қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
26.12.2022

Балтабай Әбдіғазиұлының мерейтойына арналған конференция өтті

 



Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Балтабай Әбдіғазиұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Заманауи білім беру кеңістігіндегі филология ғылымы: дәстүр мен инновация» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.


Конференцияға Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасының жоғары оқу орындары басшылары мен ғалымдары, отандық университет басшылары, Мәжіліс депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Балтабай Әбдіғазұлының шәкірттері қатысты.


Іс-шараны ашқан университеттің Басқарма төрағасы, ректор Дархан Нұрланұлы қазақ ғылымында өзіндік орны бар Балтабай Әбдіғазиұлын мерейтойымен құттықтады.


«Тәуелсіз Қазақстанның тарихында біздің универсиетіміздің де өзіндік орны бар. Тұңғыш білім ордасы арада қанша уақыт өтсе де, өзінің тұғырынан төмендеген емес. Қазіргі таңға дейін еліміздің орта мектептерін білікті мамандармен қамтамасыз ету жұмысын жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Бұл қажырлы еңбекте бүгінгі мерейтой иесі Балтабай Әдіғазиұлының өзіндік орны да ерекше. Өйткені университет қабырғасынан түлеп ұшқан он мыңдаған шәкірттің сапалы білім алуына ардақты ұстаз - Балтабай ағамызда сүбелі үлес қосты», - деді Дархан Нұрланұлы.


Сондай-ақ Балтабай Әбдіғазиұлының замандасы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Зейнолла-Ғабден Бейсенғали «Шәкәрімтану мәселелері» тақырыбында баяндама жасап, мерейтой иесінің ғалымдық қырын жаңаша танытты. Одан бөлек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Қ.А.Яссауи атындағы ХҚТУ вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев және тағы да басқа ЖОО профессорлары, ғалымдары баяндама жасап, мерейтой иесін құттықтады.

 

Конференция модераторы, институт директоры Алуа Таңжарықова жиынға офлайн және онлайн қатысып отырған мәртебелі қонақтардың өзі іс-шара маңыздылығын арттырып отырғанын жеткізді.


«Балтабай Әбдіғазиұлының білікті ұйымдастырушылық пен жанашыр азаматтық тұлғасын бүгінгі қонақтардың ыстық ықыласынан да байқауымызға болады. Бұл қадірлі ұстазымыздың өзінің адал еңбегімен шыққан биігі», - деп іс-шараны қорытындылады ол.

 


23.12.2022 ж.
Ақпарат көзі:
turkystan.kz