қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
31.07.2017

 

ҚазҰПУ ҰЖЫМЫ «ЭКСПО-2017» КӨРМЕСІНДЕ


           ТМД аумағында алғаш рет өткізіліп отырған  "Астана ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесінің өз жұмысын бастағанына да бір жарым ай болыпты.

             Осы күнге дейін халықаралық көрмені тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған шетелдік қонақтар мен отандастарымыз келіп-кетуде, қазір де келушілердің саны үзілер емес.

             Қазақ білімінің қара шаңырағы  - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ұжымының алғашқы легі де білім ордамыздың ректоры, профессор Такир Балықбаевтың тікелей қолдауымен Астана төрінде салтанат құрған «ЭКСПО-2017» көрмесіне іс-сапарға жолдама алып, 25 шілде күні Елордаға табан тіреді.   Іс-сапардың барлық шығындары университет қаражаты есебінен төленді. 

         «ЭКСПО» көрмесіне жолдама алғандардың қатарында университетте ұзақ жылдар бойы ерен еңбектерімен ерекшеленген ұстаздар қауымы мен қызметкерлері және де оқуда озат, қоғамдық өмірде белсенді білім алушылар болды. Атап айтқанда, университетіміздің ардагер-ұстазы, педагогика ғылымдарының докторы Күләш Оразбекова, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Мұрат Сембинов, «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» (2014 ж.) атағының иегері, география ғылымдарының докторы Бахадурхан Абдиманапов, Халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Симтиков, Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әзия Жұмабаева және т.б.

         Көрмеге барған университет ұжымын Л.М. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі әріптестеріміз жылы қабылдап,  Студенттер үйіне жайғастырды.

          Келесі күні белсенділер тобы халықаралық көрмені тамашалауды  Қазақстанның Ұлттық павильоны орналасқан "Нұр Әлем" сферасынан бастады.  Еліміздің  салт-дәстүрі, мәдениеті, тарихымен қатар «жасампаз энергияның» үздік жобаларын ұсынған бұл павильоннан ҚазҰПУлықтар үлкен әсер алды.

         Одан әрі университет ұжымы Оңтүстік Корея, Сингапур, Малайзия, Жапония, Германия, Франция, Ұлыбритания сынды дамыған мемлекеттердің

жасыл технологиялар бойынша ұсынған инновациялық жобаларымен танысты.

         Қысқа мерзімді болса да тағылымы мол танымдық сапардан рухани азық алған әріптестеріміз университет басшылығына шексіз алғыстарын білдіруде.

«Жақсыны көрмекке» дегендей,  университет белсенділерінің тағы бір легі тамыз айында халықаралық көрмені тамашалау үшін аттанбақ.

            Тағы бір айта кететін жайт, университетіміздің ғылыми-педагогикалық қауымы мен белсенді жастары «ЭКСПО» көрмесін ұйымдастыруға өзіндік үлесін қосуда. Атап айтқанда, Ұлттық павильонның «Болашақ энергиясы» экспозиция қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті «Теориялық және тәжірибелік физика» ғылыми-зерттеу институтының «Көмірсутектік газ қоспасын бөліп алуға арналған құрылғы» атты жобасының орналасуы университетіміздің мәртебесін асқақтатып, әлемдік ғылыми қауымдастықтың қызығушылығын оятты. Бұл жоба  көмірсутекті газ қоспасын тасымалдау, өңдеу және пайдалану барысында экологиялық қауіптерді төмендетуге бағытталған. Жоба жетекшісі физика-математика ғылымдарының докторы В.Н. Косов. Бұдан басқа көрмеде университетіміздің 20 студенті еріктілер қатарында ел игілігіне қызмет жасауда.

        Сорбонна-Қазақстан институты «Халықаралық қатынастар», «Менеджмент» мамандықтарының магистранттары Сорбонна Париж Cитэ  университетінің ұйымдастыруымен «Астана EXPO-2017» - Франция павильонына  «Болашақ энергиясы» франкотілдес жастар жобалары конкурсы аясында  «Экологиялық қалалық көлік идеяларын дәріптеу», «Жасыл технология: су және ауаның өндірілуі», «Текелі қаласының «эко-қала» ретінде пайда болуы» тақырыптары бойынша ғылыми жұмыстарын ұсынды.  Ауқымы кең, маңызы зор  шара  университет ғалымдарының ғылыми ізденістерге деген ынталарын оятып, жаңа бастамаларға серпін берді.

         Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін биіктететін бұл тарихи оқиға - еліміздің еңселілігін, мем­лекетіміздің мығымдығын, ұлтымыздың  ұлылығын ұлықтайтын  Ұлы Жоба! 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар
және жастар саясаты басқармасы