қазақша · русский · english
   
  Негізгі бет / БАҚ біз туралы
24.09.2020

«Мен таңдаған университет және армандаған мамандық»: Студенттер пікір білдірді

 


 

Бір ғасырға жуық тарихы бар Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне биыл 5,4 мыңнан астам студент қабылданды. Соның 3 мыңға жуығы мемлекеттік грант бойынша оқуға түсті. Жылда білім алушылардың саны ғана емес, сапалық құрамы да артып келеді. Өйткені, Қазақстандағы тұңғыш университеттің студенті атану - үлкен абырой мен зор жауапкершілік. Студенттер неге Абай атындағы ҚазҰПУ-ды таңдағандарын айтты.

 

 

Мен, Оспан Айдана Жаныбекқызы, Қызылорда қаласындағы Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің «Алтын белгі» иегерімін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Математика, физика және информатика институтының 1-курс студентімін. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған едім, көзді ашып-жұмғанша үлкен өмірге аяқ бастым. Мектепте оқып жүргенімде көп университеттер туралы ақпарат жинап, соңында Абай атындағы ҚазҰПУ-ға тоқтам жасадым. Осы университеттің студенті атану - менің көп жылғы арманым болатын. Алдыма мақсат қойдым. Құдайға шүкір, қазір арманым орындалды. Абай атындағы ҚазҰПУ университетінің басты ерекшелігі - бір ғасырға жуық тарихы бар, Қазақстан Республикасындағы педагогикалық бағытта дайындайтын №1 білім ордасы. Қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, аудармашы, саяси қайраткер, әр түрлі салада еңбек жазған Абай атамыздың атындағы университетті таңдағаныма және ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында студент атану - мен үшін үлкен қуаныш және бақыт.

 

Менің болашақ мамандығым - математика-физика пәнінің мұғалімі. Болашаққа қойған мақсатым - білімді, білікті, қазіргі уақыт талабына сәйкес болатындай, жан-жақты, мәдениетті, ізденімпаз, оқушы көңілінен шығып, солармен тіл табыса білетін, оларға кез келген қиын жағдайда көмектесе алатын, оларды бауырмалдыққа, отаншылдыққа тәрбиелеуге, Қазақстан Республикасының адал, елін, жерін сүйген азаматтарды қалыптастыруға өз үлесімді қосу.

 

Ұстаз - ең бір ерекше қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықты бала күнімнен армандадым. Педагогика саласының жақсы маманы болып қалыптасуыма осы университеттің тигізер әсері мол деп ойлаймын. Осы жолда кездескен қиындықтардан сүрінбей өтіп, аянбай еңбек етіп, тер төгуім керек. Сонда ғана менің мақсатым іске асады. Қорытындылай келе, мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, математика, физика және информатика факультетінің студенті болғаныма еш өкінбеймін, керісінше шын жүрегіммен мақтан тұтамын!

 

Айдана Оспан

 

 

Мен, Абдисалимова Әсел, Абай атындағы қазақ ұлттық университеті, филология факультетінің 1-курс студентімін. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау мамандығында оқимын. Абай университетін таңдау себебім Абай Құнанбаев атамызға деген шексіз махаббатым. Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі атанып, болашақ ұрпаққа жақсы тәрбие беретін, заманауи, білікті ұстаз болсам деймін. «Ұлттың негізі - тіл» демекші, қазақ тілін, әдебиетін білу - әр қазақтың парызы.

 

Әсел Абдисалимова, ФКБИ, 1-курс

 


 

 

Жоғарғы оқу орнын таңдау - әрбір адам үшін мәнді және күрделі шешім. Өйткені, жарнамасы жер жарғанмен, білім сапасы төмен оқу орындары көптеп кездеседі. Мен көптеген университеттерді қарастырып, нәтижесінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін таңдадым.

 

Сырттай талдау жасағанда бұл университеттің артықшылықтары көп. Университетте аса бағаланған нәрселердің бірі қонақжайлылығы, кез келген мәселе бойынша көмектесуге дайындығы, ең бастысы - білім сапасы.

 

Мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне дұрыс таңдау жасадым деп сенімді түрде айта аламын.

Жансая Қасымбек

 

 

Қазақстан бүгінгі таңда сапалы білімімен көзге түскен елдердің бірі болып табылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев білімге көп көңіл бөлуде. Біз оны салынып жатқан әлемдік стандартқа сай түрлі мектептер мен жоғарғы оқу орындарынан байқаймыз. Сондай университеттердің бірі - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті.

 

ҚазҰПУ әлемнің ең үздік университеттерінің қатарында. Ғылыми зерттеулер мен әдістемелерді жүргізуде жоғары деңгейдегі технологияларды пайдаланатын, оны қоғамда және экономикада ұтымды жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы заманауи ЖОО болып табылады.

 

Жоғары оқу орнын таңдаудан қателеспегеніме сенімдімін, сол секілді таңдаған мамандығым да өзіме ұнайды.

 

Жалпы мамандығыма келетін болсақ, мен Орнықбаева Нұргүл ҚазҰПУ-де 1-курс студентімін, биология мұғалімдерін даярлау мамандығында оқимын. Алға қойған мақсатым - болашақта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, үлгілі ұстаз болу. Ал, сол арманды жүзеге асыруға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті көмектесті десем де болады.

 

ҚазҰПУ - талантты, дарынды студенттердің басын біріктіріп отырған мекен. Сыйластық пен шынайы достықтың мекені.

 

ҚазҰПУ - адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етіп, тұлғаның жан-жақты қабілетін ашып көрсетуіне мүмкіндік беретін мекен. Сол себепті де, мен өзімнің ҚазҰПУ-да жүргендігімді мақтан тұтып айта аламын.

Нұргүл Орнықбаева, ЖГИ, 1-курс

 

 

«Сенде бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та бар қалан» деп қазақтың ұлы перзенті, ғұлама Абай атамыз айтқандай, әр адам осы өмірде өзінің орнын таба білу керек.

 

Еліміздегі көшбасшы университеттердің бірі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түскенімді мақтанышпен айта аламын. Себебі, Абай университеті жоғары санатты оқу орны. Мұнда керемет ұзтаздар мен атағы төрткүл дүниеге танымал профессор оқытушылар дәріс береді, жастардың білім алып, білімін жетілдіру жолында барлық жағдай жасалған. Бұл мекен жастардың арманы жүзеге асатын ғажайып орта. Сол себепті де мен өзімнің Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне сеніммен нық қадам жасағанымды өмірімдегі үлкен сәттілік деп санаймын!

 

Умида Жақсылық, ФКБИ, 1-курс

 

 

Біз, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 1-курс студенттеріміз.

 

Біз толарсақтан саз кешсе де елін алға тоқтамай тартып шығаратын, ұлтын сүйген ұландарды тәрбиелеп, қашан да жүгі ауыр болып саналған мұғалім мамандығын абыроймен атқарып шығу үшін сапалы білім алып, халқымыздың жарқын келешегіне септігімізді тигізу мақсатында тамырын тереңге жайған білім ордасы - Абай университетін таңдадық. Ұстаз - ұлы есім. Осы жолды таңдағаннан кейін, әрқайсысымыз мойнымызға жүктелетін үлкен жауапкершілікті сезінеміз.

 

Біз Қазақ елі үшін педагогтардың қаншалықты маңызды рөл атқаратынын түсіне отырып, ұлы Абайдың атындағы университетке ертеңге деген зор сеніммен нық қадам жасадық.

 

Біздің таңдауымыз - Абай университеті.

 

Қанапия Алтынай Серікжанқызы

 

 

24.09.2020 ж.

Ақпарат көзі: qazaq1913.com