қазақша · русский · english
 
 
 

 

90-жылдық тарихы бар еліміздегі алғашқы жоғары білім ордасы болып табылатын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің бүгінгі таңдағы еңсесі биік. Осы білім шаңырағының қазақ халқының тарихындағы алатын орны да ерекше. Университет алғаш құрылған кезден бастап күні бүгінге дейін басынан сан алуан тарихты өткізе отырып, қоғам өмірінің барлық салалары үшін білікті мамандар даярлауда еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің көшін бастап келеді.
Қазақ мемлекеттік университеті Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылғы қазанда ашылды. Алғашқы кезде педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттер құру жоспарланды. Алайда кең байтақ қазақ сахарасындағы сауатсыздықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап еткендіктен, алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашуды өмірдің өзі ұсынды. Тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды. Тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Ол бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады.


Алғашқы кезден бастап оқу орнында сапалы мамандар даярлау үшін оқытушы - профессорлар құрамын білікті педагог-ғалымдармен жасақтау мәселесі күн тәртібіне қойылды. Қазақ халқының аяулы перзенттері, ұлтымыздың мақтаныштары Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Халел Досмұхамедов, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов институт қабырғасында дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене атсалысты. Белгілі тіл мамандары Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, М.Жолдыбаев, математик Ә.Ермеков және басқа да ұлттық ғалымдарымыз оқытушы-профессорлар құрамының алдыңғы сапында болды.


Институт басшылығы осындай күрделі кезеңде Мәскеу мен Ленинград университеттерінің көмегіне сүйенді. Олар Қазақ педагогика институтына кітап қорымен, оқу және әдістемелік құралдарымен, зертханалық жабдықтарымен көмектесіп отырды. Мәскеуден Қазақ педагогика институтында жұмыс істеу үшін әдебиетші-ғалым Н.Н.Фатов, математик Б.Л.Кругляк, физика маманы В.Ф.Литвинов, биология ғылымдарының докторы С.В.Логинов, эмбриолог А.А.Захваткин тәрізді көптеген белгілі ғалымдар келді.


Алғашқы жоғары оқу орнын ашуға, оны қалыптастыруға зор еңбек сіңірген алғашқы ректор Санжар Асфендияров есімін ерекше ілтипатпен атаған жөн. Оның қастерлі есімі оқу орнының тарихында алтын әріптермен жазылды. Араб, парсы, ағылшын, француз тілдерін жетік меңгерген, қала берді оқу-ағарту ісінің қайраткері, дарынды ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері С.Асфендияров университеттің ұйымдастырушылық жұмысын жан аямай атқарды, алғашқы студенттерді қабылдады. Оқу орнының оқу-материалдық базасын қалыптастыруға, оны оқулықпен, оқытушылармен қамтамасыз етуге өлшеусіз үлес қосты.


Ол кейін, 1930 жылы, Алматы медицина институтын ашуға да белсене атсалысып, оның да алғашқы ректоры, кейін республика Денсаулық сақтау Халық комиссары және Халық ағарту комиссары болды.


Осы ретте қазақтың көрнекті ақын-жазушылары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, білікті мұғалім кадрлары мен ғалымдарының үлкен шоғыры осы ҚазПИ-ден шыққанын ерекше атап өткен жөн. Мұхтар Әуезов, Қажым Жұмалиев, Құдайберген Жұбанов және т.б. ғалымдар ҚазПИ-да ұстаздық етті. ҚазПИ профессорлары Қазақстандағы басқа да жоғары оқу орындарына арнап мамандар даярлау ісіне белсене атсалысты.


Алғашқы жылдардан бастап институт бастауыш және орта мектептердің білікті мамандарын даярлап шығара бастады. Уақыт өткен сайын мамандар даярлау сапасы анағұрлым жақсарды, студент-шәкірттерді оқытып-тәрбиелеудің салиқалы дәстүрлері қалыптасты. Оқу орны ғылыми ойдың орталығына айналды. Тіл мен әдебиет, тарихқа қоса жаратылыстану ғылымдарының сан саласы бойынша да алғашқы зерттеулер жүргізілді. Сонымен, отызыншы жылдардың аяқ кезінде тәжірбие жинақтауы, материалдық-техникалық базасының нығайтылуы, білікті ғылыми-педагогикалық кадрлар қатарының көбеюі жағынан ҚазПИ-дің оқу-ғылыми орталығы ретіндегі рөлі өлшеусіз өсті.


1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында майдан далаларында көрсеткен ерен ерліктері үшін ҚазПИ-дің көптеген оқытушылары мен студенттері жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Мәскеуді неміс-фашист басқыншыларынан қорағудағы ерен ерлігі үшін атқыштар батальонының саяси жетекшісі Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Өзі батыр, өзі әдебиетші-ғылым Мәлік Ғабдуллин кейінірек ҚазПИ-ді ұзақ жыл басқарып, оның дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер. Сондай-ақ ҚазПИ-дің белгілі оқытушылары мен студенттері Лесбек Жолдасов, Қанаш Қамзин, Құдайберген Сұрағанов, Рахымжан Тоқатаев, Ахмедияр Құсайынов, Сәду Шәкіров, Евгений Бреусов майдандағы жанқиярлық ерліктері үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, омырауларына Алтын жұлдыз қадады.


Соғыстан кейінгі жылдары мектептерде маман мұғалім кадрларына деген қажеттілік күрт өсті, сондықтан студенттер қабылдау, әсіресе сырттай оқуға қабылдау саны еселей артты. Егер 1946 жылы күндізгі бөлімнің бірінші курсына 362 студент қабылданса, сол жылы институтты сырттай 60 адам ғана бітірді. Ал 1956 жылы күндізгі бөлімге 567 студент оқуға түссе, сырттай оқуды 594 адам тәмамдады.


Абай атындағы ҚазПИ 1978 жылғы өзінің 50 жылдық мерейтойын лайықты табыстармен қарсы алды. Осы жылы 12 қазанда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының Жарлығы бойынша педагогикалық мамандарды даярлау мен тәрбиелеудегі қол жеткізген табыстар мен жетістіктері үшін институт «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.


Көрнекті әдебиет, мәдениет және ғылым қайраткерлері: С.Аманжолов, Х.Бекхожин, Қ.Жұмалиев, О.Жәутіков, М.Қаратаев, А.Ысқақов, С.Қирабаев, А.Нүсіпбеков, Ж.Саин, Ш.Сәтпаева, Р.Сыздықова, Ә.Тәжібаев, С.Қасқабасов осы оқу орнының мақтан тұтар түлектері. Олар ҚазПИ-де мамандар даярлау ісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз бүгін қазақ білім ордаларының қара шаңырағында білім алған түлектердің ішінен еліміздің ғылым, білім, мәдениет салаларын дамытуға өлшеусіз үлес қосқан белгілі ғылым және қоғам қайраткерлері М.Әбдіхалықова, Т.Тәжібаев, А.Закрин, К.Айманов, А.Сембаев, Н.Жанділдин, Б.Бөлтірікова, Ә.Шәріпов, Е.Мәмбетқазиев, Ө.Жәнібеков, М.Ахметова, А.Тұмарбекова сияқты аға ұрпақ өкілдерінің есімін құрметпен атаймыз. Қасиетті қара шаңырақтың сан қилы тарихында университеттің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан, көргені мен түйгені мол тәжірибелі басшылар мен қоғам қайраткерлерінің алатын орны ерекше.


2003 жылы 26 қыркүйекте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың № 1201 Жарлығымен қазақ жоғары білімінің қара шаңырағы «Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» болып қайта құрылып, «ұлттық» мәртебені иеленді. 2007 жылы 24 қыркүйекте Абай атындағы ҚазҰПУ жоғары білім көшбасшыларының Оксфордтағы саммитінде (Ұлыбритания) «ХХІ ғасыр көшбасшылары» бағдарламасы аясында «Біріккен Еуропа» және «Еуропалық сапа» тәрізді халықаралық марапаттарға ие болды. Ал, 2007 жылы университетке «Сапа саласындағы жетістігі үшін» Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы тапсырылды.


Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті - «Білім», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техникалық ғылымдар және технологиялар», «Әлеуметтік ғылымдар және бизнес», «Өнер», «Құқықтану» мамандықтары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы ірі ғылыми және білім беру орталығы.


Универститеттің білім беру қызметін мамандандырылған 7 оқу Институттары іске асырды, дайындау бағыттары бойынша 30 кафедра, сонымен бірге 3 жалпы университтеттік кафедралар (Әскери кафедра, ЮНЕСКО педагогика кафедрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы) бар.


2017 жылы ғылыми-зерттеу институттары мен ғылыми орталықтар Ғылыми инновациялық паркі (ҒИП) болып қайта құрылды. Оның құрамына «Хәкім Абай» ғылыми-зерттеу орталығы, «Авторлық ауызша әдебиет» ғылыми орталығы, М.Ғабдуллин атындағы «Тұлғатану» орталығы, «Фунционалдық технология және қолданбалы зерттеулер» орталығы, «Интеллектуалды ұлт» ғылыми орталығы, «ҚР жоғары оқу орындарында инклюзивті білім берудің ресурстық кеңес беру және тұлға психологиясы» ғылыми орталығы, «Педагогикалық білім беруді дамыту» орталығы кіреді.


Университетте 8 диссертациялық кеңес, Жас ғалымдар кеңесі, Ғылыми кітапхана және «Ұлағат» баспасы бар.


Кейінгі кезде біліктілікті арттыру және қашықтықтан оқыту орталығы, «Шапағат» студенттерге цифрлық қызмет көрсету орталығы, Білімді ақпараттандыру мәселелері және білім технологиялары халықаралық ғылыми зертханасы құрылды.


Абай атындағы ҚазҰПУ әлемдегі үздік университеттер қатарында жыл сайын өз позициясын жақсартып келеді. QS World University Rankings әлемдік рейтингінде 2018 жылдың қорытындысы бойынша университет 481 орынды иеленді (2017 - 491 орын).


Оқу орнымыз «QS World University Ranking» рейтингісі: 2018 жылы Emerging Europe& Central Asia Еуропа мен Орталық Азияның дамып келе жатқан 30 еліндегі 200 үздік университеттер арасында 86 орында тұрса (2017 - 91 орын) республиканың педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Білім саласындағы Сапаны қамтамасыз ету жөніндегі Қазақстан тәуелсіз агенттігінің Бас рейтингінде педагогикалық мамандықтарға арналған 32 білім беру бағдарламасы үздік үштікке енді. Университеттің 51 оқу бағдарламасы халықаралық және ұлттық аккредитациядан өтті.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ерекше мәртебесі бар еліміздің жетекші педагогикалық жоғары оқу орны ретінде елімізде педагогикалық кадрларды дайындауды оқу-әдістемелік және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету орталығы болып табылады. Шетелдік әріптестермен бірге дайындалған педагогикалық мамандықтар бойынша жаңа үлгідегі оқу бағдарламаларын енгізу жұмыстары кең жолға қойылған. Көптілді білім беруге бағытталған Кембридж, Сассекс университеттері ғалымдарымен және еліміздің педагогикалық ЖОО-мен, мектеп ұстаздарымен бірге Физика, Информатика, Химия, Биология мамандықтарын ағылшын тілінде оқытуға арналған оқу бағдарламалары әзірленді.


Оқу орны қызметінде халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Бүгінгі таңда Абай атындағы университет 11 халықаралық ұйымдарға, ассоциацияларға мүше. Әлемнің 23 мемлекетіндегі шетелдік университеттермен бірлескен жұмыстар бойынша 130 келісімшарт, меморандум жасалды.


2014 жылғы қыркүйекте Францияның 800 жылдан астам тарихы бар Сорбонна-Париж сити университетінің филиалы «Сорбонна-Қазақстан» институты ашылғаны университет өміріндегі елеулі оқиға болды.


Университетте жалпы саны 790 профессор-оқытушы дәріс оқиды. Ғылыми дәрежесі мен атағы барлар - 528 адам, оның 134 ғылым докторы, профессор, 349 ғылым кандидаты, доцент және 45 Ph.D. докторы еңбек етеді. Сондай-ақ, бізде 14 ҚР ҰҒА академиктері мен корреспондент-мүшелері, 45 басқа да қоғамдық академиялардың академиктері қызмет істейді.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті өз болашағын зерттеу университеті ретінде дамыту бағдарын қолға алуда. Университетте ғылыми зерттеулердің басым бағыттары анықталған. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық еңбегінен туындайтын міндеттер, үштілді білім беру, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселелеріне байланысты Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің міндеттері, «Цифрлық Қазақстан» және ақпараттық-компьютерлік 3D-технологиялар негізінде жаңа білім ресурстары бойынша зерттеулер жүргізілуде.


Қасиетті қара шаңырақтың сан қилы тарихында университеттің қалыптасып, дамуына зор үлес қосқан, көргені мен түйгені мол тәжірибелі басшылар мен қоғам қайраткерлерінің алатын орны ерекше. Оқу орнында университеттің қалыптасуына өлшеусіз еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы, Санжар Асфендияров, Ораз Жандосов, Сәкен Сейфуллин, Бәймен Алманов, Халел Досмұхамедов, Құдайберген Жұбанов, Ілияс Қабылов, Әлімхан Ермеков сынды арыстарымызға арнап ескерткіш тақта қойылған. Мұның бәрі келешек ұрпақтың кемел ұстыз болып қалыптасуына жарқын жол ашатын өнегелі тәрбие құралдары.

 

 

9898
 
 
 
 
 
Besucherzahler