қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.10.2017

 

«ДЕНСАУЛЫҚ КҮНІ» СПАРТАКИАДАСЫ

 

2017 жылдың 21 қазаны күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде жалпыуниверситеттік «Денсаулық күні» Спартакиадасы  ұйымдастырылды.

Спорттық шара университет басшысы бастаған ұжымдық топтың  жүгіруімен басталып, барша қатысушылардың жігерін оятты.

Университет ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев  шараны салтанатты түрде ашып, өз сөзінде университетімізде салауатты өмір салтын насихаттауға, көпшілікке арналған спорт түрлерін дамытуға үлкен мән берілетіндігін атап өтті. Бүгінде кәсіби спортшыларды даярлау үшін университет  жанында дене мәдениеті және спорт педагогтарын даярлаудың теориясы мен әдістемесі және  сауықтыру дене мәдениеті кафедралары, сонымен қатар жастарды жаппай спорт түрлеріне тарту бағытында 21 спорттық клуб жұмыс жасайтындығын тілге тиек етті.

Сөз кезегін алған  Медеу ауданының әкімі Жылқыбаев Ержан Жұматұлы барша Спартакиада қатысушыларын құттықтап, алдағы уақытта осындай  ауқымды спорттық шаралар өз жалғасын табатындығына сенім білдірді.

Дүбірлі дода  600-ден астам студенттен құралаған  флешмобпен ашылып,  одан әрі сауықтыру дене мәдениеті кафедрасы жанындағы спорттық секциялардың көрінісіне ұласты.

Шараның арнайы қонақтары  Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің жанындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Десанттық-шабуылдау әскерлері әскери қойылым арқылы   көрермендердің  патриоттық сезімдерін оятып, рухын көтерді.

Ресми бөлім спорттық  жарыстарға жалғасып,  институт жанынан құралған командалар футбол, волейбол, қазақ күресі,  жеңіл атлетика, үстел теннисі, шахмат,тоғызқұмалақ, қол күресі ойындар түрінен бақ сынасты. Университет бойынша  35  команда,  750 спортшы  қатысты.

Командалық есеп бойынша профессор-оқытушылар құрамы мен  қызметкерлер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде  3 орынды  Математика, физика және информатика институты иеленсе,  Жаратылыстану және география институты 2 орынның жеңімпазы атанды, ал  жүлделі 1 орын Өнер, мәдениет және спорт институтының еңшісіне бұйырды.

Командалық есеп бойынша студенттер арасында ұйымдастырылған спорттық жарыстар нәтижесінде  Өнер, мәдениет және спорт институты 3 орын жүлдегері,  Математика, физика және информатика институты 2 орын жүлдегері, ал Филология және көптілді білім беру институты  1 жүлделі орынның жеңімпазы атанды. Барлық  жеңімпаздар университет ректорының грамотасы және арнайы кубогымен марапатталды.

Спартакиада барысында жоғары белсенділік танытқан бірқатар қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы ректордың алғыс хатымен марапатталды.

 

ФОТОМАТЕРИАЛДАР


 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және

жастар саясаты жөніндегі департамент