қазақша · русский · english
 
Біз туралы
 
   Главная / Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы

Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы

 

Дәулетбекова Жанат Тұрарбекқызы - С.М.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ Ұлттық университетінің түлегі. Педагогикалық-ғылыми өтілі - 38 жыл. Еңбек жолын мектеп мұғалімі болып бастаған. 1987 жылдан бастап қазақ тілін оқыту әдістемесі мәселесін зерттеумен айналысады. Ол еліміз тәуелсіздік алған жылдарда отандық білім жүйесін реформалау кезеңінде Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясында еңбек етті. Қазақ тілін оқыту әдістемесі бойынша 5 монография, 5 жалпыға міндетті мемлекеттік білім беру стандарты, 10 типтік оқу бағдарламасы, 27 оқулық, 70-тен аса оқу және оқу-әдістемелік құралдар мен 200-ге жуық ғылыми, ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрді.
Ж.Т.Дәулетбекованың негізгі ғылыми-зерттеу жұмыстары төмендегідей бағыттарды қамтиды:
1. Қазақ тілін оқыту үдерісінде білім алушылардың оқу мотивтерін қалыптастыру. Қазақ тілі сабақтарында оқушылардың оқу-танымдық мотивтерін қалыптастыру әдістесі бойынша кандидаттық диссертация (1999 ж.) қорғады.
2. Білім беру жүйесінде сөз мәдениеті мен шешендікті оқыту. Ж.Дәулетбекованың жеке авторлығымен «Жалпы білім беретін мектептің 10-11-сыныптарында «Сөз мәдениетін оқытудың тұжырымдамасы (концепциясы)», қосалқы авторлықпен 10-11-сыныптардағы «Қазақ тілі» пәнінде «Сөз мәдениеті мен шешендікті» оқытудың мемлекеттік білім стандарты, оқу бағдарламалары әзірленді. Аталған құжаттардың негізінде 10-11-сыныпқа арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер жасалып, мектепке ендірілді. Жалпы білім беретін мектептің қоғамдық-гуманитарлық бағытындағы 11-сыныпқа арналған «Қазақ тілі. Сөз мәдениеті және шешендік» оқулығы; 11-сыныптың мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» 2002 жылдан бастап республика мектептерінде оқылып келеді. 2010 жылы «Сөз мәдениеті - тілдік білім нәтижесі», 2011 жылы «Сөз мәдениеті мен шешендікті оқыту: теориясы мен әдістемесі» атты монографиясы жарияланды.
3. Қазақ тілінде оқытпайтын мектептерге арналған «Қазақ тілін» деңгейлеп оқыту. «Қазақ тілін» деңгейлік оқытудың Тұжырымдамасын, білім стандарттарын, оқу бағдарламаларын түзуге, соның негізінде орыс тілді мектептердің 1-11-сыныптарына арналған «Қазақ тілінің» 67 аталымнан тұратын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін жасаған авторлар тобының мүшесі.
4. Техникалық жоғары оқу орындарында «Қазақ тілін» коммуникативтік бағытта оқыту. Қазақстан-Британ техникалық университетінде сабақ бере жүріп, сол салада қазақ тілін деңгейлеп оқыту, мемлекеттік тілде іс жүргізу, іскерлік қазақ тілін үйрету мәселелеріне қатысты зерттеулер жүргізіп, ғылыми, оқу-әдістемелік еңбектер жазды. «Тілді оқыту: интеллектуалдық әлеует пен интеграциялық білімнің сабақтастығы» атты монографиясы (2013), 2 оқу құралы жарық көрді.
5. Кәсіби-интеллектуалдық әлеуеті жоғары филолог мамандарды даярлаудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Болашақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігі мен интеллектуалдық әлеуетін жаңа заманға сай жетілдіру бағытында зерттеулер жүргізіп келеді. Ғалым педагогикалық жоғары оқу орнында «Қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Кәсіби қазақ тілі», пәндерінің типтік оқу бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Университетте «Сөз мәдениетінің негіздері», «Тілдік тұлға теориясы», «Білім берудегі жаңа парадигмалар», «Тілді оқытудың мотивациялық негіздері», «Қазақ тілінің стилистикасы» және т.б. пәндерден дәріс оқиды.
6. 2 ғылым кандидаты, 2 PhD - философия докторы, 5 педагогика магистрі дайындалды.
2013 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ жанынан ашылған гуманитарлық сала бойынша PhD - философия докторы ғылыми дәрежесін қорғататын Диссертациялық кеңестердің мүшесі, ҚР БҒМ Ғылым комитетінің сараптау комиссияларының, Білім берудің сапасын қамтамасыз етудің тәуелсіз қазақстандық агенттігі эксперттік тобының мүшесі.
Марапаттары: ҚР БҒМ мақтау грамотасы (1993); «ҚР білім беру ісінің үздігі» (1996); «Жоо-ның үздік оқытушысы» (2011).


← Кері оралу