қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет  Жаңалықтар
21.10.2020

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менежментін барлық ЖОО қолдауы керек


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және оның алдын алу жөнінде мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Университетте «Парасат» орталығының ашылуы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл әрекеттерін одан әрі жандандыра түсті.


«Парасат» орталығы өзі өмірге келген алғашқы кезден бастап ИСО-37001-2016 халықаралық стандарттары бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджментінің жүйесін даярлау және енгізу жұмысына құлшына кіріскен еді. Орталықтың бастамасымен университетте «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» саясаты әзірленіп, бекітілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл стандарттары, мүдделер қақтығысы және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саясатын сақтау туралы декларация және басқа да құжаттар қабылданды.


«Евросерт» халықаралық компаниясы (Белград) атқарылған жұмыстың қорытындысын қарай келе сертификациялық аудит жүргізіп, оның нәтижесі бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесі МС ИСО 37001-2016 стандартының талаптарына сәйкестігі туралы сертификат берді.


«Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орны - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде басталған бұл игілікті іс аяқсыз қалмай, бүкіл республика жоғары оқу орындарына таратылуы тиіс», - деген еді «Евросерт» халықаралық компаниясының сарапшы аудиторы Владимир Иванович Соловьев университет ректоры Т.Балықбаевқа Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджменті жүйесінің МС ИСО 37001-2016 сертификатын тапсырып тұрып. Осыған орай ЖОО-ларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл менеджментінің жүйесін енгізу жөнінде университет пен Алматыдағы «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесі қаладағы жоғары оқу орындары ректорларымен семинар өткізді.


Семинарды ашқан университет ректоры Т.Балықбаев оқу орнында сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан іс-қимылдар және халықаралық стандарттан өту тәжірибесі туралы баяндап берді.


Университет «Парасат» орталығының директоры Қамбар Усипов өзі басқаратын құрылымдық бөлімнің жұмыс тәжірибесін ортаға салды. Алматы қаласындағы «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің директоры Қайыржан Тоқышев Абай университетінде атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, бұл тәжірибені еліміздегі әрбір жоғары оқу орны үйренуге тиіс екенін айтты. ИСО-ны енгізу жөніндегі консальтингтік компанияның директоры Анатолий Владимирович Бандуро халықаралық стандартқа ену үшін қандай құжаттар дайындау қажеттігін түсіндірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі сарапшы С.Нұрғисаев семинарға қатысушыларға көптеген құнды кеңестер берді.

 

   

 

   

 

   

 

   

 

   

 

Қоғаммен байланыс жөніндегі бөлім