қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
08.12.2021

«Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Ұлтаралық толеранттылықты нығайтудың маңызы және бірегейліктің болашағы» қалалық дөңгелек үстелі


2021 жылдың 8 желтоқсанында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл: Ұлтаралық толеранттылықты нығайтудың маңызы және бірегейліктің болашағы» тақырыбында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы мен Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар және жастар саясаты жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен қалалық дөңгелек үстел өтті.

 

Аталған дөңгелек үстелді университетіміздің ректоры Біләлов Дархан өз құттықтау сөзімен ашты. Дөңгелек үстелдің модераторы әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұрланов Шыңғыс өз кезегінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы жайында шағын тезисін баяндай отырып, сөз тізгінін төмендегі қонақтар мен профессорларға берді. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігі басшысының орынбасары - Қасимов Қазақбай, химия ғылымдарының кандидаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Филия» Қазақстанның грек қоғамдары қауымдастығының төрағасы - Иорданиди Георгий, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Республикалық ұйғыр этномәдени орталығы төрағасының орынбасары, Республикалық «Ұйғыр авази» газетінің бас редакторы Асматов Ершат, саясаттану және әлеуметтік философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі Симтиков Жомарт, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ректорының кеңесшісі Ішпекбаев Жанатбек.

 

Баяндаманың қорытындысын студенттік «Бірлік» Ассамблеясы төрағасының орынбасары, педагогика және психология институтының 1 курс студенті Марченко Татьяна жасады. Кафедра меңгерушісі Шаһарман Гүлжиһан Қазақстан халқы Ассамблеясының өткізген іс-шараларының фото есебімен келген қонақтарға презентация арқылы қысқаша таныстырып, есеп беру арқылы қорытынды жасады. Өз кезегінде Иорданиди Георгий Константинович университет кітапханасы мен қонақтарға Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысының «Құрметті азаматы» Леонид Гирштың кітаптарын арнайы сыйлап, университет ректоры мен қонақтарға деген сыйластығын көрсете білді.

 

Дөңгелек үстелдің соңында әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұрланов Шыңғыс осынау еліміздің айтулы мерекесі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тағы бір мәрте құттықтап, сол мерекенің аясында өткен дөңгелек үстелге қатысқан құрметті қонақтарымызға Абай универстиетінің арнайы кәдесыйларын табыс етті.