қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.02.2023

Ғани Бейсембаев Абай университетінің ұжымымен кездесті

 


 

2023 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Абай университетінің ұжымымен кездесті.

 

Абай атындағы ҚазҰПУ Басқарма төрағасы-ректор Дархан Біләлов университеттің білім беру, ғылыми-зерттеу қызметімен, сондай-ақ жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен таныстырды. Мектептермен байланысты нығайту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісіп, жаңа буынмен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылды.

 

Министр белгілі ғалым-ұстаз отбасының қолдауымен ашылған профессор Г.А.Уманов атындағы кабинетті, одан кейін жастарды қолдауға арналған заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті материалдармен жабдықталған Абай атындағы студенттік орталықты аралап көрді. Ғани Бейсембаев білім алушыларға ең батыл идеяларды іске асыруға, қызықты жобалар мен стартаптарды әзірлеуге, білім мен ғылымды дамытуға, адами әлеуетті арттыруға және жастарды қолдауға көмектесетін осындай орталықтардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ университет студенттерімен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесті. Білім саласындағы бірінші кезектегі міндеттер, кадрлар даярлау сапасы мен оқушыларды тәрбиелеу, қазақстандық мұғалімдердің беделін арттыру мәселелері талқыланды. Бұл шаралар жас мұғалімдерге үлкен мүмкіндіктер береді.

 

Кездесу барысында министр қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік брендке айналдыру, педагогикалық білім беру тұжырымдамасының құндылығын арттыру, мұғалімдердің мықты базасын және мектеп директорларының кадрлық резервін құру, жас мұғалімдер қатарынан мықты кадрлар даярлау, жоғары педагогикалық этикасы бар мамандарды қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін нығайту, мектептер мен республикалық кітапханалар үшін жағдай жасау мәселелеріне назар аударды. Кітапханаларға жағдай жасау және оларды ғылыми-педагогикалық, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету, білім беру бағдарламалары мен стандарттарына тиімді инновацияларды енгізу, әдістемелік ұсынымдар, инклюзивті білім беру жүйесін дамыту, мектеп оқулықтарының авторларына қойылатын талаптар бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

 

Кездесуде студенттер мен оқытушылар тарапынан сұрақтар қойылып, орта білім беру жүйесін жетілдіру бойынша өз ойларын ортаға салды.

 

Ғани Бейсембаев Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орнының жоғары ғылыми-білім беру әлеуетін атап өтіп, бүкіл еліміз үшін жоғары білікті кадрлар даярлап жатқан педагогтарға алғысын білдірді.

 

24.02.2023 ж.

Ақпарат көзі: turkystan.kz