қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
23.11.2023

Оразалы Досбосыновқа арналған айтыс өтті

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аталған оқу орнының түлегі, жасындай жарқ етіп, 30-ға жетпей өмірден озған, айтыстың жарық жұлдызы, қазақ айтыс өнерінде өшпес ізі қалған ақын Оразалы Досбосыновқа арналған «Ақынмын сөзі жетер сан ғасырға...» қалалық студенттер айтысы өтті.

 

Өнер додасына оңтүстік астанада орналасқан Абай университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Нұр-Мұбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Сүлеймен Демирель атындағы Қазақ-түрік университеті, тағы басқа іргелі жоғары оқу орындарынан 12 үміткер қатысып, бақтарын сынады.

 

Айтысқа Абай университеті мен «Абай» атындағы Халықаралық мәдениет пен өнерді қолдау қоры, сондай-ақ «Атамұра» корпорациясы ЖШС қаржылай қолдау көрсетті.

 

Табанда жұпталған жас жүйріктер суырыпсалмалық өнер мен шымыр ұйқастармен шаппа-шап айтыстың озық үлгісін көрсете білді. Жас ақындардың өнеріне ҚР Мәдениет қайраткері, белгілі айтыскер ақын Серік Қалиев, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы, «Абай университеті» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Болат Шарахымбай, айтыскер ақын, «Абай» атындағы мәдениет пен өнерді қолдау қорының төрағасы Аслан Ғафуров қатарлы әдебиет пен мәдениет қайраткерлері әділ бағасын берді.


Іс-шараны университеттің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов құттықтау сөзбен ашып, жас жүйріктерге сәттілік тіледі.

 

Ақтық кезеңнің қортындысы бойынша, қазылар алқасының шешімімен Ұларбек Жеңісбекұлы бас жүлдені қанжығасына байлап, 150 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлыққа және университет ректорының арнайы дипломымен марапатталды.

 

Бірінші орын - университетіміздің студенті Санжар Даярбекке бұйырса, екінші орын - Жалғас Қазыбекке, жүлделі үшінші орын - Сандыбай Піржан лайық деп табылды. Айтып өтер нәрсе, додаға қатысқан жас ақындардың ешқайсысы жүлдесіз қалған жоқ. Барлығы қаржылай сыйлыққа және арнайы дипломдармен аталып өтті.

 

Одан бөлек, «Атамұра» корпорациясы ЖШС президенті, меценант Рақымғали Абрарұлының тағайындаған арнайы жүлдесіне университетіміздің студенттері Сәулет Нұршапағат, Шұғыла Қасымбек және Дінислам Абитилда ие болды. Дәл осындай арнайы қаржылай сыйлық марқұм Оразалы Досбосыновтың отбасына да берілді.

 

Айтып өтетін бір жайт, оқу ордамыздың атынан осындай өнер додасына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген ақындарымыз университет жанында жұмыс істейтін «Оразалы Досбосынов» атындағы жас айтыс ақындар мектебінде (жетекшісі белгілі айтыскер ақын Шұғайып Сезімхан) тәрбиеленіп, даярланады.

 

23.11.2023 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz