қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.03.2022

Ұстаз ғибраты

 


 

Ұлттық ғылым академиясының академигі Әлия Сәрсенқызы Бейсенова - ұлағатты ұстаз, әдіскер-ғалым, қоғам қайраткері, география-экология саласы жоғары және орта мектеп оқулықтарының авторы ретінде есімі ғылыми қауымға кеңінен танымал тұлға. Ол - барша қабілет-қарымын білімге арнап келе жатқан, жас ұрпақтың болмысы мен өсу заңдылығын зерделеуге, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды бір-бірімен ұштастырып, экология және туризм бағыттарының қалыптасуына, олардың түрлі салалармен байланыста дамуына күш-жігер жұмсаған, білікті мамандар даярлау ісіне үзіліссіз үлес қосып жүрген біртуар педагог.

 

Әлия Сәрсенқызы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтардың, «Құрмет», «Парасат», «Барыс» ордендері мен көптеген салалық, мерейтойлық медальдардың иегері. Ғалым және қоғам қайраткері, еліміздегі экологиялық білімнің негі­зін қалаушы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетіндегі «География және экология ғылыми-әдістемелік орталығының» жетекшісі, профессор Ә.Бейсенованың ғылыми және әдістемелік зерттеулері - отан­дық ғылымның мақтанышы. Оның тағылымға толы өнегелі өмір жолы - ғы­лым жолындағы замандастарымызға үлгі.

 

Иә, академик Әлия Сәрсенқызы - алыс және жақын шетелдерге кеңінен та­ны­мал ғалым. Ол бұл биікке талмай ізденудің, маңдай тердің арқасында жетті. Жастайынан ұстаздық жолды таңдады. Мектепте, одан кейін педаго­гикалық училищеде көзге түсіп, 1950 жылы жүрек қалауымен Абай атындағы Қазақ педагогика инс­ти­тутының география факультетіне оқуға түсті. Аспи­рантурадан кейін Ә.Бейсенова өзі оқыған «қарт ҚазПИ-дің» физикалық география кафедрасына жұмысқа қал­дырылды. Әуелі ассистент, аға оқытушы, ал кандидаттық диссертация қорғағаннан кейін доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан қызметтерін атқарды. Оның «Қазақстан табиғатын физикалық-географиялық тұрғыдан зерттеу (1917-1941)» атты канди­даттық диссертациясы, «Қазақстан табиғатын зерттеу және физикалық-географиялық идеялардың дамуы (көне дәуірлерден 1917 жылға дейін)» атты докторлық диссертациясы - тарихи-географиялық, ғылыми концептуалдық тұрғыда аса ірі ғылыми еңбектер.

 

Ә.Бейсенова кафедра және факультет басқарғанда (1980-2000 жж.) универ­ситетімізде жаңа құрылымдар ашылып, тың жобалар қолға алынды. Мәселен, «Физикалық география» кафедрасының меңгерушісі болып жүргенінде 1986 жылы «Ландшафттар экологиясы және табиғатты қорғау» лабораториясын ұйымдастырды. Кейін (1989 жылы) соның негізінде «Экология» бөлімі ашыл­ды. Ол кезде Қазақстан түгілі, бұрын­ғы Кеңес Одағы көлемінде экология мамандығын даярлайтын арнайы бөлім жоқ еді. Ал 90-жылдардың басында Әлия Сәрсенқызының тікелей атсалысуымен экологияға қоса, енді «Халық­аралық туризм», «География-туризм» мамандықтары ашылды. Осылайша ол география ғылымы салаларымен қатар, онымен шектес экология, экономика, туризм бағытының өркендеуіне зор үлес қосып, игі іске серпін берді.

 

1990-2000 жылдары «Экология», «Туризм» мамандықтарымен қатар «География» мамандығына қосымша «География және экология», «География және экономика негіздері», «География және туризм» мамандануы Әлия Сәр­сен­қызының жеке бастамасымен жү­­зеге асты. Осы жоғарыда аталған ма­мандықтар мен мамандандырулар негізінде аса зәру туризм мен эколог мамандары және география мамандығы аясында қосарлы мамандандыру бойын­­ша педагог кадрларды даярлау ауыл­дық жерлердегі шағын мектептерді мұғаліммен қамтамасыз етуді оңтайлы шешті. Әлия Сәрсенқызының арқасында минор тұрғысынан «География және жаратылыстану», «География және өлкетану» тәрізді мектепте оқытылатын шептес пәндердің мазмұны кеңейтілді.

 

Ә.Бейсенова ҚазҰПУ-да аталған саланы 10 жылдай басқарғанда сапалық деңгейі көтеріліп, ұжымымыз 6 кафедра мен 2 зертханаға толықты. Факультет мыңнан аса студент пен магистрант оқитын іргелі құрылымға айналды.

 

Академик Әлия Бейсенова - болмысында табиғи дарын мен қажырлы еңбек ұштасқан білікті жан. Ол - отандық география мен оған шектес ғылымдардың көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан бірегей ғалым. Ғалым 60 жылдан астам табиғатты зерттеу мен қорғау мәселелерімен шұғылданып, әйел затының ғылымдағы бел-белесін, беделін айқындады. Сонау Шоқан Уәлиханов заманынан өз шешімін таппаған табиғат тылсымының кейбір түйткілді тұстары Әлия Сәрсенқызы еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Ол 30 жыл бойы Қазақстанның эколо­гиялық пробле­маларын жан-жақты зерттеп, жастарға экологиялық білім мен тәрбие берудің өнегесін көрсетті. Нәтижесінде, экология­лық білім және тәрбиенің концепциясы қаланып, саланың ізденістері нақтылана түсті. Қазақстан экологиясы саласындағы құнды зерттеу еңбектері үшін академик Ә.Бейсенова 2006 жылы әлемдік арнаулы медальмен марапатталды.

 

Қазақстан табиғатын зерттеуді өмі­­рі­нің мәніне айналдырған ғалым Тәуелсіздік жылдары география ғылы­мының жаңа мүмкіндіктерін байып­тай алды. Ол География институты даяр­лаған 3 томдық «Қазақстанның Ұлттық Атласына» атсалысып, осы еңбегі үшін ғылыми топпен бірге Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығын алды.

 

Академик Ә.Бейсенованың ғылы­ми-шығармашылық және қоғамдық жұмыстары шетелдерге де мәлім. Ол Мәскеу, Санкт-Петербург, Баку, Таш­кент, Бішкек, Киев, Қазан, Ыстанбұл, Каир қалаларында өткен ғылыми кон­ференцияларға қатысып, баяндамалар жасады. Ұлыбритания, Мысыр, Сирия, Ливан, Грекия, Түркия, АҚШ, Италия, т.б. елдерде іссапармен болып, шетелдік ғылыми ортамен ой бөлісті. 1999 жылы Вашингтондағы экологиялық конгрес­те жасаған баяндамасы ғылыми ортаға елеулі қозғау салды. Мұнда Арал мен Балқаш мәселесі, шөл-шөлейт жерлердің өзекті проблемалары сөз етілді.

 

Академик Ә.Бейсенова - көптеген қолданбалы және іргелі ғылыми жоба­лардың жетекшісі және орындаушысы. «Қазақстан моноқалалары тұрақты дамуының тиімді үлгілерінің концептуалды негіздерін жасау (Текелі және Жезқазған қалалары мысалында)» атты іргелі ғылыми зерттеуі әлемдік сарапшылар тарапынан жоғары бағаланды.

 

Әлия Сәрсенқызы ұзақ жылдар бойы ғылым кадрларын даярлауға атсалысып келеді. Оның жетекшілігімен 20-ға жуық докторлық және кандидаттық диссертация сәтті қорғалды. Ж.Шіл­дебаев, О.Мазбаев, К.Қай­мул­динова бастаған ғылым докторла­ры, З.Әбішева, А.Белый, З.Ах­мет­жанова, Г.Сәбденалиева, Д.Жан­­­гелдина, Б.Асубаев бастаған ғы­­лым кандидаттары - жоғары мектеп сала­сындағы жетекші мамандар.

 

Ә.Бейсенованың ғылыми-әдістемелік қызметінің үлкен бір саласы - жоғары оқу орындары мен орта мектептер үшін даярлаған оқулықтар мен оқу құралдары, оқу бағдарламалары мен географиялық атластары. Бұл - аса мехнатты да жа­уапты жұмыс. Ғалым сонау 70-80 жылдары орта және жоғары мектептерге арналған «Кеңес Одағының физикалық және экономикалық географиясы» оқулығы мен салалық оқу құралдарын, түрлі бағдарламалар мен методикалық құралдарды аударса, кейіннен «Қазақстан географиясы» оқулығын жазуға тікелей атсалыс­ты. Мәселен, 8-сыныпқа арналған «Қазақ­станның физикалық географиясы» оқу­лығы 90-жылдары бірнеше дүркін ба­сылды. Ал 2000 жылдан бастап орта мектептің 7, 8, 10, 11-сыныптарына арнал­ған жаңа буын оқулықтарын жазу­ға белсене қатысты. Бұл оқулықтар қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр тілдерінде басылып шықты.

 

Әлия Сәрсенқызы - орта мектеп пен жоғары оқу орындарына арналған «Экология» пәні жаңа оқулықтарының да авторы. Осы пәндердің оқу бағ­дар­ламасын, хрестоматиясын, мұға­лімдер үшін жұмыс дәптерін, оқулық­тың электронды нұсқасын жарыққа шығарды. Бұлар - қазіргі мектеп оқу­шылары мен пән мұғалімдері үшін негізгі, ал студенттеріміз бен ма­гис­транттарымызға көмекші оқу-әдіс­темелік құралдар.

 

Кейінгі жылдары университет жа­нындағы «География және экология» атты ғылыми-әдістемелік орта­лықта қызмет істейтін академик Ә.Бей­сенова бастаған топ орта мектеп жүйесін 12 жылдық оқуға көшіруге және жаңартылған оқыту мазмұнын зерделеуге қатысты проблемалармен шұғылданады. Бұл сала да ғылыми жаңашылдық пен білім сабақтастығын талап етеді.

 

Ә.Бейсенова - қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген қайраткер. Ол кезінде бүкілодақтық географиялық коғамның тексеру комиссиясының мү­шесі, Қазақстан географиялық қо­ға­мы­ның төралқа мүшесі, «Қазақ эн­цикло­педиясының» география жөнін­дегі редакциялық кеңесінің мүшесі, Ұлттық Білім академиясының география жөніндегі оқу-әдістемелік кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті жанындағы «Отбасы және әйелдер істері жөніндегі» ұлттық комиссиясының мүшесі болды. Қазір осы комиссияның Алматы қалалық бөлімінің және қоғамдық кеңестің мүшесі. Кезінде ел астанасын Ақмолаға көшіру қолға алынғанда, академик Ә.Бейсенова елор­­­даның географиялық орталық қа­на емес, стратегиялық маңызды өңір бо­ла алатынын «Казахстанская прав­­­да» газе­тінде жариялады. Ол Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің география-экология бағы­тын қалыптастырды. «Мәңгілік ел» стра­тегия­сын салаландыруға атсалысып, қол­да­ныс­тағы оқу бағдарламаларына ел құнды­лықтарын енгізуге қажыр-қайрат жұмсады.

 

Рухани жаңғырудың бірегей бағыты - «Қазақстанның киелі жерлер география­сы» екенін дәлелдеп, осы өреде зерттеулер жазып, оқу құралдарын әзірледі. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шығарған «Қазақ елі - Мәңгілік ел» атты аса құнды кітабында қазақ халқының тарихын, көне қалалардың, байырғы жеріміздің табиғатын атап көрсетті.

 

Әлия Сәрсенқызы - ғылыми-педа­гогтік іске шынайы берілген, әріп­тестері мен шәкірттеріне ғылыми биік мәдениетті жеке өнегесімен насихаттап жүрген адамгершілігі мол кәсіби маман, саланың көшбасшы тұлғасы. Қоғамымыздың білік-білімін көтеру жолында аянбай тер төгіп, мерейлі белеске көтерілген академик Әлия Бейсенованың өлшеусіз еңбегі мемлекеттің жоғары марапатына, халқымыздың шынайы алқалауына лайықты деп есептейміз.

 

Осы орайда өмірден тоқығаны мол, ойы кемел, парасаты биік Әлия Сәрсенқызын жоғары мектептің сан мың ұстаздары атынан шын жүректен құттықтап, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат, шығармашылық табыс, бейнеттің зейнетін көруді тілейміз.

 

Авторлары: Күләш ҚаймулдиноваА,

Абай атындағы ҚазҰПУ «Жаратылыстану және география» институтының директоры,

профессор, география ғылымдарының докторы,

Талғат Уәлиева,

«Жаратылыстану және география» институтының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты

24.03.2022 ж.

Ақпарат көзі: egemen.kz