қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
03.12.2022

Ұстазды даярлау - тұтас ұрпақты тәрбиелеу - Дархан Біләлов

 

 

Жаңа заманның жаңашыл ұстазы қандай болуы керек? Бүгінде педагогикалық оқу орнының студенті ертең білім беру мекемелерінде сабақ береді. Демек олардың заманына қарай озық жоғары білім алып, педагогикалық шеберлігін шыңдағаны абзал. Осы орайда ел ұстаздарының ұстаханасына айналған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректоры Дархан Біләловпен сұхбаттасып, маман даярлау ісінің өзекті мәселелерін, жаңашылдықтарын талқыладық.

 

- Дархан Нұрланұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің басшылығына келгеніңізге 1,5 жылдай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында универ­ситетте қандай өзгерістер болды? Жүзеге асы­ра бастаған жобаларға тоқталып өт­сеңіз...

 

- Осы қысқа мерзім ішінде университет қызметінің барлық бағыты бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Ең алдымен, оқу орнының 2022-2025 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданды. Осы құжат аясында университеттің кадр саясаты әзірленіп, профессор-оқытушылар құра­мы мен қызметкерлерді жұмысқа қабыл­даудың жаңа қағидалары енгізілді. Кан­дидаттардың резервтік базасы құрылды, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп, алқалы басқару органы кеңейді. Сондай-ақ, академиялық қызмет бойынша білім беру бағдарламаларының аудиті жүргізілді. Студенттердің білім сапасын арттыру, білім берудің жаңар­тылған мазмұнына басымдық берілді. Жол картасын іске асыру аясында озық шетел­дік жоғары оқу орындарымен тәжірибе алмасу, мектептермен байланысты нығайту және педагогикалық сынып құру сияқты шаралар жолға қойылды. Педагогикалық университет болғаннан кейін мектептермен тығыз байланыс орнатуға айрықша мән береміз. Осы мақсатқа жетуге Honors College және «Цифрлық еріктілер» жобалары үлкен үлес қосты.

 

Ұстаздар ұстаханасы атанған еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны зерттеу универ­ситетіне айналуды мақсат етеді. Соған байланысты ғылыми қызметке басымдық берілген. Жаңа жобаларды әзірлеу, жас ғалымдарға арналған гранттар мен ғылыми тағылымдамаларды арттыру, олардың идеяларын іске асыру үшін қаржы­ландырудың түрлі жолдарын іздеу, ғылыми конкурстарға қатысуды қолдау бағытында да нәтижелі жұмыстар қолға алынды. Ғылыми кеңестің де жұмысы күшейтілді. Алғаш рет ғылыми кеңес мүшелерін сайлау жүйесі енгізіліп, Жас зерттеушілер кеңесі құрылды.

 

Әлеуметтік тәрбие жұмысын жақсарту - университет жұмысының негізгі бағыт­тарының бірі. Сондықтан жатақханамен қамтамасыз ету, рухани-адамгершілік тәрбие беру, жастар кәсіпкерлігін дамыту, талантты студенттерді қолдау басты на­зар­да. Ашықтық пен қолжетімділік кеңейтілді. Town Hall кездесулерінің жаңа форматы енгізіліп, профессор-оқытушылар мен студенттер барлық мәселені ашық талқы­лайды.

 

Әрине, атқарылған жұмысымыз бен болашаққа жоспар туралы көп айтуға бо­лады. Біздің барлық жетістігіміз ұлттық және халықаралық рейтингтерде көрсе­тілгенін атап өткім келеді.

 

- Жақында оқу орнының жанынан «Абай» студенттік орталығы ашылды. Осы орталықтың мақсаты мен алдағы атқарар жұмысы туралы өз аузыңыздан естісек...

 

- Ұлы Абайдың есімін алып жүру - біз үшін үлкен мәртебе. 16 қарашада ҚР Ғы­лым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен Abai student centеr атты жаңа орталықтың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Орталықтың кеңсесіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жабдықтауға университетімізде ұзақ уақыт қызмет атқарған профессор Григорий Умановтың ұлы Борис Уманов демеу­шілік жасады.

 

Орталықта мәдени-шығармашылықты шыңдайтын клубтар бар. Айта кетсек, ән, би, театрлық қойылым, дебаттық және интеллектуалдық бағыттағы үйірмелер де өз қызметін үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, мұнда студент-жастардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық жағдай жасалған.

 

Ал, екінші қабатында студенттермен тығыз қарым-қатынаста қызмет атқаратын психологиялық қызмет көрсету, Рухани жаңғыру жобалық кеңсесі, О. Досбосынұлы атындағы жас ақындар мектебі, Ұлттық тәрбие сынды орталықтар орын алды. Ашылғанына көп болмаса да, орталыққа келетін жастардың қарасы қалың. Бай­қауымыз орталық жұмысы олардың көңі­лінен шығатын секілді.

 

- Болашақ ұстазды даярлау тұтас ұр­пақты тәрбиелеумен тең ғой. Осы орайда уни­верситеттегі педагог мамандарды даяр­лау­дың жаңа әдістері жайында сұрағым ке­леді. Бұл тұрғыда қандай жаңалықтарыңыз бар?

 

- Университет бұл міндетті орындау жо­лында көптеген игі бастаманың баста­машысы болып отыр. Өздеріңізге белгілі, біз министрлік тарапынан бекі­тіл­ген дуальды оқыту бағдарламасын алғаш­қыл­ардың бірі болып жүзеге асырдық. Жоғары курс студенттерінің кәсіби педагог болып қалыптасу үшін теориялық білім мен прак­тиканы қатар алып жүру жүйесін жолға қойдық. Дуальды білім беру жүйесі аясын­да биыл көптеген көшбасшы білім меке­месімен екіжақты келісімшарт жасастық. Ондағы мақсат - мектептен өндірістік тәжірибеден өтетін сту­дент­теріміз тәжі­рибесі мол әдіскерлерден тәлім алуға ық­пал ету. Өйткені, былтырдан бас­тап педагог мамандығын бітірген сту­денттер мектепке жұмысқа орналаспас бұрын Оқу-ағарту министрлігінің талабы бойынша арнайы біліктілік тестінен өтуі керек. Біліктілік тестінен өткен студенттің дипломы ғана мектепте жұмыс істеуге жарамды. Сол себепті біздің студенттеріміз мектепте педагогикалық практикада жүр­ген уақытта жаңартылған білім мазмұны бойынша бекітілген мектеп бағдар­ламасымен түгел таныс болғаны дұрыс. Өйткені, студент тапсыратын біліктілік тесті осы мектеп бағдарламасына қатысты. Былтыр осы жағдаймен толық танысып көрген соң біздің ұжым студенттерге ар­налған оқу бағдарламасы мен оқыту сил­лабустарын жаңа мазмұнда қайта сүзгіден өткізді. Білім бағдарламасын әзірлейтін арнайы жұмыс тобына үздік мектептердің білікті ұстаздарын қостық. Себебі, сту­денттің біліктілік тестінен жоғары нәти­жеге қол жеткізуі - университеттің абы­ройы.

 

 

Қазіргі заман талабына сай педагог тәрбиелеу жолында жаңа жобаларымыз да жеткілікті. Ерекше айта кетерлік тұс­тарымыз - «Цифрлы еріктілік» пен Honors college жобасы. Пандемия тұсында он­лайнға көшкен сәттен бастап мектеп оқушыларына онлайн репетиторлық қызмет көрсететін цифрлы еріктілеріміздің саны қазір 100-ден асады. Сонымен қатар, Honors college жобасы да іске асырылуда. Жоба университетіміздің дарынды жас­тарының басын қосып, жан-жақты білім беру мақсаты қолға алынған. Оған қаты­сушы жастар іріктеліп, қазіргі таңда кәсіп­керлікті дамыту, құзіреттілікті арттыру бойынша семинар-тренингтер мен курстарға қатысып жүр. Елімізге белгілі жоба авторлары мен танымал тұлғаларымен кездесулер ұйымдастырылып тұрады.

 

- Бұл күнде оқу орнында неше судент бі­лім алады? Оларды жатақханамен қамта­масыз ету мәселесі қалай шешіліп жатыр?

 

- Қазір біздің университетте 16 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Олардың барлығына сапалы білім беру мен жағдай жасау - университеттің жауапкершілігі. Өзіңізге мәлім, Алматы сияқты мега­полис­терде студенттерді жатақханамен қамту - күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселе. Бірақ, біздің университет бұл мәселені оңай шешіп жатыр. Студенттерімізге өзіміздің жатақханалардан бөлек қол­жетімді бағада жатақханалар мен хостел­дерді көптеп алу жалға үшін келіссөздер жүргізілді. Бүгінде шамамен 3 мыңнан астам студент жатақ­ханамен қамтамасыз етілген. Жатақханаға өтінім білдірген студенттердің 70 пайызын жатақханамен қамтамасыз еттік.

Біздің университетіміздің студент­терінің 60 пайызға жуығы мемлекеттік грант негізінде білім алады. Одан бөлек, көпбалалы, аз қамтылған отбасы, жартылай жетім және басқа да әлеуметтік санаттар бойынша студенттерге жеңілдіктер қарас­тырылған.

 

Педагог мәртебесінің өсуімен және педагогикалық бағыттағы білім алушыларға да жағдай жасалып келеді. Соған байла­нысты соңғы жылдары мектеп бітіруші түлектердің педагог мамандығына қызығу­шылығы арта түсті. Еліміздегі тұңғыш пе­да­гогикалық жоғары оқу орны болған­дықтан, біздің университетке түсушілер саны да көп. Оқу жылының бастапқы уақытында жатақхана тапшылығы өзекті болғаны рас. Жоғарыда айтқанымдай, биылғы оқу жылында жалдамалы жатақ­ханалармен, хостелдермен келісімге келу арқылы студенттерімізді жатын орынмен қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыс жүргізілді. Алдағы жылға алдын ала жеке компаниямен 2 000 студентке арналған орынмен қамтамасыз ету үшін хаттамаға қол қойылғанын да айтқанымыз жөн. Біздің жоспарымыз бойынша алдағы оқу жылында өтінім білдіруші барша студентті жатын орынмен қамтамасыз етуге қазірден бастап жұмыстар жүргізілуде.

 

- Педагог мамандарды даярлаумен айнылысып жатқан профессор-оқытушылар құрамының біліктілігі, кәсібилігі жайында не айта аласыз?

 

- Профессор-оқытушылық құрамның жоғары деңгейін қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті қалыптастыру, заманауи жоғары оқу орны қызметінің басты аспектісіне жатады. Қазақ тарихындағы біртуар тұлғалар тәлім берген, тәлім алған тұңғыш университет бүгінде сол даңқты жолдан таймау үшін сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті маман даярлауды басты міндеті санайды. Жалпы оқу жылында оқу-әдістемелік үрдісті 958 оқытушы қамтама­сыз етті. Профессор-оқытушылар құрамы жиынтығы штаттық кестеге, сандық және сапалық құрамы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің талаптарына сәйкес келеді.

 

Ғылыми-білім беру, маман даярлау қыз­меті 113 ғылым докторы, 264 ғылым кан­дидаты, оның ішінде 90 РhD доктор мен 310 ғылым магистріне жүктелген.

 

Бізде 12 ҚР ҰҒА толық мүшесі мен мүше-корреспонденті және 22 басқа да қоғамдық ғылым академияларының мүшесі, 19 шығармашылық одақтың мүшесі, 5 еңбек сіңірген жаттықтырушы, 12 спорт шебері сабақ береді. 110 оқытушымыз өз дәрісін ағылшын тілінде жүргізеді.

 

- Әңгімеңізге рақмет!

 

 

03.12.2022 ж.

Ақпарат көзі: aikyn.kz