қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
05.07.2017

 

ЖАС МАМАНДАР ТАҒЫ БІР ЛЕГІ ӨМІРГЕ ЖОЛДАМА АЛДЫ

 

            Үстіміздегі жылдың 3 шілдесі күні білім ордамызда Тәрбие басқарманың ұйымдастыруымен Филология және көптілді білім беру институтының түлектеріне диплом табыстау рәсімі өтті. Жалпы шараға 330 түлек қатысып, соның 85 түлегіне «Үздік диплом» табысталды.

         Шараны университет ректоры, профессор Такир Оспанұлы Балықбаев ашып,  бітірушілерге салтанатты түрде дипломдарын табыстады. Ректор  өз сөзінде: «Ахмет Байтұрсынұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Құдайберген Жұбанов, Мәлік Ғабдуллин  сынды  ұлт зиялылары дәріс берген,  ғасырға жуық тарихы бар университет қабырғасында  бүгінгі күнге дейін 150 мың ұстаз, білім-ғылым мекемелері үшін 3 мыңнан астам ғылыми кадрлар  даярланды. Әр университет жұмысының көрсеткіші - түлектері. Түлектерінің еңбек жолындағы үздік жетістіктері - университет үшін зор мақтаныш» - дей келе, сөз өнері майталмандарының жолын қуған  филолог-ұстаздардың өскелең ұрпақты ұлттық рухқа баулуда атқаратын рөлі ерекше екендігін тілге тиек етіп, қара шаңырағымыздан түлеп ұшқан түлектер қоғамның барлық саласында белсенді еңбек етіп, алдыңғы қатардан көрінулеріне тілектестік білдірді.

             Өз кезегінде институт түлектері атынан университет белсендісі, қалалық және республикалық деңгейлерде түрлі мәдени шаралардың жүргізушісі, Филология және көптілді білім беру  институтының түлегі Төлеуов Ермек, осы институттың «Үздік диплом» иегері Айтмағамбетова Айтолқынның  өзіңізге және университет ұжымына деген жүрекжарды тілектері мен алғысын білдірді.

         Салтанатты шара концерттік бағдарламаға ұласып, ҚР мәдениет қайраткері «Құрмет» орденінің иегері, әнші Құдайберген Бекіш және қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Серікбол Сайлаубек және  университетіміздің өнерпаз түлектері әуелетіп ән салып, би билеп, көрермендердің көңілін бір серпілтіп тастады.

         Диплом табыстау рәсімін бірінші проректор М. Ермағанбетов жалғастырып, бітірушілерге жылы лебізін білдірді.

           Филология және көптілді білім беру институтының директоры  Б. Әбдіғазиұлы  бастаған институт ұжымы салтанатты шараны қорытындылап,  түлектерге өмірлік жолда ақ жол тіледі. Қоғамдық жұмыстарда жоғары белсенділік  танытып, С.Сейфуллин атындағы әдеби-шығармашылық бірлестігінде шығармашылығымен ерекшеленген түлектердің ата-аналары университет атынан  «Дипломдармен» және «Алғыс хаттармен» марапатталды. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар

және жастар саясаты жөніндегі басқармасы