қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
11.05.2021

Толеранттылық - патриоттықтың құрамдас бір бөлігі

 


Толеранттылық латын тілінен аударғанда tolerantia - шыдамдылық, өзге көзқарастарға, мінез-құлықтарға, әдеттерге төзімділік таныту, қолайсыз әсерлердің ықпалын бастан өткізе алушылық деген мағынаны білдіреді. Толеранттылыққа қарама-қарсы қайшылықтардың (интолеранттылық) адамзат тарихының барлық кезеңінде де болғаны рас. Интолеранттылық шыдамсыз, үрейлі адам, кінәні өзінен емес басқа адамнан іздейді. Сондай адамдардың өмірде жиі кездесуі қоғамда түрлі проблемаларды тудыруға ықпал етеді.


Соның салдарынан түрлі көтеріліс, діни қудалаушылықтар мен идеологиялық қақтығыстар, ажырасулар, тастанды балалар, жас өспірімдер арасында суицидтер туындайтынын дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл-желпі қарамай, оның алдын алу керек. Толеранттылыққа тәрбиелеу қоғамдағы ересектердің ортасында ғана емес, әрбір отбасында өз бастауын алуы тиіс. Толеранттылық өзі - патриоттықтың құрамдас бір бөлігі болғанымен, одан жалпы мәдениеттің көрінісін байқау қиын емес.

 

Патриот болу, өз отбасын, әулетін, ата-анасын, туысқанын жақсы көру, яғни отбасын шын ықыласымен жақсы көру дегенді білдіретіні даусыз. Отбасын сүйген бала ғана Отанын сүйе алатын азамат болып қалыптасады. Олар өз еліндегі, Отанындағы болып жатқан өзгерістерге, берекесіздікке бей-жай қарай алмайды. Толерантты жастар үшін еліміздің тыныштығы мен болашағы әлдеқайда маңызды, өйткені олар жарқын болашақтан үміткер. Отбасы жас ұрпақтарды жеке тұлға ретінде қалыптастырудың қайнар бастауы.


Көбінесе патриоттықтың бір қыры болып саналатын толеранттылықты бала ес біле, мектепте, жоғары оқу орындарында, тіпті ересектер қатарына келгенде өздері түсініп алады деген жаңсақ пікірлердің де қалыптасқанын байқауға болады. Мұндай жағдайда балаға татулық пен құрметтің негізі болып табылатын төзімділік қасиетін қалыптастыру алшақ қалып, өсе келе төзімсіздіктің соңы қоғамдық ортадағы қарым-қатынас қайшылығына әкелуі әбден мүмкін. Осы тұста, отбасымен әрқашан қатар жүретін тәрбие мен білім беру мекемелерінің рөлін орасан зор деп айтуға болады.

 

Отбасындағы қарым-қатынастың дұрыс болып қалыптаспауы мұғалімдерді де, ата-аналарды да ойландыратын ортақ мәселелер. Балалар отбасындағы ерлі зайыптылар арасындағы қарым-қатынас, орта буын мен аға буын арасындағы қарым-қатынас, әке-шеше мен бала арасындағы қарым-қатынастардың куәсі болып өседі. Осы кезеңдегі тәрбиеде нені үйренсе, соның бүкіл өміріне әсер етері анық. Ғалымдардың пікіріне сүйенетін болсақ, олар отбасында ата-аналар мен балалар арасындағы тәрбиелік қатынас түрлерін төрт түрге бөледі: «диктаттық», «шамадан тыс қамқорлық» (опека), «араласпау» және «ынтымақтастық».

 

Диктат - деген тәрбиелік қатынас түрі ата-аналардың талабын, бұйрығын зорлық көрсетуін бірінші орынға қояды. Шектен тыс қатыгездік, талап қоюды құрмет көрсетумен ұштастырмаған жағдайда ол бала тәрбиесіне зиян келтіреді. Опека - диктатқа қарама-қарсы қатынас түрі, балаға шектен тыс қамқорлық көрсетіп еркіндік бермеу, қиындықтарды өз бетімен жеңуге үйретпеу, ол да бала тәрбиесіне зиянды. Араласпау - бұл қатынас түрі балалармен ата-аналар арасында эмоционалды жылылық тудырмайды, себебі талап, тәртіп нормалары іске аспайды.

 

Ынтымақтастық - идеалды қатынас түрі, балаға деген сүйіспеншілік, баланы түсіну, құрмет көрсету талап бірлігімен ұштасады. Мұндағы диктат, опека, араласпау интолеранттылықтың көрінісін байқататын ата-аналар мен балалар арасындағы қатынас түрлері болса, ынтымақтастық керісінше толеранттылыққа тәрбиелеудің ең қолайлы қатынас түрі болып саналады. Көптеген ғалымдар паритет, жарыс, бәсеке, антогогнизм, конфрантация ынтымақтастық сияқты қатынастардың ішіндегі ең тиімдісі ынтымақтастық екеніне тоқталады.

 

Ынтымақтастық - идеалды қатынас түрі, бір бірін түсіну, көмек көрсетумен сипатталады. Паритет - тең қатынас бір-біріне зиян келтірмейді. Жарыс - бір-бірінен асып түсуді көздейді. Бәсеке (конкуренция) - билікке таласу. Антагонизм - өшігу, үнемі кек алуға ұмтылу, конфрантация - түсінбеушілік деген ұғымды білдіреді. Отбасындағы психологиялық саулық сақталмай, кикілжіңнің, зорлық-зомбылықтың әсерінен балалар бойында жағымсыз сезімдер мен эмоциялар туындай бастайды да ол жақсылыққа апармайды.

 

Тек үлгілі отбасында ғана балаға басқаларды құрметтеуге, тыңдауға және олардың көзқарастарын сыйлауға, туған туысқандарына шыдамдылықпен қарауға үйренеді. Толерантты мінез-құлықтың тәжірибесін меңгеру кезінде ата-анамен туыстардың берген үлгілері үлкен мәнге ие. Педагог ата-ананы қайта тәрбиелей алмайды, бірақ ата-анамен бала арасындағы өзара қатынасқа әсер ете алады және де арнайы жұмыс негізінде баланың өзгелерге деген қатынасын түзетуге болады. Толеранттылықты қалыптастыру күрделі үрдіс.

 

Сондықтан бұл мәселеде ата-аналармен қатар, балабақшада тәрбиешілер, мектептер мен жоғары оқу орындарда педагог-психологтардың, ортаның жауапкершілігі өте зор. Алғашқы сатылардан жақсы қалыптасып, университеттке келген білім алушылардың толеранттылыққа бейімділіктері әлдеқайда жоғары екені байқалады. Дегенмен, төзімсіз, жек көру сезіміне бейім өскен балалардың бойынан интолеранттықты көру қиын емес.

 

Осы орайда біздің университетте де жалпы стратегияға сессияға сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Болашақ жас мамандардың қоғамдық ортадағы тұлғалық бейнесінің толыққанды дамуына жоғары оқу орындарының да қосар үлесі көп. Біздің жоғары оқу орнында 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы жұмыс істейді. Кафедраның мақсаты: ҚР мемлекетінің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігін сақтау және одан әрі нығайту бағытындағы саясатын жүзеге асыру болып табылады. Осы бағытта жастарды ұлтаралық қарым- қатынас мәдениетіне, ел тұтастығының маңыздылығына тәрбиелеу барысында көптеген жұмыстарды атқару үстінде.

 

Кафедраның жетекшілігімен университетте студенттік «Бірлік» Ассамблеясы жұмыс істейді. «Бірлік» Ассамблеясының 30 студенттен тұратын тұрақты белсенділер тобы бар. Олар университеттің жеті институтынан құралған. Университет бойынша жалпы саны 530- ге жуық 17 ұлттың студенттері оқиды. Оның ішінде ұйғыр ұлты -168, орыс ұлты - 158, өзбек -98, татар -20, корей-18, түрік -17, әзербайжан -11, тәжік -9, украин -6, күрд -6, дүнген -3, неміс -3, грек -3, армян, ингуш, чешенде -2-ден, қалған ұлт өкілдері бір-бірден. Ең бастысы- олардың бәрі бір үйдің баласындай, тату-тәтті бір шаңырақтың астында білім алып жатыр және әрқайсысы өздерінің этно-мәдени ерекшеліктерінің дамуына мүдделі.

 

Олар шынайы патриоттық сезіммен, толеранттылықты сақтай отырып, әрдайым іс-шаралар арқылы татулық пен достықты нығайтуға өз үлестерін қосуға тырысады. Өзге ұлт студенттерінің үштен екісі мемлекеттік тілде түсінеді, үштен бірі қазақша еркін сөйлейді. Бұл студенттердің ел тұтастығы мен азаматтық қоғам бірегейлігін қалыптастырушы фактордың бірі ретіндегі - мемлекеттік тілді дамытуға қосып жатқан үлестері. Ең маңыздысы- өздері мекен етіп отырған Қазақ елінің тілі арқылы оның мәдениетін, өнерін, тарихын меңгеріп, түсінуге деген ықыластарын толеранттылықтың төресі деп тануға болады. Бұл құбылыстың жалпыұлттық бірегейлікке апарары сөзсіз.

 

Гүлжиһан Пішенбайқызы Шаһарман,
(ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор,
Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақстан халқы
Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі)

11.05.2021 ж.

Ақпарат көзі: bilimdinews.kz

 

 



207

Кері оралу

 
 
 
 
Besucherzahler
 
Besucherzahler