қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
13.09.2022

Постдокторанттардың 2022/2023 оқу жылындағы міндеттері талқыланды

 

2022 жылдың 12 қыркүйегінде Ғылым департаментінің директоры Ұ. Әбдіғапбарованың төрағалығымен Абай атындағы ҚазҰПУ постокторанттарының жиналысы өтті. Жиналыста постдокторанттардың 2022/2023 оқу жылында орындалатын міндеттері талқыланды.

 

Ұ.Әбдіғапбарова ғылымға ұмтылатын жастар үшін постдокторантура жұмысының маңыздылығын атап өтіп, Абай атындағы ҚазҰПУ республикадағы постдокторлық бағдарламаны енгізген алғашқы жоғары оқу орны екенін атап өтті. Постдокторлық бағдарламаның алғашқы түлектері Д.Сабирова, А. Сыздықбаева, Т. Қилыбаев тамаша ғылыми нәтижелер көрсетті. Сабирова Дина қазіргі уақытта Вашингтон университетінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуде және «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағының иегері болды.

 

Постдокторанттардың қазіргі құрамы да жақсы нәтижелер көрсетуде: А.Байкулова мемлекеттік ғылыми стипендия иегері болса, постдокторанттар Ж.Байшемиров, Ш. Лайсханов, Н. Үсенов Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобаларының жетекшілері болып табылады. Сондықтан, оларға университеттің докторанттары мен жас оқытушыларына тәжірибе беру үшін ерекше жауапкершілік жүктеледі: 2022/2023 оқу жылында академиялық жазу, ғылыми этика, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің конкурстық құжаттама мәселелері бойынша вебинарлар мен семинарлар өткізу, ғылым онкүндігінің іс-шараларын ұйымдастыру және т.б. шаралар өткізу міндеті тұр. Постдокторанттардың Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің түрлі байқауларына, оның ішінде сыйлық, атақ, тағылымдама және т.б. қатысу мүмкіндіктері бар.

 

Кездесу соңында постдокторанттар Н.Шәкірованың кандидатурасын бірауыздан қолдап, оны университет бойынша постдокторлық топтың үйлестірушісі етіп сайлады.

 

Барлық постдокторанттарға ғылымда табыс және қойылған міндеттерді жемісті шешуді тілейміз!

 

  alt=  

 

  alt=