қазақша · русский · english
   
  Main / Mass media about us
17.11.2022

Ғылым-білім саласы өкілдерімен кездесті

 


Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға сапары барысында бірқатар ғылым мен білім ордаларына ат басын тіреп, мамандармен пікірлесті.


Қазақ тіл ғылымының қара шаңырағы - Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтына арнайы келген министр картотека қоры, кітапханамен жұмысымен танысты.


Институт ғалымдарының қа­жырлы еңбегіне тоқталып, тіл­танушы ғалымдарға қолдау қажет­ті­гін атап өтті. Институт директоры Анар Фазылжан ұжым туралы, атқарылып жатқан жұмыстар барысынан баяндап, жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілінің үлкен тү­сіндірме сөздігінің маңызына тоқталды. Министр осы сапары аясында «Қазақ ономастикасының очерктері», «Түркі ономастикасы», 10 томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» іргелі еңбектерінің авторы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Гуманитарлық ғылым академиясының академигі Телғожа Жанұзаққа Президент Жар­лығымен берілген «Парасат» орденін табыстады.


С.Нұрбек қарашаңырақ ҚазҰУ-ны да айналып өтпеді. Қала­шық­та­ғы күрделі жөндеуден өткен №10 жатақхананың ашылуына қа­тысып, студенттердің әлеуметтік жағдайымен танысты.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы-ректор Жансейіт Түймебаев Мемлекет басшысының жатақхана тапшы­лы­ғын шешу тапсырмаларына сәйкес атқарылған жұмыстармен таныстырып, алдағы уақытта да жатақханаларға күрделі жөндеу жұмыстарының жалғасын табатынын атап өтіп, орын санын 2 мыңға көбейту жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Жөндеу ке­зінде ғимараттың сыртқы қасбеті жаңартылып, барлық бөлменің қа­бырғалары қайта әрленді. Есік-терезе ауыстырылып, әр сек­цияға заманауи душ кабиналары қойылды. Электр жүйесі қайта жүргізіліп, жарық беруші шамдар жаңадан орнатылды. Бұған қосымша, ғимараттың cу құбыры мен кәріз жүйесі монтаждалды. 313 орындық жатақханаға тарих факультетімен қатар, химия және химиялық технологиялар факультеті мен физика-техникалық факультетінің студенттері орналасты.


Министр сонымен қатар Абай атындағы ҚазҰПУ-да Абай сту­денттік орталығының салта­натты ашылуына қатысып, студент­тер­ді ең батыл идеяларды жүзеге асы­руға, қызықты жобалар мен стартаптарды дамытуға ықпал ете­тін жаңа орталықтың ашылуымен құт­тықтады.

Abai Student Center жалпы білім беру саласын дамытуға қыз­мет етеді әрі өзге оқу орында­рына жарқын үлгі болатыны сөзсіз. Бұл орталық ел Президенті қойған мін­дет­терді жүзеге асыруға ықпал етеді. Белгілі педагог-ғалым­ның ұлы Борис Уманов Абай атындағы ҚазҰПУ-дың дамуы мен еліміздің педагогикалық білімінің қалыптасуына зор үлес қосқан заманауи қазақстандық педагогиканың негізін қалаушылардың бірі Григорий Абрамович Умановтың құрметіне Abai Student Center құруға демеуші бола отырып, студенттерге үлкен қолдау көрсетті», деді министр.


Университет ректоры Дархан Біләлов студенттердің сапалы бі­лім алуы мен оқытушылардың ың­ғайлы жұмыс істеуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтіп, ат­қа­рылған жұмыстар барысымен таныстырды.


Заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті материалдармен жаб­дық­талған студенттік орталықта коворкинг-орталық, пікірсайыс және университет клубтары (26 клуб бар) жұмыс істейді. Музыка бөлмесі, психологиялық көмек көрсету, «Жас ақындар» орталығы бар. Оқу аудиториясы зама­­науи жиһаздармен және DigiTouch ВВ-86 интерактивті панелімен жабдықталған.

 

16.11.2022 ж.

    Ақпарат көзі: egemen.kz