қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
23.01.2023

Ұлттық тарихи білімнің саяси-философиялық үдерістері талқыланды

 

2023 жылы 20 қаңтарда Тарих жәнен құқық институтының үйымдастыруымен ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің түлегі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берлібаев Бақдәулет Тұрбекұлының 70 жылдығына арналған «Ұлттық тарихи білімнің саяси-философиялық үдерістері» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияға қатысуға еліміздің жоғары оқу орындарының, академиялық деңгейдегі ғылыми ұйымдардың ғалымдары мен педагогтары шақырылып, олардың барлығы дерлік белсенді түрде баяндама жасады.

 

Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша жүргізілді:


1. XX ғасырдағы әлемдік тарих ғылымының жетістіктері және дүниенің таным теориясы.

2. Арғы (мифологиялық) және бергі қазақтың ауызша тарихы.

3. «Тарихи-мәдени мұра» мен «Дүниетану негізінің» болашағы.

4. XXI ғасырдағы білім мазмұнының макромоделі: «МӘДЕНИЕТ. БІЛІМ. ТАРИХ».

 

Конференция жұмысы қазақ және орыс тілдерінде өтті. Негізгі баяндамашылар мерейтой иесінің өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметіне ғана емес, сонымен қатар ұлттық тарихи білім берудің саяси-философиялық үдерістердің жаңа бағыттарына қатысты кең және ашық пікірталастар түрінде өз әңгімелерімен бөлісті. Барлық қатысушыларға еркін сөйлеуге, ой алмасуға мүмкіндік берілді. Ғалымның жеке қасиеттері емес, бүгінгі өмірдегі тарихи құбылыстың жалпы қыры, оңды мәселелер төңірегінде ой-пікірлер айтылды.


Іс-шара барысында профессор Б.Т. Берлібаевтың «Тарих пен таным» (Өмір-өзен, ой -теңіз) кітабының тұсаукесері өтті. Кітап тарихи білімдік ой-сана және тарихты танымдық жағынан тану тұрғысында жазылып, студенттер үшін ғана емес, қалың көпшілікке арналған тағлымы мол әрі жаңа стильмен жазылған еңбектің бірі болып табылатынын байқатты. Профессор Б.Т. Берлібаевтың бұл еңбегі 2021 жылдың 5 қаңтарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 4 бөлімнен тұратын әділетті қоғам мен тиімді мемлекет құрудың мақсат-міндеттерін көрсеткен және еліміздің Қазақстан тарихына барынша көңіл бөлінген, «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласындағы ой-тұжырымдарды тиімді пайдалана білуімен ерекше құнды болды.


Осылайша, республикалық ауқымдағы аталған ғылыми конференция танымдық-тәрбиелік пікірталаспен аяқталды.

 

  alt=  

 

  alt=