Ғылым-білім саласы өкілдерімен кездесті
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға сапары барысында бірқатар ғылым мен білім ордаларына ат басын тіреп, мамандармен пікірлесті.
Қазақ тіл ғылымының қара шаңырағы - Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына арнайы келген министр картотека қоры, кітапханамен жұмысымен танысты.
Институт ғалымдарының қажырлы еңбегіне тоқталып, тілтанушы ғалымдарға қолдау қажеттігін атап өтті. Институт директоры Анар Фазылжан ұжым туралы, атқарылып жатқан жұмыстар барысынан баяндап, жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің үлкен түсіндірме сөздігінің маңызына тоқталды. Министр осы сапары аясында «Қазақ ономастикасының очерктері», «Түркі ономастикасы», 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» іргелі еңбектерінің авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Телғожа Жанұзаққа Президент Жарлығымен берілген «Парасат» орденін табыстады.
С.Нұрбек қарашаңырақ ҚазҰУ-ны да айналып өтпеді. Қалашықтағы күрделі жөндеуден өткен №10 жатақхананың ашылуына қатысып, студенттердің әлеуметтік жағдайымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының жатақхана тапшылығын шешу тапсырмаларына сәйкес атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы уақытта да жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстарының жалғасын табатынын атап өтіп, орын санын 2 мыңға көбейту жоспарланып отырғанын жеткізді. Жөндеу кезінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қабырғалары қайта әрленді. Есік-терезе ауыстырылып, әр секцияға заманауи душ кабиналары қойылды. Электр жүйесі қайта жүргізіліп, жарық беруші шамдар жаңадан орнатылды. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды. 313 орындық жатақханаға тарих факультетімен қатар, химия және химиялық технологиялар факультеті мен физика-техникалық факультетінің студенттері орналасты.
Министр сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-да Абай студенттік орталығының салтанатты ашылуына қатысып, студенттерді ең батыл идеяларды жүзеге асыруға, қызықты жобалар мен стартаптарды дамытуға ықпал ететін жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.
Abai Student Center жалпы білім беру саласын дамытуға қызмет етеді әрі өзге оқу орындарына жарқын үлгі болатыны сөзсіз. Бұл орталық ел Президенті қойған міндеттерді жүзеге асыруға ықпал етеді. Белгілі педагог-ғалымның ұлы Борис Уманов Абай атындағы ҚазҰПУ-дың дамуы мен еліміздің педагогикалық білімінің қалыптасуына зор үлес қосқан заманауи қазақстандық педагогиканың негізін қалаушылардың бірі Григорий Абрамович Умановтың құрметіне Abai Student Center құруға демеуші бола отырып, студенттерге үлкен қолдау көрсетті», деді министр.
Университет ректоры Дархан Біләлов студенттердің сапалы білім алуы мен оқытушылардың ыңғайлы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, атқарылған жұмыстар барысымен таныстырды.
Заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті материалдармен жабдықталған студенттік орталықта коворкинг-орталық, пікірсайыс және университет клубтары (26 клуб бар) жұмыс істейді. Музыка бөлмесі, психологиялық көмек көрсету, «Жас ақындар» орталығы бар. Оқу аудиториясы заманауи жиһаздармен және DigiTouch ВВ-86 интерактивті панелімен жабдықталған.
16.11.2022 ж.
Ақпарат көзі: egemen.kz