қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
13.12.2022

«Түркістан - Кентау белестері; Қазақтың соңғы биі - Шойынбет» кітабының тұсаукесері рәсімі өтті

 


 

Бүгін оқу ордамызда салтанаты бөлек жиын өткізілді. Онда ҚР Журналистер Одағының мүшесі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің «Хакім Абай» ҒЗО директоры Жабал Шойынбеттің «Түркістан - Кентау белестері; Қазақтың соңғы биі - Шойынбет» атты кітабының тұсаукесері рәсімі өтті. Аталған шараға зиялы қауым өкілдері мен университет қызметкерлері және студент жастар қатысты.


Мән-маңызы бөлек шараға университетіміздің әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев модераторлық етіп, Жабал Шойынбеттің атқарған қызметтері мен жазған еңбектерін қалың жұртшылыққа таныстырды. Сонымен қатар, «Түркістан - Кентау белестері; Қазақтың соңғы биі - Шойынбет» атты кітапта жазылған құнды дүниелерді де назардан тыс қалдырмады.


«Түркістан - Кентау белестері; Қазақтың соңғы биі - Шойынбет» атты кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімінде, тәуелсіздікпен қатар құрылған, қазіргі түбі бір түркі әлемінің білім ордасына айналған Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің іргетасы қаланған уақыттан бастап, бүгінгі таңа дейінгі жетістіктері баяндалса, екінші бөлімінде шежірелі Созақтан шыққан, киелі Түркістан жеріндегі небір дауларға төрелік білдіріп, қаншама өзекті мәселелерге билік айтып, қалың елдің базынасын шешіп отырған Шойынбет би жайында жазылған.


Тағылымы мол шарада кеш иесіне оқу ордамыздың 30 жылдық төсбелгісі тағылып, арнайы құттықтау хатпен шапан жабылды. Айта кетейік Жабал Шойынбет оқу ордамызда 1994-2008 жылдар аралығында сүбелі еңбек еткен.


Сондай-ақ қалалық әкімдік пен қалалық мәслихаттан арнайы құттықтаулар мен сый-сияпаттар табысталды. Сонымен қатар, Жабал Шойынбет дүниеге келген Созақ жерінен де арнайы құттықтау хаттар мен бағалы сыйлықтар жетті.


Осылайша жалғасқан жиында «Түркістан - Кентау белестері; Қазақтың соңғы биі - Шойынбет» кітаптың тұсау кесер рәсімі өтті.


Жиын соңында кеш иесі жиналған барша қауымға алғысын білдіріп, «атақ-абырой не керек, халқымның, туған жерімнің осындай үлкен қошеметі, мен ыстық ілтипаты тұрғанда»,-деп сөзін қорытындылап, оқу ордамыз бен қала кітапханаларына өз кітаптарын сыйға тартты.

 

13.12.2022 ж.

Ақпарат көзі: ayu.edu.kz