қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
08.12.2022

Аутизмге ұшыраған балаға қолдау көрсететін мамандар курс оқып жатыр

 


 

Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ Педагогика және психология институты арнайы курс өткізіп жатыр.

 

Арнайы және инклюзивті білім берудің оқу-зерттеу зертханасы базасында «Аутизм спектріндегі ауытқуы бар балаға қолдау көрсету» оқыту курсы басталды. Жоба Қазақстандық қолданбалы мінез-құлық талдау мамандары қауымдастығымен бірлесе жүзеге асып жатыр. 5 желтоқсан күні басталған оқу курсы 13 желтоқсанға дейін жалғасады.

 

Курстың мақсаты - аутизмге шалдыққан балалармен жеке және топтық жұмыс істеуге қажетті құзыреттіліктерді қалыптастыру; олардың мінез-құлқын түзетуге арналған ғылыми дәлелденген әдістемелермен таныстыру. Сонымен қатар қолданбалы мінез-құлық талдауы (ABA) сарапшыларының әлемдік тәжірибесін талқылау.

 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аутизмге шалдыққан балаға уақытылы (ерте жастан бастап) психологиялық көмек көрсету өте маңызды. Осындай жұмыстың нәтижесінде, аутизмге шалдыққан балада қарым-қатынас дағдылары қалыптасады. Жеке психологиялық-педагогикалық қолдаудан кейін ғана, баланы ары қарай әлеуметтік ортаға - балабақшаға немесе мектепке жіберуге болатын көрінеді.

 

Ұсынылған курс ата-аналарға, аутизм спектріндегі ауытқуы бар балалармен жұмыс істейтін мамандарға, психология және арнайы педагогика бағытында білім алушыларға, оның ішінде магистранттар мен докторанттарға арналған.

 

Бір апталық курста Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Педагогика және психология институтының директоры Ғалия Абаева, мінез-құлық талдаушысы, мінез-құлық бағдарламаларының кураторы, «Росток» орталығының директоры Жанат Ахметова, «Росток Атырау» АБА орталығының директоры, BCBA толық жоғары кәсіби курсын бітірген Умирлазат Утебаевалар қатысушылармен өз тәжірибесін бөліседі.

 

 

 

08.12.2022 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz