қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
20.09.2023

Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне жаңа ректор тағайындалды

 



ҚазҰПУ-дың жаңа Басқарма төрағасы-ректоры тағайындалды

 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға жұмыс сапары аясында Абай атындағы ҚазҰПУ-дың ұжымына университеттің жаңа Басқарма төрағасы-ректоры Болат Тілепті таныстырды. Бұл маңызды іс-шараға университет басшылығы, Ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

 

Кездесу барысында Саясат Нұрбек Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстарға тоқталып, білім және ғылым саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Министр жоғары оқу орындарына, ғылыми-педагогикалық кадрларға, сондай-ақ жас ғалымдар мен студенттерге мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Бұл оқытушылар мен білім алушыларға қолайлы жағдай жасауды, университеттің инфрақұрылымын дамытуды, материалдық-техникалық базаны жақсартуды және білім алушыларды жатақханалармен қамтамасыз етуді қамтиды.

 

Кездесуде университет көшбасшылығын одан әрі жетілдіру, педагог кадрлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, олардың цифрлық сауаттылығы мен мәдениетін қалыптастыруда жасанды интеллект құралдарын қолдану, оқу орнының мәртебесін көтеру, озық педагогикалық зерттеу университетіне көшу және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнату мәселелері талқыланды. Министр еліміздің ғылыми базасы мен инновациялық әлеуетін дамытуға ықпал ететін жоғары оқу орындары мен ғылыми институттар арасындағы ғылыми байланыс пен ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

 

Саясат Нұрбек университет ұжымын 95 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орнының дамуына қосқан өлшеусіз үлесі үшін университеттің бұрынғы басшысы, қазіргі ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Дархан Біләловқа алғысын білдірді. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының жаңа басшысына табыс тіледі. Министр Болат Тілептің басшылығымен университет білім беру мен ғылыми зерттеулердің жоғары стандарттарын жаңғырту мен оған қол жеткізу жолын жалғастырып, 95 жылдық бай тарихы бар оқу орнының дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.

 

Б. Тілеп тұңғыш жоғары оқу орнының қабырғасында диссертация қорғап, Абай атындағы ҚазҰПУ заң факультетінде оқытушы болып жұмыс істеді. Жаңа басшының еліміздің қоғамдық-саяси және ғылыми салаларында тәжірибесі мол: «Стратегия» талдау орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы, Әлеуметтік-саяси зерттеулер ғылыми-зерттеу институты мен Саяси технологиялар орталығында аға ғылыми қызметкер болған. Ішкі саясат департаментінде, Алматы және Астана қалаларының Ішкі саясат басқармасында, ҚР Қорғаныс министрлігі Әкімшілік департаментінде басшылық лауазымдарында жұмыс істеді. ҚР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі қызметінде, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде жұмыс істеп, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің басшысы лауазымдарында қызмет атқарған.

 

Министр университеттің Педагогика және психология институтында болды. Биыл институттың оқу ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи жиһаздармен жабдықталған, интерактивті панельдер, мультимедиялық студия, оқу кабинеттері мен зертханалар барлық қажетті құрал-жабдықтармен және жаңа технологиямен жаңартылған болатын. Институттың материалдық-техникалық базасымен танысып, оқытушылармен және студенттермен сөйлесті.

 

Кездесу соңында министр университет ұжымына еліміздегі жоғары білімнің дамуына қосқан қажырлы еңбегі үшін алғысын білдірді.

 

20.09.2023 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz