қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
20.03.2023

«Өнер жолындағы іздер» шығармашылық көрмесі


2023 жылдың 17 наурызында Өнер, мәдениет және спорт институтының «Жасампаз» галереясында ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Ерлан Асембайұлының 50 жасқа толуына орай «Өнер жолындағы іздер» шығармашылық көрмесі өтті.

 

Көрменің ашылу салтанатына Абай атындағы ҚазҰПУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Гүлжан Жарасова, стратегия, цифрландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, Ардагерлер кеңесінің төрағасы Берікжан Әлмұхамбетов, ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов қатысып, жүрекжарды құттықтауларын жеткізді. Көрменің ашылу салтанатын Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Өнер мәдениет және спорт институты директорының ғылыми істер және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары Кәрім Байқұтов кеш иесі туралы мәліметтермен таныстыра отырып, кешті жоғары деңгейде жүргізді.

 

Көрменің ашылуында проректор Гүлжан Жарасова көрме авторын құттықтап, оқу орнының бейнелеу өнерін кеңінен дәріптеуге, болашақта мамандар даярлауға, мектептерде «Бейнелеу өнері» пәнін дамытуға үлес қосып жүрген институт оқытушыларына қолдау көрсету қажет екеніне тоқталып, түрлі іс-шаралар өткізілетіндігін атап өтті. Ақтолқын Құлсариева Ерлан Асембайұлының «Көркем білім» кафедрасында қызмет еткен жылдарын, өнер саласында да жасап жатқан шығармашылық еңбегі туралы кеңінен таныстырды. Сонымен қатар институтта шығармашылық өнер адамдарының, оқытушылардың сурет, қылқалам және т.б. көрмелерін болашақта жүргізіп отыру жалғасын табу керектігін айтты.


Шығармашылық көрменің ашылу салтанатында академик Берікжан Әлмұхамбетов құттықтау сөз сөйлеп, шығармашылық табыс тіледі. Е.Асембайұлының «Өнер жолындағы іздер» шығармашылық көрмесіне Өнер мәдениет және спорт институтының директоры Тайыржан Искаков институт ұжымы атынан құттықтау хатын жолдады. ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жубаниязов ҚР Суретшілер Одағы атынан суретші Е.Асембайұлына Алғыс хаты мен құттықтау хатын табыстады. Суретші Е.Асембайұлының ағасы Толқын Абенұлы жастайынан өнер жолына түсіп, сурет салудағы жеткен шығармашылық жетістіктерін атап, шығармашылық көрменің өтуіне өз құттықтауын, тілегін білдіріп, сөз сөйледі.

 

Көрмеге Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының аға оқытушысы, п.ғ.к. Ерболат Кисимисов құттықтау тілегін жеткізе отырып: «Абай атындағы ҚазҰПУ мен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы арасында екіжақты байланысты нығайтып, магистранттар мен студенттер арасында шығармашылық жұмыстар жүргізіліп тұруы үшін оқытушылар еңбегі табысты болуы қажет», - деп өз жүрекжарды құттықтауын жеткізді.

 

Ерлан Асембайұлының мерейлі 50 жасқа толуына орай «Өнер жолындағы іздер» шығармашылық көрменің салтанатты ашылуына студенттер, мерейтой иесінің әріптестері мен туысқандары қатысты.

 

  alt=