге қайтады. Бүгінде ғалым ағамыз ол уақыттарды «От пен судың арасындағы өмірім», - мені елімнің тағдыры ұйықтап жатсамда ойландыратын еді деп сағынышпен еске алады.

 

1988 жылы туған ауылға барып, мектепте мұғалім болып қызмет атқарады. Туған жерінде өзімен бірге жұмыс бастаған өрімдей жап-жас әртүрлі мамандықтың иелері , бәрімізде білікті, ойшыл, ұйымшыл мамандар болдық десем артық айтқандығым емес. Біз жалындаған жастық шақта шаршау дегенді білмедік- дейді ағамыз өз сөзінде. Ағамыздың өзі айтқандай, еңбекқорлығының арқасында мектептегі таңның атысынан, күннің батысына дейінгі ұшы-қиыры жоқ жұмысты еңсеріп, тәрбие жұмыстарын жаңаша бағытта дамуына өзіндік үлесін қосады. Таланты жас, қажырлы еңбектің арқасында мектептегі комсомол жетекшісі атанып, аудан көлеміндегі тіл, әдебиет, мәдениет шараларына белсене қатысып, өзінің ізденімпаздығымен аз уақытта 1 алтын белгі иегерінеде жетекші болып үлгереді.

 

Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университтеті басшылығының шақыртуымен өзі білім алған қара шаңырақтың табалдырығын қайта аттайды. Ол уақытта академик С.С.Қирабаев пен профессор М.Мырзахметов сияқты екі алыптың тәрбиесін көріп, Алаш ардақтысы Шәкәрім Құдайбердіұлы шығармашылығын өскелең ұрпаққа танытқан, сол кездегі факультет деканы профессор Балтабай Әбдіғазиұлымен қызметтес болады. Ерсайын ағамыздың Балтабай ағаймен басшылықта бірге қызмет атқарған жылдарының өзі сұранып тұрған бір кітап...

 

Ол «Мемлекеттік тіл» кафедрасында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуде өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра білді. Өзінің ғылыми тақырыбы бойынша біршама зерттеулер жүргізіп, көптеген халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасайды. Нәтижесінде Ерсайын Мышанұлына 2005 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен филология ғылымдарының кандидаты, 2011 жылы доценті атанады. Ізденген тақырыбы бойынша жалпы саны 100-ден аса мақала, 6 оқу құралын жариялап,. жоғары оқу орындарының орыс тілді аудиториясы үшін: «Қазақ тілі», «Қазақ тілін үйрену әліппесі», «Кәсіби қазақ тілі» оқу құралдарын өмірге әкелді. Ғалымның 2022 жылы жарыққа шыққан «Көркем мәтінді тану мен талдау» монографиясы тың жаңалықтарға толы. Оның Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы тілінің көркемдік әлемін танудағы зерттеу еңбегі бір бөлек мақалаға сұранып-ақ тұр. Ағамыз Ақан серіні оқып біткенде Ақан сері түсіне кіргенін, кейін Көкшетауға, Тайынша қаласына барып Ақан жүрген жерлермен жүргенін айтқанда таң тамаша қаласың.

 

Сәкен серінің Ақан образы арқылы «қазақ концептісін» жасауда - ерке қазақ, өнерпаз қазақ, қонақжай қазақ, адамгершілігі зор қазақ; Қар сөзін - ақ қар,ұлпа қар,сықпа қар, жұқа ақ мамық көрпе қар, ақша қар, мұздақ қабыршық қар, қиыршық қар, қарақаттай қатқан қалың қар, тау-тау биік үрдісін қар, күртік қар, кесек-кесек қар, беті шыңылтыр қар, саулама қар деп көркемдік ой жасауда түрлі бейнеге бояса; романда бөрі бейнесін: шолақ қасқыр,қорқау қасқыр, дала құмайы, жалғыз қасқыр, бірішек кәпір, қызылшыл бөрі, ашқарақ көкжал, ақылды қасқыр, аш бөрі, омырауы биік көкжал, қатал арлан - ол бірішек-дейді. Бірішек арландардың көкжалы. Ағамыздың осындай тың, соны тілдік талдаулары бүгінде қазақ тіл біліміне қосқан елеулі жаңалықтары деуге болады. Көп жылдан бері топ тәлімгері, эдвайзер ретінде студенттерге тәлім-тәрбие жұмыстарын ұйымдастырып, сапалы білім мен саналы тәрбиені ұштастыруда, 2011 жылы Жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі еңбегі үшін Абай атындағы ҚазҰПУ-дың көптеген Құрмет грамотасымен, 2011 жылы ҚР білім және ғылым министрлігі,Ұлттық тестілеу орталығының Құрмет грамотасымен марапатталады. Осы жылы Абай университетінің 95 жылдық медалімен марапатталуы көп жылғы еңбектерінің айғағы деуге толық негіз бар.

 

Молдасанов Ерсайын - қазіргі кезде адам өмірінің асқар биігі саналатын жасқа толып, саналы ғұмырын Қазақстан болашағына арнаған арда азамат, алыс-жақын шетел танитын тұлға және тіл мен ұлт жанашыры. Оның жалпақ жаһанды таңқалдырған дана-данышпандарға еліктеп айтқан философиялық қатпары қалың ойлары өз алдына бір бөлек. Бір сөзінде: «Менің пірім - Абай! Мақсат-мұратым - туған елге деген сүйіспеншілік арқылы парасатты да рухы биік ізбасарлар тәрбиелеу!» - деген еді. Ол - шәкірт тәрбиелеу барысында: «Ақылды болғың келсе парасатты сұрақ қоюды, мұқият тыңдауды сабырмен жауап беруді және айтар уәжің болмағанда сөйлеуді доғаруды үйрен!» - деген И.Лафатердің ұстанымын жоғары ұстанған әділ де, адал азамат. Өз тарихыңды тану - болашақ кепілі, тіл,ұлт шырақшысы болу, дәл қазіргі уақытта әр қазақтың парызы екені сөзсіз.

 

Ерсайын ағамыздың көп біле бермейтін қырларын көпке таныту оңай емес. Өйткені ағамыздың жаны жайсаң тұлға екенін қатарлас курстастарынан-ақ байқауға болады. Ағамызбен қатар бітірген филология ғылымдарының докторы, профессор Қалыбаева Қаламқас, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Бораш Рыскүл апайларымыз бен педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Тамаев Алпысбай ағамыз бүгінде біз құрмет тұтар ұстаздарымыз. Олардың ғылымнан бөлек адамгершілікгі мен ініге деген ізгілігінің өзі бір төбе. Міне, осындай ғалымдармен үзеңгілес болған Ерсайын ағамыздың да биік парасат иесі болмау күнә секілді. Сөз соңында Ерсайын ағамызға ғылымдағы бағындырар белесі мол бола берсін демекпіз. Қашанда шәкірт жүрегінде биік парасатты тұлға ретінде орын ала беріңіз аға!

 

Авторы: Шоқан Құттыбаев, Абай атындағы ҚазҰПУ

Академик С.Қирабаев атындағы қазақ әдебиеті және

оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы,

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

13.12.2023 ж.

Ақпарат көзі: kazgazeta.kz