қазақша · русский · english
 
 
 
24.10.2025

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ

«МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ КРОСС-МӘДЕНИ ЖОБАЛАР: ЕЛДЕР АРАСЫНДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ»

 

2025 жылғы 24 қазанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Алматы қаласы Білім басқармасының бірлескен ұйымдастыруымен «Мектепке дейінгі білім берудегі кросс-мәдени жобалар: елдер арасындағы тәжірибе алмасу» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.Іс-шараның мақсаты - мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытудағы тиімді халықаралық және кросс-мәдени жобаларды енгізу негізінде педагогтер, ғалымдар, халықаралық және отандық сарапшылар арасындағы кәсіби диалог алаңын қалыптастыру.
Конференция жұмысына Алматы қаласы Әкімдігі, Алматы қаласы Білім басқармасы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаменті, ҚР Балаларды ерте дамыту институты, еліміздің 13 өңірінен келген білім басқармаларының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық, «Teachers Lab» ЖШС, мемлекеттік және жекеменшік балабақша басшылары мен педагогтері, сондай-ақ докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты.Пленарлық отырысты Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденов ашып, қатысушыларды Республика күнімен құттықтады және конференцияға қатысып, өз тәжірибесімен бөліскен шетелдік ғалымдарға - Сингапур, Түркия, Беларусь, Польша, Германия және Өзбекстан елдерінің өкілдеріне алғысын білдірді.Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы - ректор Болат Тілеу құттықтау сөз сөйлеп, қазіргі таңда мектепке дейінгі білім беру жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті. Ол әлемдік озат тәжірибені ұлттық білім беру жүйесіне трансформациялау қажеттілігін айта келе, конференция инновациялық идеялар мен жетістіктермен алмасудың тиімді алаңы болатынына сенім білдірді.
Халықаралық іс-шараға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Мария Ерманова, Гази университетінің профессоры (Түркия) Йюзель Гелишли, М.Танка атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің Мектепке дейінгі білім беру әдістемелері кафедрасының меңгерушісі Марина Мельникова, Mosaic мектепке дейінгі ұйымының басшысы, ECCE саласындағы магистр, Эвелин (Сиок Тин) Анг (Сингапур), Халықаралық білім беру технологиялары орталығының директоры, SKLAD онлайн-білім беру платформасының негізін қалаушы (Прага) Татьяна Сороковик, Fröbel Education педагогикалық кеңесшісі, халықаралық бағдарламалар мен тағылымдамалар ұйымдастырушысы, Дорота Заневска (Польша), «Орман балабақшалары институтын» құру бастамашысы, халықаралық ынтымақтастық үйлестірушісі София Люттич, Шахрисабз мемлекеттік педагогикалық институтының педагогика факультетінің деканы Мусурмон Имомов (Өзбекстан Республикасы) қатысты.
Пленарлық отырыста келесі баяндамалар тыңдалды: Мектепке дейінгі және әлеуметтік педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ұлбосын Қияқбаева - «Мектепке дейінгі білім беру сапасын арттыру құралы ретінде жобалық қызмет: Алматы қаласының тәжірибесі»; Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың әдіскері, жобалық менеджмент бойынша сертификатталған маман Жанар Туралина - «Алматы - Азия мен Еуропа тоғысындағы инновациялық тәжірибе»;Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтың жетекшісі Наталья Карасёва - «Жоба - мектепке дейінгі балалардың креативтілігі, коммуникативтік және танымдық қабілеттерін дамыту құралы».Конференцияның практикалық бөлігі Алматы қаласының балабақшаларында ұйымдастырылған 12 жобалық студия форматында өтті. Онда жобалық қызмет бойынша шеберлік сабақтары өткізіліп, Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі білім беру департаменті, Балаларды ерте дамыту институтының өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, сондай-ақ республикадағы мектепке дейінгі ұйымдардың мамандары қатысты.
Қорытынды сөзді Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Малгаждарова сөйледі.
Конференция жұмысына университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, магистранттар және докторанттар белсенді қатысты. Іс-шараның модераторы - Мектепке дейінгі және әлеуметтік педагогика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Гүлбану Әбитова және Еркебаева Сауле болды.Халықаралық конференция облыстық және қалалық білім басқармаларының өкілдерін марапаттау және алғыс хаттар табыстаумен өз жұмысын аяқтады.

 


  alt=  


  alt=  

 


  alt=  

 


  alt=  


 

 


  alt=  


  alt=  




Кері оралу